Македонияда «Алтын Адам» қойылған көрме ашылды

0
1 593

Көрме «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында ұйымдастырылды.


Македонияда «Алтын Адам» қойылған көрме ашылды
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Солтүстік Македония Республикасының Ұлттық археологиялық музейінде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесін ашты. Көрме «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Елорда Инфо.


Көрменің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру. Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылды.

1960 жылдардың соңы мен 1970 жылдардың басында Алматының маңайында танымал археолог Кемал Ақышев зерттеп жүрген Есік қорғанынан, кейін Қазақстанның символына айналған, сақ патшасы – «Алтын адамның» сүйегі табылған археологиялық сенсация орын алды. Баға жетпес олжаға «Қазақ Тутанхамоны» деген ат беріліп, «ғасыр жаңалығы» деп танылды. Ежелгі дала билеушісінің тәжіндегі қанатты алтын пырақ әшекейлері Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бөлшегіне айналды, ал Алтын адамның мүсіні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңына орнатылды.

Жарты ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасын жариялады. Ауқымды шара шеңберінде Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша және Оңтүстік Корея, Өзбекстан музейлерінде көрмелер үлкен жетістікпен өткен болатын.

Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне Солтүстік Македония Республикасының Мәдениет министрі Хысни Исмаил (Hysni Ismaili), ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Алмаз Нұразхан, Солтүстік Македония Республикасының Ұлттық археологиялық музейінің директоры Горан Санев қатысты. Олар бірегей көрме жобасы арқылы Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасымен, ежелгі және ортағасырлық өнер туындыларымен танысуларына мүмкіндік алғандары үшін қазақстандықтарға алғыс білдірді. Сонымен қатар, қос мемлекеттің өкілдері Македония мен Қазақстанның тарихы, өзара ұқсастығы мен ортақ көзқарастары туралы кеңірек айтып, болашақта мәдени байланысты арттыруға сенім білдірді.

Солтүстік Македонияның Ұлттық археологиялық музейіндегі көрмеден киімі алтын жапсырмалы және жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған конус пішінді ерекше бас киімді Алтын адамның реконструкциясын және осы жас ақ сүйек сақ жауынгерімен (археологтардың пікірлері бойынша 17-18 жастар шамасында) бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалауға мүмкіндік бар.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 292 зат ұсынылды. Көрмеге ұсынылған Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық өнерінің жауһарлары – бұл Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін бұрынғының атаусыз шеберлері туындыларының аз ғана бөлігі.