Өзбек ғалымдары қызанақтан коронавирусқа қарсы вакцина жасады - БАҚ

0
775

Қызанақты ас ретінде пайдаланғанда ол асқазанда ыдырап, антидене түзеді.


Өзбек ғалымдары қызанақтан коронавирусқа қарсы вакцина жасады - БАҚ

ERNUR.KZ. Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясының Геномика және биоинформатика орталығының ғалымдары қызанақтан COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина жасады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қызанақты ас ретінде пайдаланғанда ол асқазанда ыдырап, антидене түзеді. Тәжірибе аясында біздер Өзбекстанда табылған коронавирусты алып, оның бір бөлігін клондап, өсімдік жасушасына енгізу арқылы тексеріп көрдік. Нәтижесінде вакцина шынымен өсімдік жасушасынан бөлінуде», - дейді Орталық директоры Забардаст Буриев.

Оның айтуынша, азық-түлікпен вакцина жасау тәжірибесі Ресей мен Канадада сүт пен жүгері сияқты өнімдерде қолданылуда. Олардың клиникалық сынақтары да аяқталуға жақын.

Орталық директорының мәліметіне қарағанда, қызанақта синтезделген коронавирустың S-ақуызы асқазан арқылы ішекке еніп, иммундық жүйені оятады. Осылайша пайда болған антиденелер қоздырғышпен күресе бастайды. Мұндай вакциналар балалар үшін өте қолайлы.

Қазіргі кезде вакцина зертханада пісу процесінде. Содан кейін оны тышқан, қоян және егеуқұйрық сынды жануарларда сынақтан өткізіліп, нәтижелері талданады. Жоспар бойынша сынақтардың биыл аяқталуы көзделген.

Мамандардың айтуынша, қазір коронавирусқа қарсы вакцина Канадада темекі мен жүгеріден, ал Ресейде биокефирден, яғни сүт өнімдерінен алынады. Вакциналық өнім асқазан арқылы ішекке өтеді және ішекте антиденелердің сіңуі нәтижесінде организмде иммундық жүйенің жұмысына байланысты коронавирусқа қарсы иммунитет пайда болады.