Путин Ресейден Грузияға жолаушыларды тасымалдауға тыйым салды

0
966

Бұл жарлық 8 шілдеден бастап күшіне енеді.


Путин Ресейден Грузияға жолаушыларды тасымалдауға тыйым салды

ERNUR.KZ. 21 маусымда президент қол қойған жарлықта Грузиядағы ресейліктердің отанына қауіпсіз оралуы үшін жағдай жасау жайлы да айтылған. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Грузиядағы жағдай қалпына келмейінше жарлық күшінде болатынын жеткізді, деп жазады holanews.kz.

«2019 жылдың 8 шілдесінен бастап ресейлік әуе компанияларының азаматтарды Ресей Федерациясының аумағынан Грузия аумағына тасымалдауына (соның ішінде коммерциялық) уақытша тыйым салынады», - делінген құжатта.

Жарлық мәтінінде туристік агенттіктер мен туроператорларына тыйым күшінде тұрған уақытта азаматтарға туристік өнімдерді сатпауға кеңес берілген.

Путин РФ үкіметіне уақытша Грузияда жүрген ресейлік азаматтардың Отанына қайту шараларын қарастыруды тапсырды.

Құжатта айтылғандай, Жарлыққа «Ресей Федерациясының ұлттық қауіпсіздігін, Ресей Федерациясы азаматтарын қылмыстық және басқа да құқыққа қайшы әрекеттерден қорғау мақсатында» қол қойылған.

"Грузиядағы жағдай қалпына келуі тиіс және азаматтарымыздың өміріне қауіп төнбеуі қажет" деп ресейлік РБК арнасы Песковтің сөзін келтірген.

Ресей туристік операторлар қауымдастығының бағалауынша, Грузияда қазір 5-7 мың ресейлік турист бар. Жеке өз бетімен саяхаттап жүргендердің саны 2-3 мыңнан асады. Ресейлік авиакомпаниялар Грузияға тасымалдайтын авиабилеттер сатуды тоқтатты және 8 шілдеден кейінгі күндерге алынған билеттердің ақшасын қайтаруға дайын екенін мәлімдеді.

Айта кетейік бейсенбі, 20 маусым күні Ресей делегациясы Православие парламентаралық Бас ассамблеясына қатысқан болатын. Делегацияны басқарушы және АСМ басшысы РФ мемлекеттік думасының депутаты Сергей Гавриловтың сессия кезінде Грузия парламенті спикерінің креслосына отырып, жиналғандарға орыс тілінде сөйлегені оппозицияның наразылығын тудырды. Грузияның оппозициялық депутаттары мұны қорлау деп бағалап наразылықтарын білдіріп, Бас ассамблеяның жұмысын тоқтатты. Наразылық білдірушілер Парламент ғимаратына шабуылдады.

Ғимарат алдына жиналған оң мыңға жуық наразы азаматты тарату үшін полиция көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ қолданды. Наразылар парламент спикері мен ішкі істер министрінің отставкаға кетуін талап етті. 21 маусымда парламент спикері Ираклий Кобахидзенің отставкаға кететіні белгілі болды.

Елдің денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қақтығыс кезінде 240 адам зардап шеккен. Елдің ІІМ 305 адамның ұсталғанын хабарлады.

21 маусым кешке Ресейдің ішкі істер министрлігі азаматтарына Грузияға бармауға кеңес берді.