​Шымкентте салық мөлшері өсті

0
1 804

Шымкент қаласындағы тұрғын үйлер мен саяжай ғимараттарының 1 шаршы метрінің базалық құны 36 000 теңгеден 60 000-ға көтерілген.


​Шымкентте салық мөлшері өсті

Шымкент қаласының Республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болуына байланысты мүлік салығының мөлшері өзгерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласы бойынша МКД Өндірістік емес төлемдер басқармасының бас маманы Загит Жаппарқұлов:

- Салық кодексінің 529 бабына сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жеке тұлғалардың мүлік салығын есептеу бойынша Шымкент қаласындағы тұрғын үйлер мен саяжай ғимараттарының 1 шаршы метрінің базалық құны 36 000 теңгеден 60 000-ға көтерілген. Ол «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шымкент қаласының филиалы уәкілетті органымен салық обьектісіне айқындалған құқына байланысты есептелді.

Неге халық 2019 жылдың салығын 2020 жылғы бағамен төлеп жатыр?

Шымкент қаласы бойынша МКД Өндірістік емес төлемдер басқармасының бас маманы Загит Жаппарқұлов:

- Жеке тұлғалардың жер және мүлік салықтарын төлеу мерзімі салық кодексінің 532 бабының 6-тармағына сәйкес, есепті кезең үшін келесі жылдың 1 қазанына дейін міндеттелген. Осыған байланысты, 2019 жылдың мүлік салығы 2020 жылдың 1 қазанына дейін есептелініп төленуі тиіс. Ал, Салық кодексінің 531 бабына сәйкес, қолданысқа енген салық мөлшері алдағы жылы еш өзгеріссіз қалдырылған.


Мүлік салығы қалай есептеледі?

Шымкент қаласы бойынша МКД Өндірістік емес төлемдер басқармасының бас маманы Загит Жаппарқұлов:

- «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шымкент қаласының филиалы мәліметіне сәйкес жеке тұлғалардың басында қандай тұрғын үй, саяжай, көлік, жалпы қандай мүлік бар бәрін біліп кірістер органдарына жібереді. Олардың жіберген мәліметіне сәйкес мүлік салығы есептеледі. Оның анықталған бағалау құнын салық кодекснің 531 бабы негізінде мемлекеттік 16 шкаласы бойынша мүлік салығын көрсетеді. Көрсетілген бағалау құны қандай шкалаға түссе, мүлік құны сол шкала бойынша есептелінеді.


Мүлік салығынан кімдерге жеңілдік бар?

Шымкент қаласы бойынша МКД Өндірістік емес төлемдер басқармасының бас маманы Серик Джумабеков:

- Кеңес Одағының Батыры, "Халық қаһарманы", Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған ардагердер мен мүгедектерге, көп балалы аналарға 1,5 ЕАК мөлшерінде салыққа жеңілдік бар. Бұл мүлік салығынан толық құтылады деген сөз емес. Тек көрсетілген жеңілдік мөлшерінде салық көлемін төлейді.


Салық рақымшылығы кімдерге қатысты?

Шымкент қаласы бойынша МКД Өндірістік емес төлемдер басқармасының бас маманы Серик Джумабеков:

- Салық кодексінің 57 бабының 5-тармағына сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарына дейінгі салықтық кезеңдер үшін мүлік, жер, және көлік салығы бойынша түзілген берешек сомасын, 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін төлеген жағдайда, өсімпұлы есептен шығарылады. Бұл салықтық рақымшылық жылдың соңына дейін жалғасады.


Жеке тұлғаның меншігінде мүлік салығы бар-жоғын қалай білуге болады?

Салық берешегі туралы ақпаратты ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz сайтынан және «электрондық үкімет» порталында «Электрондық сервистер», «салық берешегінің бар (жоқ) екендігі туралы мәліметтер» бөлімінде борышкердің ЖСН бойынша көруге болады.

Жеке тұлғалардың жер, мүлік есептелген сомалары туралы ақпараттарды, Мемлекеттік кірістер органдарына бармай-ақ, «Еsalyq» қосымшасы, «Каспий», «Халық» банктерінің қосымшалары арқылы қарап, төлеуге толық мүмкіндік бар.

Ал, қосымша сұрақтар туындаған жағдайда Шымкент қаласы бойынша МКД + 7 775 338 3910 сымтетіктеріне немесе 1414 байланыс орталығына хабарласуға болады.