Өзбекстанда Төле би кесенесі зиярат-туризм тізіміне енді

0
2 806

Өзбек билігі Әйтеке бидің де, Төле бабаның да кесенелерін зиярат-туризмнің тізіміне қосып отыр.


Өзбекстанда Төле би кесенесі зиярат-туризм тізіміне енді

ERNUR.KZ. Өзбек билігі Төле би бабаның рухына тәу етіп келетіндерді Қазақстаннан көптеп тартпақ, деп жазады 24.kz.

Қазақ халқының ырысты ынтымағын, береке-бірлігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан дара шыққан дананың кесенесі көрші елдің зиярат-туризм нысанына енді.

"Ұлы жүздің төбе биі – Төле би Жамбыл облысында туып, қазіргі Түркістан өңірінің Ақбұрхан-Орда деген жерінде қайтыс болған деген дерек бар. Бірақ сүйегі өзі 12 жыл билеген Ташкент қаласында жатыр. Бабамыздың кесенесін Халықаралық ислам академиясының ауласынан таба аласыз" - дейді тілші Жасын Біркенов.

Төле Әлібекұлы ұстазының жанына Шайхантәуір зиратына жерлеуді сұрапты. Төле биге Ташкенттен топырақ бұйырғаны сондықтан екен. Даналығымен дүйім жұртқа мәшһүр болған ұлы шешенді өзбектер Қарлығаш би деп таниды. Жоңғар қонтайшысы Қалдан Серен қазақ жеріне баса көктеп кіре бастаған уақытта бабамыз өз ордасын тастамаған. Себебін былай түсіндіріпті.

Саидакбар Агзамходжаев, Өзбекстан халықаралық ислам академиясының кафедра профессоры:

– Төле биден киіз үйін жинап, неге жолға шықпайды деп сұраған кезде, ол былай деп жауап беріпті: «Шаңырағыма қарлығаш ұя салыпты. Бағзы заманда жер бетін топан су басқан. Сонда кемеге үлкен қауіп төніп тұрған уақытта жақында құрлық бар жайында қуанышты хабарды жеткізген қарлығаш емес пе?! Мен соны біліп тұрып, қалайша оның ұясын бұзамын». Осыдан кейін оны Қарлығаш би деп атап кеткен екен.

Төле би кесенесінің күмбезі пирамида пішіндес. Сондықтан Өзбекстанда өзгелерден ерекшеленіп тұр. Озық ойлы ойшылдың мавзолейі үш мәрте жөндеу көрген.

Соңғы рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы көрші елге жасаған сапары алдында қалпына келтіріліпті. Енді ала тақиялы ағайын Ташкентте жатқан Төле би, Науаида жерленген Әйтеке би рухтарына тағзым етушілерді Қазақстаннан көптеп тартпақ.

Азиз Абдухакимов, Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары:

– Біз бұл бағыт бойынша Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақтуризм компаниясымен тығыз жұмыс істеп жүрміз. Осы орайда бабалардың қорымына зиярат етемін деушілер үшін тур ұйымдастыруға дайын компаниялар бар екенін айтып кету керек. Ол үшін бізде қажетті инфрақұрылым жасалған. Өзбекстан аумағында сапалы қызмет көрсетуге дайынбыз. Сол себепті қазақстандық қонақтарды асыға күтеміз.

Өзбек билігі Әйтеке бидің де, Төле бабаның да кесенелерін зиярат-туризмнің тізіміне қосып отыр.