Ресейде әскерге шақыру жасын көтеретін заң жобасы енгізілді

0
860

Бүгінде Ресейде 18 бен 27 жас аралығындағы ер азаматтар әскери қызметке шақырылады.


Ресейде әскерге шақыру жасын көтеретін заң жобасы енгізілді

ERNUR.KZ. Ресейдің Мемлекеттік Думасында әскерге шақыру жасының төменгі шегін 21-ге дейін, ал жоғарғы шегін 30-ға дейін көтеретін заң жобасы енгізілді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

BBC агенттігінің хабарлауынша, төменгі шек кезең-кезеңімен, ал жоғарғы шек 2024 жылдың 1 қаңтардан бастап көтеріледі.

Бүгінде Ресейде 18 бен 27 жас аралығындағы ер азаматтар әскери қызметке шақырылады. Бұл тәртіпті өзгертуді ұсынатын заң жобасы дүйсенбіде Мемлекеттік Думаның деректер базасында жарияланды.

Енгізілген заң жобасына сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жастар 19 жастан, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 20 жастан, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 21 жастан әскерге шақырыла бастайды. 2024 жылдан бастап әскерге шақырудың шекті жасы 30 жасқа дейін көтеріледі.

Сонымен бірге заң жобасында 18 жасқа толған азаматтардың әскери қызметке әскер жасына дейін, яғни 21 жасқа толғанға дейін өтініш беру мүмкіндігі қарастырылған.

Түсіндірме хатта атап өтілгендей, «азаматтардың жалпы орта білімді де, орта кәсіптік немесе жоғары білім де алуына кепілдік беру мақсатында» мерзімді әскери қызметке шақыру жасын 18-ден 21 жасқа дейін көтеру ұсынылып отыр.

Жас шегін 27-ден 30-ға дейін көтеруге келсек, бұл өтем шарасы ретінде қажет – өйткені төменгі шек көтерілгенде, әскерге шақырылатын азаматтардың саны азайып қалады дейді құжат авторлары.

Айта кетерлігі, өткен жылдың желтоқсанында Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Украинаға қарсы соғыс жағдайында әскер жасының шегін ауыстыруды ұсынған болатын. Бұл туралы ол министрлік алқасында президент Владимир Путинге сөйлеген сөзінде айтқан еді. Путин Шойгудың ұсынымына келісім берген.