Өзбекстанда ЖРВИ-ға қарсы препаратты қабылдаған 15 бала қайтыс болды

0
700

Препаратты сату Өзбекстанның барлық аумағында тоқтатылды.


ERNUR.KZ. Өзбекстанның Самарқанд облысында екі айдың ішінде 15 бала "Док-1 Макс" ЖРВИ-ға қарсы үнді препаратын қабылдағаннан кейін қайтыс болды. Бұл туралы Самарқанд облыстық балалар көпсалалы медициналық орталығының директоры М. Азизовтың облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Давронбек Жұманиезовке жолдаған хатында айтылған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Аталған хатта медициналық орталықтың директоры соңғы айларда облыс тұрғындары, әсіресе балалар арасында респираторлық вирустық инфекциялар жиі кездесетінін және дәрігерлер "Doc-1 Max" препаратын тағайындайтынын жазады.

"Препаратты көп жағдайда қолданғаннан кейін бізге жағымсыз әсерлері туралы шағымдар келіп түседі. Балалар негізінен бүйректің зақымдануы мен жеткіліксіздігінің белгілерін көрсетеді", - делінген хатта.

Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, соңғы екі айда 21 науқас асқынуларға шағымданған. Оларда негізінен анурия байқалған, яғни қуыққа несеп ағынының болмауы.

"17 балада ауру өте қиын болды, тіпті бірнеше гемодиализ сеанстарын өткізуге тура келді. 15 адам қайтыс болды", - делінген хатта.

Хаттың түпнұсқа екенін Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі растады.

22 желтоқсанда жағдайды тергеу және пациенттердегі асқынулардың себептерін анықтау үшін мамандардан тұратын жедел топ құрылды. Үндістанның Marion Biotech компаниясы шығарған "Док-1 Макс" лимон және бал хош иісті таблеткалар мен сироптарға сараптама басталды. Препаратты сату Өзбекстанның барлық аумағында тоқтатылды.