​Шымкентте "құрттаған су" ішіп отырған халық: Билік бізді 7 жылдан бері алдап келеді

0
2 326

ERNUR.KZ. Шымкент қаласының солтүстік батысындағы «Тұрлан» саяжайының тұрғындары «құрттаған су ішіп отырмыз» деп шырылдайды.


​Шымкентте

ERNUR.KZ. Шымкент қаласының солтүстік батысында орналасқан «Тұрлан» саяжайының тұрғындары «құрттаған су ішіп отырмыз» деп шырылдайды. Жағдаймен ERNUR.KZ тілшілері арнайы барып танысып қайтты.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, тиісті мекемелердің табалдырығын тоздырған тұрғындарды биліктегілер 2010 жылдан бері «бір айдан соң кіреді, келесі жылы су кіргізіп береміз» деп жалған уәде беріп алдап келген көрінеді. Олардан көмек күте-күте шаршаған тұрғындар енді билік тарапынан бір әрекет жасалмаса, «көшені жауып, наразылық акциясын ұйымдастырмақ» ойлары бар екенін ашық айтып жеткізді.

Тұрғындардың айтуынша, аталған аяжайға орнатылған су тартқыш құралдың да әдбен тозығы жетіп, ішіне қоқыс толған. Ауызсуды тасып ішуге жағдайы жетпеген тұрғындар осы су тартқыш құрылғыдан шығып жатқан суды ішуге мәжбүр. Жиналған су тазартылмаған, беті ашық күйінде тұрып қалып, бұзылып кетіп жатыр. Құралдың есептеу тетігін тұрғындар мүлдем көрген емес (иелері көрсетпейтін көрінеді, ескірген құрылғының төбесі ашық күйде тұр дейді олар.

«Жергілікті билікке қанша рет арыз жасасақ та бұл мәселелер шешілер емес. 2010 жылдан бері әкімдіктегілер бізге «Осы жылы су келеді» деп алдап келе жатыр. Суды ақыға тартқан көршілерімізден сатып алып немесе тасып ішеміз. Ал, су тартқыш құралдан алған суымыздың ішінен құрт табылып жатыр. Бізге су тартқыш құралдың иелері келіп, ешқандай құжаттарын көрсетпей ақша жинап кетеді. Бірақ су да, жөнделген су тартқышты та көрген емеспіз. Ол суды да жарытып берсе мейлі ғой, ыдысымыз толар-толмас тоқтатып тастайды да, ақшасын сұрайды. Ақша төлеген соң таза су ішсек дейміз, бірақ оған қарап жатқан иелері жоқ. Бірдеңе десек, ұрысып өзімізді қарғап-сілеп кетеді», - деп ашынған тұрғындардың бірі осы суды ішкеннен ішкі құрылысынан құрт табылып ауырғанын ашумен айтты.

Үйіне кіріп медициналық сараптамасын алып шыққан Мархабаева Баян есімді келіншек он жылдан бері таза ауыз судың болмағанынан құбырда тұрып қалған суды ішкеннен қатты ауырған екен.

«Қатты ауырдым, дәрігер диагноз қоя алмады. Барлық тексеруден ақылы түрде өттім. Ең соңында дәрігер «құртқа тапсырыңызшы» дегенде барып ауруымның себебін тапты. Бала-шағаммен, күйеуіммен ішегімізді жудырдық. Әрқайсысымызға13 мың теңгеден төлеп ішегімізді жудырып, тазарттық. Денсаулығымыздан артық па? 80 кг едім, 25 кг салмақ тастадым. Бірақ емделгенімізден не пайда, қайтадан сол құрттаған суды ішуге мәжбүр болсақ. Осы судың арқасында сол», - дейді ашуланған әйел.

