Өзбекстанда биыл 50 жыл бұрын болған қатты аяз қайталанды

0
727

Өзбекстан гидрометеорологиялық қызметінің мәліметінше, биыл өзбекстандықтар қаңтарда жергілікті климат үшін аса суық қысты өткерген.


Өзбекстанда биыл 50 жыл бұрын болған қатты аяз қайталанды

ERNUR.KZ. Өзбекстанда осы жылдың қаңтарындағы қатты аяз рекордтық деңгейге жетті, деп жазады ҚазАқпарат.

Өзбекстан гидрометеорологиялық қызметінің мәліметінше, биыл өзбекстандықтар қаңтарда жергілікті климат үшін аса суық қысты өткерген. Екінші мыңжылдықтың басынан бері 2008 жылдың қаңтары ғана қазіргі қаңтардан сәл суық болған.

Ауа температурасы елдің кейбір ауданында өте қатты төмендеген. Әсіресе, Ташкент қаласында 2008 жылдағыдан да, тіпті соңғы жарты ғасырдағы ең төмен деңгейге жеткен.

«Ал, Ташкент, Жизақ облыстары мен республиканың оңтүстігіндегі жекелеген стансаларды бақылау нәтижелері бойынша осы жылдың қаңтар айында метеорологиялық бақылаудың барлық жылында ең төменгі ауа температурасының абсолютті рекорды тіркелді», - деп хабарлайды Өзгидромет.

Синоптиктер қаңтардың соңғы күндерінде аяздың біртіндеп әлсірегенін айтты. Бұл үрдіс ақпан айының басында да жалғасады. Республика аумағына Жерорта теңізі аудандарынан ылғалды және салыстырмалы түрде жылы ауа ығысады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда суыққа байланысты оқушылардың қысқы демалысы ұзартылды.

Ташкент қаласында 13 қаңтар күні -19,8 градус суық тіркелді. Бұл – Өзбекстан астанасындағы кейінгі жарты ғасырдағы ең суық температура.