Шымкент қаласы Еңбекші ауданына қарасты Базарқақпа тұрғын алабында «Бейбітшілік және келісім» жобасы аясында кезекті қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың көкейкесті мәселелерін тыңдап, жауапты сала мамандарымен тікелей байланыс орнату.
Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар өздерін толғандырып жүрген бірқатар маңызды мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, қаңтар айынан бері көшелердегі жарық шамдарының істен шығуы түнгі уақытта тұрғындардың қауіпсіздігіне кері әсер етіп отырғаны айтылды. Сонымен қатар, иесіз қаңғыбас иттердің көбеюі, әсіресе балалардың өміріне қауіп төндіруде.
Тағы бір өзекті мәселе – жедел жәрдем қызметінің кешігіп келуі. Тұрғындардың айтуынша, кейбір жағдайда науқастар жедел көмекті ұзақ уақыт күтуге мәжбүр болады. Бұл жағдай жергілікті халықтың алаңдаушылығын туғызып отыр.
Аталған түйткілдерді Базарқақпа аумағының көше биі Ергеш Иһрамжан тұрғындар атынан жеткізіп, нақты шешімдер қабылдануы қажеттігін атап өтті. Ол осы аумақтың жағдайын жақсы білетін жергілікті өкіл ретінде халықтың аманатын билікке нақты түрде жеткізді.
Өз кезегінде жауапты сала өкілдері тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын және әрқайсысы бойынша кезең-кезеңімен нақты жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.
Жалпы, мұндай қоғамдық қабылдаулар тұрғындардың мемлекеттік құрылымдарға деген сенімін арттырып, билік пен халық арасындағы тиімді кері байланысты қамтамасыз етеді. Тұрғындар да осындай кездесулердің тұрақты түрде өткізіліп отыруы қажеттігін тілге тиек етті.