Қырғыз Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусты хиджамамен емдеуге қарсы шықты

0
879

Елде әншілер хиджаманы дәріптеп, халық жаппай басынан қан алдыра бастаған


Қырғыз Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусты хиджамамен емдеуге қарсы шықты

ERNUR.KZ. Қырғыздар COVID-19 вирусын хиджамамен емдей бастады. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, елдің Денсаулық сақтау министрлігі бұған үзілді-кесілді қарсы, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Қырғыз билігі хиджама коронавирусты да, басқа ауруларды да емдемейтінін мәлімдеді. Қырғыз Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор, хирург-дәрігер Мамбетакун Намазбеков халықтың соңғы кезде жаппай бастан қан алдыруға көшкенін айтып, дабыл қақты. Ғалымның сөзінше, хиджама тек жоғары қан қысымы болған жағдайда ғана қолданылады. Ал аурудың басқа түрлері үшін мұсылмандар жиі жасататын бұл әдіспен емделуге болмайды.

«Соңғы кездері қан алу барлық ауруларды емдеу үшін бақылаусыз қолданылып, аурудың түрлері анықталмаса да адамдар хиджамаға жүгіретін болған. Бұл дәлелді болған жағдайда ғана әрі дәрігерлердің бақылауымен жасалуы керек. Мысалы, хиджама бүйрек артерияларының бітелуіне және қысымның жоғарылауына көмектеспейді, өйткені бұл жерде гормоналды бұзылыс бар», - деді Мамбетакун Намазбеков.

Хирургтың айтуынша, өзін-өзі емші деп жариялағандардың осы әдіс арқылы коронавирусты және басқа да ауруларды емдейміз деуі – қате.

«Бұл медициналық әдіс емес. Қазір хиджаманы медицина туралы түсініктері жоқ діни қайраткерлер, дінтанушылар және басқа да емшілер жасайды. Медицинада жұмыс жасайтын мамандардың ішінде мен бұл әдісті қолдану арқылы науқасты емдеген адамды көрген емеспін», - деді хируруг-дәрігер М. Намазбеков.

Қырғызстандық журналист Тынчтық Алтымышев пен әнші Құрал Чокоев COVID-19-ға қарсы хиджама әдісін қолдануға болатындығы туралы әлеуметтік желілерде видео таратқан. Бұдан соң халық жаппай қауіпті індеттен жазылудың бір жолы – қан алдыру деп сенген көрінеді. Кейбір желі қолданушылары ғаламтор арқылы бастан қан алдыруға келісіп, кезекке де тұра бастаған. Дәрігерлер мен сарапшылар хиджама жасатудың соңы денсаулықты қайтып қалпына келтіре алмайтындай адамға орасан зиян тигізуі мүмкін екенін ескертті.