Құрбымның хикаясы: Мен кінәлі емеспін....

0
6 980

Бір күні «ақыры үйленеміз ғой, бірге болайық» деп жүрді, мен келіспедім. Сосын «сен маған сенбейсің, менімен бірге болғың келмейді» дегенді шығарып айтып жүрді. Шынында, одан айырылып қалудан қорықтым. Оған шынайы сендім, ес-түссіз сүйдім. Сол үшін де келісіп онымен болдым. Бір-ақ сәтте бар абыройымнан айрылдым.


Құрбымның хикаясы: Мен кінәлі емеспін....

Қыз баланың ары - ұлттың ары. Десек те, бүгінде ары аяққа тапталып, тағдыры күл-талқан болған қыздардың оқиғасы көп. Тіпті, етіміз өліп кеткендей. Бірақ соның барлығына қыздар кінәлі ме?

Қыз баланың тәрбиесі қоғамда да көп талқыланады. Сырттан айтқанмен, тағдырдан таяқ жеген қыздың ішіне үңіліп көргендер бар ма?

Осы орайда бүгіннен бастап өз құрбыларымның, жалпы қаншама қыздар қауымының өмірдегі шынайы бейнесін, көзбен көріп, құлақпен естіп жүрген хикаяларын, сіздерге де сабақ болар, ой салар деген үмітпен бастап жазуды жөн көрдім.

Ең алғашқы кейіпкерім, менің жақын досым Айгерім (есімі өтініш бойынша өзгертілген). Ол көп адамнан көңілі қалып, әпкелеріне есеп беріп, ақталудан шаршаған. Ендігіде өмір сүргісі келмейтіндігін айтып маған жылап келді. Мен жұбату үшін қолымнан келгенін жасап бағудамын. Құрбым өз хикаясын былай бастады:

- «Білесің бе, өмірде ең жаманы өзгеге көмектесу, олардан көмек күтіп үміт ету екен. Әсіресе, өзіңнің туғандарыңнан. Мен 18 жыл бойына тәтелерімнің қолында тұрдым. Үйде 3 қыз болып өстік, анам бізді бағып-қағу үшін үнемі жұмыста жүретін. Әкем 3 жасымда өмірден өткен екен. Әке тәрбиесін көрмегендіктен бе, тек қыздар болып өскендіктен бе білмеймін, үнемі бір жылылықты сырттан іздеймін. Әпкелерімнің қас-қабағын бағып, қазір маған ұрысады, мынаны істемесем мені өлтіреді деген күдікпен күн кешіп келемін.

- Әпкелеріңнен неге сонша қорқасың? Олар саған не істеп қойды?

- Кішісі болған соң үйдің тірлігінің бәрі менің мойнымда болды. Олар оқудан, жұмыстан келгенше тамағын әзірлеп, киімін тазалап отыратынмын. Киім таза жуылмаса немесе тамақтың тұзы сәл көп болса да екінші әпкемнен ұрыс еститін едім. Оның көңілінен шығам деп сабаққа бармай, ол үшін анамнан таяқ та жеген кездеірм болды. Олардың жасы менен әлде қайда үлкен. Үлкен әпкем тұрмысқа шыққанда мен мектепке барған болатынмын. Содан әпкем балалы болды, оларды қарауға демалыстарда мені ауылға шақырып алатын. Демалыс күндері бала бағып, сабақ күндері сабаққа барып келіп үй жұмысына кірісетінмін. Сабағымды да ешкім қадағаламағандықтан дұрыстап оқымайтын едім.

Екінші әпкем тұрмысқа шыққанда қатты қуанған едім,алайда ол қуанышым көпке бармады енесімен арасы жақсы болмай бірде барып, бірде келіп жүрді. Арасын да ішкілікке салынып, жеңіл жолға түсіп те кетті. Сондай кезде өзінше маған ақыл айтып «Мен сияқты болма»-деп, бар ашуын менен алатын. Араға жыл салмай-ақ бірден егіз баласымен үйге оралды. Анам да әпкемді қолдап, балаларын өзіне алып қалып оны жұмысқа шығарды. Ол аздай үлкен әпкем де, күйеуім көзіме шөп салды деп ол да үйге қайтта келді.

