Қытай билігі бала туу көрсеткішін арттыруды көздеп отыр

0
1 224

Бұған халықтың қартаюы сынды демографиялық мәселе түрткі болды.


Қытай билігі бала туу көрсеткішін арттыруды көздеп отыр

ERNUR.KZ. Алдағы 5 жылда Қытай билігі елдегі бала туу санын арттыруды көздейді, деп жазады 24.kz.

Бұған халықтың қартаюы сынды демографиялық мәселе түрткі болды. Бүгінгі таңда көрші елде 250 млн-нан астам адам 60 жастан асқан екен. «Бір жанұя – бір бала» заңының күші жойылғанына 4 жыл болса да, бала туу көрсеткіші өте төмен деңгейде. Бұған не себеп?

Қытайда 1949 бен 1976 жылдар аралығындағы халық саны 540 млн-нан 940 млн-ға дейін өскеннен кейін жергілікті билік бала туу санын шектеген болатын. Болжам бойынша «Бір жанұя – бір бала» саясаты арқасында шамамен 400 млн бала дүниеге келмеген. Алайда халық саны азайып қоймай, елде жұмыс істеуге қабілетті адамдардың саны да қысқарды. Ал 2016 жылы бұл заңның күші жойылып халық екі бала тууға құқылы болды. Ма Ли – екі қыздың анасы. Екеуін де «Бір жанұя – бір бала» саясаты өз күшінде болған кезде босанды. Салдарынан екіншісіне айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Бұл шешіміне қазір ол еш өкінбейді. Дегенмен бала тәрбиесі отбасылық бюджетке оңай соқпайтынын айтып отыр. Мәселен, бір баланы жан-жақты дамыту үшін қосымша сабақтарға айына шамамен 10 мың юань немесе 600 мың тенге жұмсалады.

Ма Ли, екі баланың анасы:

- Мәселе бала тууда емес, оларды тәрбиесіне кететін қажеттілікпен қамтамасыз ету. Әр ата-ана өз баласына ең жақсысын қалайды ғой. Бұл балалар арасында да, ересектер арасында да бәсекелестікке әкеледі. Сондықтан болар көбі бала туудан бас тартуы мүмкін.

Жүргізілген сауалнамаға сәйкес бала туу көрсеткіші баспана мәселесімен де тығыз байланысты. Қытайда соңғы жылдары жылжымайтын мүліктің бағасы 60 процентке қымбаттады.

Мысалы, Бейжіңде 3 бөлмелі пәтер шамамен 1 млн Ақш доллары тұрады. Бірақ бала тууға кедергі қаражат қана емес сынды.

Ван Цзюй, бір баланың анасы:

- Тағы бір бала туу үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Мен көп уақытымды балаға арнауым керек. Мені мазалайтыны осы. Өйткені бос уақытымды өзіме ғана жұмсағым келеді.

Сарапшылардың болжамынша, 15 жылдан кейін Қытайда 60 жастан асқандардың саны 400 млн-ға дейін жетеді. Ал ғасырдың ортасында жұмысқа қабілетті халықтың қатары 200 млн-ға қысқармақ.

Жағдайды өзгерту үшін билік тұрғындарды саяси және қаржылай тұрғысында ынталандыру керек дейді мамандар.