Малайзия 1 қыркүйектен бастап елден ұшып кететіндерге салық салады

0
926

Малайзия Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, 2 жасқа толмаған балалар салықтан босатылады.


Малайзия 1 қыркүйектен бастап елден ұшып кететіндерге салық салады

ERNUR.KZ. Малайзия билігі 1 қыркүйектен бастап елден ұшып кететіндерден алынатын қосымша салық түрін енгізді. Қаржы министрі Лим Гуан Энг қол қойған қаулыда жаңа салықтың сомасы да белгіленді, деп жазады ҚазАқпарат.

Малайзия Бруней, Вьетнам, Индонезия, Камбоджа, Лаос, Мьянма, Сингапур, Таиланд және Филиппинмен бірге Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығына (АСЕАН) мүше. Осы елдердің біріне эконом-класпен ұшатындардан ең аз мөлшерде алым алынады - 8 ринггит ($1,9). Қызмет көрсету деңгейі жоғары кластармен ұшатындар 50 ринггит ($11,9) төлейді.

Ал АСЕАН-ға мүше емес елдерге саяхаттайтындар эконом-класс үшін 20 ринггит ($4,7), бизнес-класс үшін - 150 ринггит ($35) төлейді.

Малайзия Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, 2 жасқа толмаған балалар салықтан босатылады. Бұдан бөлек, транзит арқылы ұшатындардың Малайзияда болу уақыты 12 сағаттан аспаса, оларға да бұл салықтың қатысы жоқ.

Малайзия туризм дамыған елдердің бірі саналады. Былтыр Корольдікке 25,8 млн шетелдік турист саяхат жасаған.