Екі әпкемнің 4 баласын бағып үйін жинап, тамағын жасап мен қалдым. Анам мен әпкелерім балаларын асыраймын деп жұмысқа кететін. 4 баланы тамақтандыру, киіндіріп ойнату бәрі менің мойнымда болды, өзімді балалы әйелдей сезініп, тіпті балаларын шешелеріне қарағанда өзім жақсы біліп алдым. Ал оларға балалары бар ма, жоқ па бәрібір, тек тамағы тоқ киімі көк болса болды.

Үлкен екі баласы мектепке барады, кішілерін балабақшаға апарып-әкелуден, сабағын оқытып, күнделікті бір тірліктен шаршап кеттім. Үй тапсырмасын орындауға кейде менің білімім жетпей жатады, сол кезде оларға күлкі болам, олар бала болған соң жиі ұрысады, бір-бірін мазақ қылады, алысып жүріп жарақат алады, сондайда дұрыс қарамағаным үшін, сабағын оқытпағаным үшін әпкелерімнен мен ұрыс естимін. Олар тапқан табысын, істеген жұмысын маған міндеп етіп айтып, менің сабақ оқымағанымды бетіме баса беретін. Мен оған өздерін кінәлап айтуға батылып жетпей, тек жылап қала беретінмін. (үнсіз, ұзақ жылап...)

- Қанша дегенмен қыздар бір-бірін түсінгіш келеді ғой, әпкелеріңнен жылы сөз естіп, сыйлық алған кездерің болды ма?

- Жылы сөзді жиі естимін деп айта алмаймын, кейде абайсызда ауыздарынан шығып кетсе керек, балаларымен ойнағанда менің атымды айтып мақтап қояды. Анам ішіп келгенде ашынғаннан «мен осыны сендердің балаларыңды бақсын деп, екеуің үшін туған екемін де» дейді.

Алайда үйдің жағдайын жасап, жақсы табыс тапқаны үшін анам да екінші әпкемнің айтқанынан шыға алмайды. Сыйлыққа келер болсақ, балаларына алған сайын маған да майда-шүйде, киім-кешек ұмытпай әкеліп беріп тұрады. Онысына рақмет айтамын.

- Әпкелерің сыйлаған, саған ерекше ұнаған сыйлықтарды айта аласың ба?

- Мектепте оқып жүргенімде, мен кейде сабақтан кеш келетінмін, сондай кездерде "хабарыңды айтып отыр" деп телефон алып берген. Оны да өз қопалдығымның кесірінен қолымнан түсіріп сындырып алдым. Сол кезде үлкен әпкем өзінің телефонын берген еді. Сосын мектеп бітірген кезімде екінші әпкем алтын алқа сыйлаған. Оны жігітімнің туған күніне сыйлық алуға ақшаны ешкімнен сұрай алмай, соны сатқан болатынмын. Оны әпкем сұрап, жоғалтып алғанымды айтқанда оңбай ұрыс естігенім тағы бар.

- Мектеп бітірген соң не істедің? ЖОО-на түстің бе?

- Мектеп бітірдім, бірақ ҰБТ тапсырған жоқ едім, әпкелерім қалаға жақын бір университетке құжаттарымды беріп, тапсырып қойған екен. Сол кезде қатты қуандым, мен де студент болам, өмірім өзгереді, үйден, бала-шағадан құтылам деген едім. Үйден универге қатынап оқыдым. Жолда жүруге тағы бір сағаттай уақытым кетеді, қатырып оқымасам да барып-келіп сәл болса да үйден құтылғаныма қуанып жүрдім. Сол аралықта қазіргі жігітіммен таныстым. Ер адамдардан ашылып сөйлескенім сол болды. Әке не ағам болмаған соң, үнемі ер адамдардан жылылық іздеп, мейірім күтетінмін. Іштей бұлай жүргеніме әкемнің бізді ерте тастап кеткенін кінәлайтынмын...

