Ресей ғаламшараралық станциясынан айырылды: «Луна-25» апатқа ұшырады

0
932

«Луна-25» автоматты станциясы жұмсақ қону технологиясын меңгеріп, топырақты алып, талдап, ұзақ ғылыми зерттеу жүргізуі керек болатын.


Ресей ғаламшараралық станциясынан айырылды: «Луна-25» апатқа ұшырады

ERNUR.KZ. 12 тамызда «Восточный» ғарыш айлағынан ұшырылған «Луна-25» ғаламшараралық автоматты станциясы апатқа ұшыраған тәрізді. Бұл туралы Роскосмос баспасөз қызметі мәлімдеді деп жазады ҚазАқпарат.

«Луна-25» автоматты станциясының ұшу бағдарламасына сәйкес, 19 тамызда қону алдындағы эллипстік орбитасын түзу үшін импульс беру жоспарланған болатын. Мәскеу уақытымен 14:57-де автоматты станциямен байланыс үзілді. 19 және 20 тамызда жүзеге асырылған «Луна-25»-ті іздеу және байланыс орнату амалы нәтиже бермеді.

Алдын ала талдау нәтижесі бойынша, испульстің негізгі параметрі есептеген параметрден ауытқып кетуіне байланысты автоматты станция есептелмеген орбитаға өтіп кетіп, Айдың бетімен соқтығысып, жарылған.

«Луна-25»-тің жоғалып кету себебін анықтаумен арнайы құрылған ведомствоаралық комиссия айналысады», - делінген Роскосмос баспасөз хабарламасында.

Мамандар «Луна-25»-тің ұшырылуын Роскосмостың 2023 жылғы ең негізгі ұшуы деп атаған болатын. Жердің табиғи серігінің бетіне қону 21 тамыз, Богуславский кратерінен солтүстікке қарай аймақта болуы керек еді.

«Луна-25» автоматты станциясы жұмсақ қону технологиясын меңгеріп, топырақты алып, талдап, ұзақ ғылыми зерттеу жүргізуі керек болатын.

Атап айтқанда, Айдың оңтүстік полюсі ауданы мен ай экзосферасының бетіндегі реголиттің жоғарғы қабатын зерттеу керек еді. 21 тамызда аппаратты қондыру жоспарланған.