Осы саяжайдың тұрғыны Қабылбекова Ұлбике су тарқыш құрылғыны сатып алған адамдар жайлы: «Осы жерде тұрғаныма 5 жыл болды. Бізде су деген өте қиын мәселе. Былтырғы қазан айынан бері су жоқ. Жүрген жерімізден су тасып келеміз. Шалым зейнеткер, мен 2-топтағы мүгедекпін. Осы су тартқышты өз атына жазып алған 5-6 адам бар. Бірақ құжаттарын бір рет те көрсеткен емес. Суға, жөндеуге, жарыққа деп ақша жинап кетеді. Су тартқышты жөндетейік, жұрт қатарлы су кіргізейік десек келіспейді. Ақыр соңында былтыр халық пен су құбырының иелерінің арасындағы келіспеушілік төбелеске дейін ұласты. Өздері арасынан адам сайлап алып, ешкімге бет қаратпайды. Кеше 30 күн Оразада бір тамшы су берген жоқ. Істеп тұрған моторды бұзылды деп бүкіл үйден ақша жинайды. «Сендер бізге түк істей алмайсыңдар» деген қоқан-лоққы да көрсетті. Бұлардың түбін тексеру керек, әйтпесе әлі біраз таяқ жейміз», - дейді.

«Ауыруымыз көбейір кетті. Егер мәселенің бір шешімі табылмаса көшеге шығып, ереуіл жасаймыз. Бұндай алдап-сулағанға бірнеше жыл шыдадық, оның да шегі бар» дейді тұрғындар.

Бір бұл емес, Тұрлан саяжайының тұрғындарының жанына қаладағы барлық кәріз суы төгілетін жақын маңдағы орынның иісі де әбден тиген. «Ол иісті «шықпай қалса сағынып қаламыз» деп амалсыздан ащы әзілдеді тұрғындар. Бүгінде бүлінген судың сасық иісі тіпті бұрынғыдан да қатты шығып жатқан көрінеді.

Осыған орай, қалалық мәслихаттың депутаты Ерболат Нұрмаханов саяжайға келіп, барлық жағдаймен танысқан болатын. Халық қалаулысын ортаға алған тұрғындар биліктегілерге сенімдері қалмағанын, ендігі жерде одан да жоғары жаққа шағымданатынын жеткізіп біраз дауласты. Дегенмен депутаттың жағдайды сол жерде тиісті орындарға хабарласып, тұтқаның арғы жағындағы мамандардың берген уәдесін дыбыс зорайтқыш арқылы жиналған халыққа тыңдатты. Мәселенің мән-жайын халыққа көзбе-көз түсіндіріп берген депутаттың сөзіне тұрғындар содан кейін ғана құлақ аса бастады.


«Жұмыс жасалып жатыр. Бірақ бүгін-ертең су кіре салады деп бір-бірімізге жалған уәде бермейік. Ауызсумен қамту жоспарына сәйкес бұл аймақта 2019 жылдан бастап жұмыстар жүргізіледі. Негізгі құбыр тартылып келе жатыр», - деп түсіндірді Е.Нұрмаханов.

«Ең болмаса, таза суды көлікпен жеткізіп беріп тұрсын» деген тұрғындардың талабын депутат сол сәтте-ақ қабылдап, өз атынан су жіберетінін айтты.

«Таза ауызсу келгенше су таситын көліктер арқылы жеткіземіз. Оған дейін де қарап отыра бермейміз. Су тартқыш құралды тазалау жұмыстарын жүргіземіз. Ұрыс-керістен ештеңе шықпайтынын білесіздер. Тұрғындар арасындағы белсенділермен үнемі байланыста болып, бұл мәселені бірге шеше аламыз», - деп сеніммен айтты Ерболат Нұрмаханов.

Ал кәріз суынан шығатын иісті тоқтату бойынша депутат сол жерде тиісті маманға хабарласқанда, «иісті болдырмайтын құралдың қыркүйек айында келетінін, содан соң ғана бұл мәселе шешілетінін» айтты. «Айтқан уақытын күтейік, болмаған жағдайда оны да назарға аламыз» деген Ерболат Нұрмаханов халыққа уәде берді.

Мақала дайындалып жатқанда Тұрлан саяжайының тұрғындары ERNUR.KZ тілшісіне хабарласып, Е.Нұрмахановтың сөзінде тұрғанын, көптен бері бірінші рет аталған елді мекенге көлікпен ауызсу келгенін айтып алғысын жаудырды.

ERNUR.KZ.