- Жақсы, қазір сол танысқан жігітіңмен бақыттысың ба? Ол сен үшін не істей алды?

- Қазір бақыттымын ба, бақытсызбын ба, өзім де білмеймін. Бірақ Нұржанмен (есімі өзгертілген) алғаш кездесіп жүргенде, күнде сабаққа бармай қыдырғанымызда, кішігірім болса да содан сыйлық алғанымда бақыттымын деп ойлағанмын. Маған да біреу қарайды екен ғой, мен әдемі екенмін деп жүрген болатынмын. Бірақ бір ай болар болмас «үйдегі балаларға қарайтын ешкім жоқ, сенің де қатырып жүргенің шамалы, сабаққа барып келіп құр ақшаны құртқанша үйде отыр, бір дипломды бәрібір сатып әперем» деп әпкем оқуымды жаптырып тастады. Сол кезде бұрынғы өмір қайта басталды...

- Жігітің не болды?

- Онымен бұрынғыдай күнде кездесе алмайтын болдым, тек телефонмен жасырынып сөйлесіп жүрдік. Кейіннен сағынғанын айтып іздеп келді. Әпкелерім жұмыста болғанда, балаларды сабақтан алып қайтарда ертерек шығып кездесіп жүрдік. Оның мені сүйетіндігіне көзім жеткенде үйдегі бар жағдайды айтып, мені құтқаруын өтіндім. Ол «сәл шыда, үйленеміз, сені алып кетемін» деп маған үміт сыйлады. Мен де соған сеніп мына үйден, бірқалыпты тірліктен құтылатынымды ойлап, мәз боп жүрдім. Ол да мені іздеп жиі келетін болды. Мен де оған үйренісіп қалдым.

Бір күні «ақыры үйленеміз ғой, бірге болайық» деп жүрді, мен келіспедім, сосын «сен маған сенбейсің, менімен бірге болғың келмейді» дегенді шығарып айтып жүрді. Шынында, одан айырылып қалудан қорықтым. Оған шынайы сендім, ес-түссіз сүйдім. Сол үшін де келісіп онымен болдым. Бір-ақ сәтте бар абыройымнан айрылдым.

Сонымен үйде ешкім жоқта, басқалар көрмейді ғой деген уақыттарда солай жалғасын тауып жүрді. Бір күні әпкемнің үлен қызы біздің, яғни Нұржан екеуміздің жалаңаш түскен суретімізді менің телефонымнан тауып алып, мамасына көрсетті. Масқарам шықты, ұрыс естіген былай тұрсын тепкінің астында қалдым. (күрсініп жылап) Мені үйден қуып жібергісі келді, мен де соны қаладым, бірақ олай етпеді. Бұл ісімді әпкелерім ғана біледі, оларға жақында тұрмысқа шығатынымды айттым, тек сөзіме сенбейді, маған бұрынғыдан жаман көзбен қарайды, қазір тіпті сол күндерді сағынамын. Анама айтпаймыз, ол естімесін деп жасырып жүрміз (үнсіз біраз отырды).

- Ал, тойға қашан барамыз?

- Білмеймін, басында тойымыз болады деп қатты үміттенген едім. Енді сол той болмақ түгілі бірге де бола алмаймыз-ау деп қорқамын. Қазір Нұржан келуін де тоқтатты, мені бұрынғыдай сағынып іздемейтін болды. Менің хабарламаларыма кеш жауап қайтарады, айтатын сылтаулары да көбейіп кетті. Басқа қыздарға да көңілі ауып жүрген көрінеді, вк-да қыздармен сөйлескенін оқимын, ол мен жазбағанмын, досым кірген еді деп ақтала береді. Оған не істеп, не айтарымды да білмеймін, басым қатып кетті.

