Қордың активі 120 мың түрік лирасы деп белгіленген.
ERNUR.KZ. Жақында Түркиядағы сайлауда жеңіске жетіп, елдің 13-президенті болып қайтадан бес жылға сайланған Ердоғанның есімі берілген қор ашылды, деп жазады inbusiness.kz.
Анадолу агенттігінің хабарлауынша, аталмыш қордың мақсаты Режеп Тайып Ердоған музейін құру. Онда Түркияда басқарушылық қызмет атқарған жылдарда Ердоғанға тиесілі, әрі қолданған немесе қызмет кезінде оған сеніп тапсырылған заттар қойылады.
Бұдан бөлек қор аясында қоғамның білімін және мәдени деңгейін арттыру, сондай-ақ білім мен зерттеу жұмыстарына үлес қосу мақсатында Режеп Тайып Ердоған кітапханасын ашу жоспарланған.
Ал қордың активі 120 мың түрік лирасын құрайды. Егер қор таратылатын жағдайда қалған мүліктер құрылтайшылар кеңесі орынды деп тапқан қорға немесе мемлекеттік мекемеге беріледі.
Ыстанбұлда құрылған қордың директорлар кеңесінде Ердоғанның ұл-қыздары Нежмеддин Билал Ердоған, Эсра Албайрак және Сүмейе Ердоған Байрактар бар.
Айта кетейік, бүгін Түркияның жоғары сайлау комитеті президент сайлауының екінші кезеңінің нақты қорытындысын жариялады. Агенттіктің хабарлауынша, Ердоған 52,18 пайыз дауысқа ие болды. Ал оппозиция өкілі Кемал Кылычдароғлуны халықтың 47,82 пайызы қолдаған.