​Путин Ташкентте Мирзияевпен келіссөз жүргізеді

0
1 168

Владимир Путинді әуежайдан Шавкат Мирзияев күтіп алып, аз-кем әңгімелесті.


​Путин Ташкентте Мирзияевпен келіссөз жүргізеді

ERNUR.KZ. Ресей президенті Владимир Путин 19 қазан күні Ташкентте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен келіссөз жүргізеді. Путин Ташкентке 18 қазан күні кешке мемлекеттік сапармен барды. Өзбекстандық БАҚ-тың хабарлауынша, Владимир Путинді әуежайдан Шавкат Мирзияев күтіп алып, аз-кем әңгімелесті.

Өзбекстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, келіссөзде екіжақты қарым-қатынас, стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайту, түрлі салаларда жаңа бірлескен жобалар мен бағдарламаларды іске асыру жайы талқыланады деп жоспарланған. Президенттер бұған қоса халықаралық өзекті мәселелерді, оның ішінде аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Ауғанстандағы бейбіт процестерді ілгерілетуді де талқылайды.

Сапар барысында бірінші рет бірлескен білім беру жөніндегі форум және "Өзбекстан - Ресей" аймақаралық ынтымақтастық форумы өтеді. Президенттер Өзбекстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын бастау шарасына қатысады.

Кездесу қорытындысында бірнеше құжатқа қол қойылады, 2019-2024 жылдар аралығындағы экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы мен бірлескен мәлімдеме қабылданады деп жоспарланған. Путин сапары барысында 20 миллиардтан астам доллардың келісіміне қол қойылады. Бұл қаржының жартысы Өзбекстанның батысындағы АЭС жобасына жұмсалады.

Ресей президентінің сыртқы саясат жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, құны 11 миллиард долларға бағаланған АЭС 2028 жылы салынып бітеді.

Дереккөз: Азаттық радиосы