Алдын ала болжам бойынша, үйінді астында қалған кеншілер тірі.
ERNUR.KZ. Амур облысында гидрометаллургиялық зауыттың шахтасы опырылды. Бұл туралы Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады, деп жазды inform.kz.
«Оқиға орнына Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің 25 құтқарушысы мен төрт техника жұмыс істеп жатыр. Зея муниципалды округінде жерасты кенішінде тау жынысы опырылды. Алдын ала болжам бойынша, үйінді астында 13 адам болуы мүмкін», - делінген хабарламада.
Олар кәсіпорынның вентиляциялық еңіс бойына құтқарушылар тобын жібергенін, кеншілермен байланыс қалпына келтіріліп, көлік жолы тазартылып жатқанын атап өтті.
Интерфакс пен 112 телеграм каналы оқиғаның Зея округіндегі «Пионер» кенішінде болғанын жазады (алтын өндіретін кәсіпорынның иесі — «Петропавл» компаниялар тобы). Алдын ала болжам бойынша, үйінді астында қалған кеншілер тірі.