Жылу электр орталығындағы апат: Бішкек жылусыз қалды

0
926

Қалада ыстық су толығымен өшірілді, әзірге температураның төмендеуіне жол бермеу үшін қосымша қазандықтарды қосуды жоспарлап отыр.


Жылу электр орталығындағы апат: Бішкек жылусыз қалды

ERNUR.KZ. Бішкекте ЖЭО-да болған ірі апат тұрғындарды жылусыз және ыстық сусыз қалдырды, деп жазады sputnik.kz.

Ведомствоның мәліметінше, апаттың себептері мен келтірілген шығын көлемі әзірге белгісіз.
Төтенше жағдайлар министрі Бообек Әжікеев ЖЭО-дағы апатқа қатысты бірлескен баспасөз мәслихатында тексеріліп жатқан нұсқалардың қатарында диверсия да бар екенін айтты.
"Бұл мәселе президент Садыр Жапаров пен Ұлттық мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басшысы Қамшыбек Ташиевтің бақылауында. Диверсия және техникалық ақау болуы мүмкін деген нұсқа бар", - деді ол.
2 ақпан күні сағат 03.00-де жылу электр орталығында апат болып, қондырғылар істен шыққан. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, сол кезде оларға Бішкектің Свердлов ауданындағы ЖЭО аумағында өрт шыққаны туралы ақпарат түскен.
"Сағат 03.06-да 6 жауынгерлік бөлім жұмылдырылды, ал 03.15-те олардың төртеуі өз жұмыс орындарына оралды. Өрт орнында екі өрт сөндіру бригадасы мен штаб жұмыс істеді. Өрт 04.55-те оқшауландырылып, 05.05-те сөндірілді", - деп хабарлады ТЖМ-дағылар.
Бішкектегі апаттық және коммуналдық қызметтер 2-3 күн ішінде жылу беруді қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Апат салдарын толығымен жойып, энергетикалық нысанды іске қосу 5-7 күн ішінде орындалуы керек.
"Осы оқиғаға байланысты істен шыққан жабдықты қалпына келтіру және төтенше жағдайдың салдарын реттеу үшін жедел штаб құрылды", - деп хабарлады энергетика министрлігі.
Апат салдарынан 3 қызметкер зардап шегіп, олар ауруханада жатыр.
"Тұрғындар үздіксіз электр жарығымен қамтамасыз етілуде. Алайда жылу-электр орталығы мен жылу желілерінің жұмысын қамтамасыз ету мақсатында ыстық су беру тоқтатылды", - деп жазылған хабарламада.
Бішкек жылу электр орталығындағы апаттың салдарын жою үшін жедел штаб құрылды, деді төтенше жағдайлар министрі.
Бүгінде Бішкектегі балабақшалар мен мектептер қашықтан оқытуға көшті, қала ауруханаларында жоспарлы ота жасау тоқтатылды.