Балаларды коронавирус пен пневмониядан қалай қорғау керек – маман кеңесі

0
10 994

Балалардың ауруға шалдығуы жыл мезгіліне қарай бірнеше түрге бөлінеді, - дейді педиатр.


Балаларды коронавирус пен пневмониядан қалай қорғау керек – маман кеңесі

ERNUR.KZ. Бүгінде ғаламдық індетке айналған Covid-19 және пневмония дертімен бүкіл әлем болып күресіп жатыр. Аталған аурудың қаупі барлық адамзат үшін бірдей. Мамандар ересектердің жұқтыру қаупі жоғары болғанымен, балаларды да қорғап, дерттің алдын алған жөн дейді. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының төрағасы, медицина ғылымының докторы Риза Боранбаевамен балаларды коронавирус пен пневмониядан қалай қорғау жөнінде айтты, деп жазады ҚазАқпарат.



«Балалар Covid-19 індетін жұқтырып алмас үшін алдымен эпидемиологиялық сақтық шараларына мән берген жөн. Бастысы, профилактикалық жұмыстарды қатаң қолға алу қажет, себебі бұл вирус ауа арқылы таралады. Бұл дегеніміз - балаға түшкірген сәтте аузы-мұрнын жауып, сол сияқты қолды дұрыстап жуу керектігін еске салып отыру керек. Міндетті түрде маска режімін сақтау қажет. Әрине, балаға күні бойы маска таққызып қою оңай емес, өйткені бала таққысы келмейді. Дегенмен күнделікті ересек азаматтар маска тағып сақтанып жүрсе, уақыт өте келе бала көргенін істейді. Үнемі айтылып жүрген қорғанудың тағы бір жолы - қоғамдық орын мен адам көп жиналатын жерлерден аулақ болу. Бала сыртқа шыққан кезде сақтық шараларын ескертіп, ойын барысында басқа балалармен артық қарым-қатынасқа түспегені абзал. Сонымен қатар балалар сыртқа шығып, басқа балалармен ойнап араласқандықтан, бұл жерде олар вирусты тасымалдаушы ретінде де қауіпті. Балалардың вирусқа қарсы иммунитеті жоғары болуы мүмкін, ал үлкендер олардан тез жұқтырады. Үйде де сақтық шараларын естен шығармағанымыз дұрыс. Яғни, балалардың бөлмесіне дезинфекция жүргізіп, ойыншықтарын қайнаған сумен немесе хлор, медициналық спиртпен тазалап отыру керек», - дейді Риза Боранбаева.


Маманның айтуынша, балаларға аурудың алдын алу мақсатында препараттар берудің қажеті жоқ.


«Балаларды түрлі вирустық аурулардан қорғап, иммунитетін көтеру үшін алдымен тамақтану жағын қолға алған дұрыс. Яғни, дұрыс және уақытында тамақтану. Жаз мезгілінде жеміс-жидек пен көкөністерді көбірек жеу керек. Сол секілді ет жеген және сұйықты мол ішкен иммунитет үшін пайдалы. Одан бөлек, әрине балалар физикалық қозғалыс нормасын сақтауы тиіс, демек бала ойнап, жүгіріп-секіруі керек. Бұл - қалыпты және қажетті нәрсе. Тағы бір айтып өтетін маңызды дүние - егер баланың бұрыннан қандай да бір дерті болса, оның да алдын алып, ерекше қорғанған жөн., Себебі вирустың таралуы кезінде бір ауру екінші ауруға теріс ықпал етеді», - дейді ол.


Балалар дәрігерінің айтуынша, биыл наурыз айынан бастап Қазақстан бойынша 0 мен 18 жас аралығында 11 961 бала коронавирус індетіне шалдыққан. Ал бүгінде 164 бала аталған індеттен ем алып жатыр.


«Жалпы, коронавирус індетін балалар мен жасөспірімдерден гөрі ересектер жиі жұқтырады. Балалар Covid-19 індетіне шалдыққан жағдайда да, көбіне симптомсыз түрімен ауырады. Біз осы мәселе бойынша балалар арасында арнайы сараптама жүргіздік. Соның нәтижесінде анықталғандай, балалардың 62% - симптомсыз формасымен ауырған және 24% - жеңіл түріне шалдыққан, қалғаны - орташа, орташа-ауыр түрінен зардап шеккен болып шықты. Ауырған жағдайда балалар көбіне үйде емделеді, біз мұны дұрыс деп есептейміз», - деді маман.


Сондай-ақ, дәрігер балалардың температурасы көтеріліп, ауырған жағдайда не істеу керектігі жөнінде кеңес берді.


«Үйде емделгенде баланың терлегені дұрыс және сұйықтықты әсіресе суды көп ішкені жөн. Температураны қалпына келтіретін дәрі-дәрмекке келсек, балаға парацетамол және ибупрофен сиропын берген абзал. Бірақ екеуін де бірдей қолдануға болмайды. Тиісті ем-домдарды тиімді қолданған жағдайда бала 2 апта көлемінде аяғынан тік тұрып кетеді. Коронавирус індетіне көбінесе туғанынан ауруы бар немесе ұрпақтан ұрпаққа жалғасып берілетін дерті бар балалардың шалдығу мүмкіндігі жоғары. Сондықтан да стационарда өз аурулары бар балаларды емдейді, олардың үлесі - 10%. Сол сияқты коронавирус немесе пневмониядан бөлек өз ауруы бар балаларды емдегенде басқа сала мамандарының да қатысуы керек. Мысалы, баланың туабітті онкологиялық дерті болса, оны коронавирустан емдедегенде инфекционист қана емес, онкологтың да бала жағдайынан хабардар болғаны дұрыс», - дейді Р. Боранбаева.

Педиатрдың сөзіне сенсек, балалардың ауруға шалдығуы жыл мезгіліне қарай бірнеше түрге бөлінеді.


«Күз-қыс мезгілдерінде балалар көбінесе ЖРВИ-мен ауырса, жазда ішек инфекциялары жиі болады. Себебі күн ыстық, ал балалар түрлі жеміс-жидек пен көкөністерді жейді. Бұның соңы диареяға алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, ауруға шалдығу балалардың жас ерекшеліктеріне де байланысты. Яғни, әр жастағы сәби немесе баланың өз ауру-індеттері болады», - деді ол.