Түркиядағы орман өрті бірнеше аймақты шарпыды

0
365

Қала билігінің бір болжамы бойынша, Измирдегі өртке лақтырылған темекі тұқылы себеп болған.


Түркиядағы орман өрті бірнеше аймақты шарпыды

ERNUR.KZ. Түркияның Измир, Чанаккале, Айдын және Бурса провинцияларында орманды дала аймақтары өртеніп жатып. Өрттің жалпы аумағы мың гектардан асады. Тілсіз жаумен көптеген техника мен өрт сөндіру ұшақтары күресуде, деп жазады inform.kz.

Қала билігінің бір болжамы бойынша, Измирдегі өртке лақтырылған темекі тұқылы себеп болған. Түркияның солтүстік-батысындағы Чанаккале провинциясында да отқа абайсыз қарау салдарынан өрт шықты. Айдын және Бурса провинцияларында өрттің шығу себептері әлі анықталған жоқ. Елдің басқа аймақтарында қатты аптап ыстыққа байланысты өрт шығу қаупі сақталуда.

Түркияның Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Измирде 16 орман өрті тіркелген. Өрт Каракадаг, Мендерес, Менемен, Сельчук, Торбалы, Чешме және басқа аудандарда болды. Ең көп зардап шеккен аймақтар – Сельчук пен Мендерес, мұнда жалын қатты желден тез тараған. Жалынмен күреске 170-тен астам су тасығыш көлік, құрылыс техникасы, 11 ұшақ, 27 тікұшақ, сондай-ақ 1 000-ға жуық өрт сөндіруші мен қарапайым еріктілер жұмылдырылған.

Қауіпсіздік мақсатында жекелеген аймақтағы тұрғындар қауіпсіз жерге жеткізілді. Кейбір аудандардағы өрт пен қою түтіннен екі қонақүй мен бірнеше үй тұрғындары эвакуацияланды. Дегенмен, жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, өртті сөндіру жұмыстары жақсы жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта Чешме, Мендерес, Менемен, Сельчук және Торбалы аймақтарында өртті оқшаулау жұмыстары жалғасуда. Мендерес өңіріндегі орман алқабында тұтанған өртті әуеден сөндіруге арнайы машиналар мен техника жұмылдырылған.

Түркияда жыл басынан бері барлығы 1 551 өрттің, оның ішінде 880-нен астам орман өртінңғ және 670-і ауылшаруашылық өртінің алдын алу жұмыстары жүргізілгені бұрын хабарланған болатын.