- Енді, жігітіңді осылай жайына жібере саласың ба? Ол сені сүйетін еді ғой?

- Жібергім келмейді, қимаймын. Бірақ жанымда қинап ұстағым келмейді. Қазір мен бәрінің маған құрылған қақпан екенін түсінгендеймін. Ол өзіне керегін алды, кетті. Мен тек көз жасыма шомылып, әпкелерімнің көзіне күйік болып төрт қабырғаға қамалып қала беремін. Кейде, өз-өзімді өлтіріп бәрінен құтылғым келеді. Дұрысы, сол шығар, маған да, басқаларға да.

- Қой, олай айтпа. Ақылы бар қызсың ғой. Әлі өмірің алда. Болашағыңды ойлашы, жігітің қайта сені сағынып іздеп келді, тойларың болғалы жатыр, әпкелерің сен үшін қуанып жүр...

- Жоқ, ол тек ертегі. Мен енді ешкімге керек емеспін. Өмір сүргім келмейді. Бәрінен шаршадым, шыдамым бітті.

- Алла пендесіне тек көтере алатын сынақты ғана береді. Бір жамандықтың артынан бір жақсылық келеді. Бұның бәрі өтеді, ертең-ақ ұмытылып кетеді.

- Маған тек жамандықты көру ғана жазылған шығар. Мүмкін мен шын бақытқа лайықты емес болармын. Анам айтпақшы, әпкелерімнің балаларын бағып, жұмыстарын жасау үшін ғана туылған шығармын. Тек солар деп өмір сүрген екенмін. Сол үшін өкінемін. Басында басымнан сөз асырмай, оларға ойымды ашық айтқанымда бұлай болмас па еді.

- Енді, өкінгеннен пайда бар ма? Сол кездерді қайта әкелсе не істемес едің?

- Ештеңе істегім келмейді. Мен кінәлі емеспін. Маған ақылын айтпағаны үшін, әпкелерім мен анамды кінәлаймын. Маған дұрыс тәрбие бере алмағаны үшін, ненің жақсы, ненің жаманын үйретпегені үшін солар кінәлі. Мен бұл өмірде кім екенімді де білмеймін.

- Айгерім, он сегізге енді толасың, бар өмірің алдыңда. Өткенге өкінбей, болашағың туралы ойлап көрші. Өткеніңнен қандай сабақ алдың? Болашағыңда өмірің қандай болғанын қалар едің?

- Болашағымды уақыт көрсетер, бірақ өмірден алған ең үлкен сабағым - ешкімге сенбеу. Бұл өмірде өз-өзіңе сенбесең, өз-өзіңді қорғай алмасаң ең жаманы сол екен. Өзімді сыйлай алмағандықтан бауырларым да, достарым да, жігітім де жоқ . Бәрінен айрылдым. Енді мен тек өзіме сеніп, өзімді қорғауды үйренем. Тек өзім үшін ғана өмір сүрем.

- Бұл өмірде өзіңмен тағдырлас қыздар бар, соларға айтар ойың, берер кеңесің бар ма?

- Мына ғаламда бұлай өмір сүрген мен ғана болармын, десе де менің замандастарыма айтарым өз-өздеріңді қорғай біліңдер, сақтанып жүріңдер, мен сияқты алдауға еріп кетпеңдер. Жігіттерге қатты сенбеңдер, оларға қыздардан кергі бір-ақ нәрсе, түсінікті ғой, иә?!

- Рақмет, Айгерім. Ой бөлісіп, өзіңнің оқиғаңды ашық айтып бергенің басқа қыздарға да сабақ болар деп үміттенемін.

-Саған да рақмет. Мен де сырымды тарқатып, бір жеңілдеп қалдым.

Мен де басқа қыздарға сабақ болар деп сенемін!

Н.Бимахан.

ERNUR.KZ