Кеншілердің бірі оқиға орнында қаза тапты.
ERNUR.KZ. 21 сәуірде Самарқанд облысындағы Қарақұтан алтын кенінде үш жұмысшыны тас басып қалды, деп жазады centralasian.org.
Алтын кеніне жұмысқа тұрғанына үш ай ғана болған 42 жастағы Ұлықбек Нұрәлиев оқиға орнында қаза тапты. Тас астында қалған екі жұмысшы аман қалды.
Аудандық прокуратура оқиғаны тексеріп жатыр. 21 сәуірде таңертең Қарақұтан кеніндегі бір жұмысшы қайғылы оқиға туралы хабарлады.
"Оқиға Қарақұтандағы № 17 шахтада болды. Үш адам тас астында қалған. Құтқарушылар екеуін шығарып алды. Олар жараланған. Үшінші жұмысшы құтқарып үлгермеді. Ол сол жерде қаза тапқан", - деді кен жұмысшысы.
Марқұмның туыстарының айтуынша, Ұлықбек Нұрәлиевтің қаза туралы хабар таңғы сағат алтыда жеткен. Марқұмды сол күні жерледі. Оның артында үш баласы қалды. Кендегілер қайғылы оқиғаға қауіпсіздік техникасының сақталмауы себеп болды деп отыр.
"Ұлықбек жұмыс істеген 17-ші жер астындағы шахтаны су басқан. Тәртіп бойынша, суды насостармен айдау керек, бірақ олар істен шыққан. Сол себепті кеншілер суда жұмыс істеуге мәжбүр болған. Шахта былтыр ғана ашылған, сол себепті мұндағы жыныс тез опырылып түседі. Кеншілерге мұндай жерде жұмыс істеуге болмайды. Жол ашу үшін комбайн пайдалану керек. Бірақ Қарақұтанда ондай техника жоқ. Оның орнына жұмысшыларды пайдаланады", - деді кеншілердің бірі.
Қарақұтан шахтасының өкілі жұмысшы өліміне қатысты пікір айтудан бас тартты.