Ең төменгі жалақы – 42 500 теңге мөлшерінде төлемге өтініш беру үшін келесі қадамдарды орындау қажет.
Төтенше жағдай кезеңінде табысынан айырылуға байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) берілетін төлемдерге өтініштер беру үшін арнайы сервис құрды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сервис Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ПӘ жанындағы құрамына IT-сарапшылары мен IТ-компаниялары кіретін IT-штабымен бірлесе отырып Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің көмегімен Enbek.kz электрондық еңбек биржасының алаңында құрылды.
Қалай алуға болады?
МӘСҚ-тан ең төменгі жалақы – 42 500 теңге мөлшерінде төлемге өтініш беру үшін келесі қадамдарды орындау қажет:
1) https://42500.enbek.kz сайтына кіріңіз;
2) «42 500 жәрдемақы алу» таңдаңыз;
3) өтініш берушінің аты-жөні, ЖСН, IBAN немесе жұмыс берушінің БСН, электронды поштасы көрсетілген нысанды (форма) толтырыңыз;
4) нысанды (форма) жіберу керек;
5) жүйе телефон нөмірін сұрайды;
6) телефон нөмірін SMS арқылы жіберілген кодпен растау;
7) өтініш жіберілді.
Өтінішті өңдеп, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ деректерін тексергеннен кейін, өтініш беруші қабылданған шешім туралы SMS-хабарлама алады, ақпарат төлемді тағайындау және төлеу үшін МӘСҚ-қа жіберіледі.
Естеріңізге сала кетейік, төтенше жағдайлар кезінде табысынан айырылу жағдайына байланысты МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем келесі санаттағы азаматтарға тағайындалады:
- орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері;
- жеке кәсіпкерлер (бұдан әрі – ЖК);
- жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор) (бұдан әрі – ЖП);
- бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер;
- нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (бұдан әрі – АҚС) бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдар;
- карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері.
Өтінімдерді қарастырудың және әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың жалпы мерзімі – 3 жұмыс күні.
Дереккөз: gov.kz