Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі салдарынан 850 мыңнан астам бала үйсіз қалды

0
769

Түркияда жер сілкінісі құрбандарының саны 46 мыңнан асты.


Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі салдарынан 850 мыңнан астам бала үйсіз қалды

ERNUR.KZ. Түркия мен Сирияның оңтүстігінде болған жойқын екі жер сілкінісінен кейін бір ай өткенде 850 мыңнан астам бала тұрақты баспанасыз қалды, деп жазады ҚазАқпарат.

ЮНИСЕФ балалар қоры жер сілкінісінің салдары аймақтағы балалар мен отбасылар үшін апатты жағдайға айналғанын атап өтеді. Жүздеген мың адам шарасыз жағдайда қалды. Көптеген отбасылар уақытша баспаналарда тұрады.

Түркияның өзінде ғана зардап шеккен аудандарда 1,9 млн-нан астам адам тиісті санитарлық жағдай, сумен қамтамасыз ету және медициналық көмекке қолжетімділік жоқ әртүрлі баспаналарға орналастырылған. Елде 2,5 млн бала шұғыл гуманитарлық көмекке мұқтаж.

«Зілзала салдарынан үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған отбасылар төрт апта бойы аман қалуға тырысты. Жерасты дүмпулері жалғасып жатқандықтан, олар әбден қорқып қалған», - деді ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Афшан Хан.

Алдын ала мәлімет бойынша, жер сілкінісі салдарынан Сирияда 500 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Көптеген үйлер қирап қалды. Сонымен қатар, жер сілкінісі жалғасып жатқандықтан, үйлері аман қалған балалары бар отбасылар үйлеріне қайтуға қорқады. Сирияда жер сілкінісінен 3,7 млн-нан астам бала зардап шекті.

6 ақпанда эпицентрі Кахраманмарашта магнитудасы жеті балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Жүздеген афтершокқа ұласқан эерасты дүмпулері елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда да сезілді.

Түркияда жер сілкінісі құрбандарының саны 46 мыңнан асты.