Telegram желісіндегі репост үшін алғашқы адам қамалды

0
1 268

– Третьяковтің өзінің айтуынша, ол әлгі посты жарияламаған, - дейді Третьяковтің адвокаты Сергей Мирошниченко. – Оның сөзінше, "Дмитрий" деген есімді оның атынан біреу пайдаланған, ал оның никнеймі де, аватаркасы да басқа болған.


Telegram желісіндегі репост үшін алғашқы адам қамалды

14 наурыз күні Приморск өлкесі Спасск-Дальний қаласында тұратын 31 жастағы заңгер Дмитрий Третьяковтің пәтеріне ФСБ тінту жүргізген. Кейінірек ФСБ қызметкерлері Третьяковті Владивостокқа (екі қаланың арасы 200 километрден асады) апарып, екі күннен кейін Фрунзе аудандық соты Дмитрийді екі айға қамауға алған. Сот қаулысында "оның жанында және пәтерінде қылмыстың іздері сайрап жатыр" деп көрсетілген, - деп жазады Azattyg.org-ке сілтеме жасаған ERNUR.KZ тілшісі.

Тоғыз ай бұрын, яғни 13 маусым күні Третьяков журналист Telegram-каналдағы Аркадий Бабченконың жазбасын Алексей Навальныйдың жақтастары коррупцияға қарсы митинг қорытындыларын талқылап жатқан "Операция "Утка" деп аталатын ашық Telegram-топта қайта жариялаған. Сол кезде чатта 596 адам болған. Бабченко әлгі жазбасында наразылық акцияларының радикалды түрлеріне көшуді ұсынған, мысалы, баррикада, "Молотов коктейльдерін" атаған. Дмитрий Третьяков "Қазір маңызды мәтінмен бөлісемін... Бабченко ол жерде болған жоқ, негізі ол кісінікі дұрыс" деп жазып, Бабченконың пікірін топпен бөліскен.

Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) арнайы техника орталығына қарасты криминалистика институты мамандары әлгі посты экстремизмге шақыру деп санайды. Ресей әділет министрлігінің Приморск сот сараптамасы зертханасы мамандары "Мәтін түріндегі хабарламада <…> зорлық-зомбылыққа, деструктивті, қиратушы әрекеттерге шақыру пиғылын білдіретін белгілер бар" деп ұйғарған. Құқық қорғау органдары Бабченконың өзіне ешқандай кінә артпаған. Интернетте " экстремистік әрекеттерге жария түрде шақырғаны үшін" бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

3 сәуір күні Приморск өлкелік соты Дмитрий Третьяковтың адвокатының клиентін қамауға қатысты шағымын қайтарып тастады. Сот отырысы прокурордың өтінішімен жабық режимде өткен.

– Третьяковтің өзінің айтуынша, ол әлгі посты жарияламаған, - дейді Третьяковтің адвокаты Сергей Мирошниченко. – Оның сөзінше, "Дмитрий" деген есімді оның атынан біреу пайдаланған, ал оның никнеймі де, аватаркасы да басқа болған. Сондықтан ол мына қылмысқа қатысы барын үзілді-кесілді жоққа шығарып, арнайы қазылған ор болуы мүмкін деп санайды.

Третьяков ісі Telegram желісіндегі репост үшін қозғалған қылмыстық іске айналды. Ал мессенджердің өзіне бұғатталу қаупі төніп тұр. Роскомнадзордың (Ресейдің ақпараттық технология және коммуникация саласына бақылау жасау қызметі – ред.) ФСБ-ға мессенджер қолданушыларының хат-хабарын жабық ұстайтын шифр кілтін беру талабын орындау үшін берген мерзімі 4 сәуірде біткен. Telegram өкілдері бұл техникалық тұрғыдан мүмкін емес деп мәлімдеген әрі хат-хабар құпиясы әр адамның конституциялық құқығы екенін ескерткен. Ал ФСБ мессенджер пайдаланушыларының хабарламалары конституциямен қорғалатын ақпаратқа жатпайды деген уәж айтқан. 6 сәуірде Роскомнадзор мессенджерді бұғаттауды сұрап Мәскеудің Таган аудандық сотына жүгінген.