​Шымкенттік дәмханалар Рамазан айында сауап жинап жүр ме әлде ақша табудың соңына түскен бе?

0
2 804

«Халал дәмхана» ретінде танылған бұл көпшілік тамақтанатын орынның адалдығы тек ауызша ғана көрінеді.


​Шымкенттік дәмханалар Рамазан айында сауап жинап жүр ме әлде ақша табудың соңына түскен бе?

Қасиетті Рамазан айында сауап іс жасау – әрбір мұсылманның парызы. Алайда, Рамазан айында ауызашар жасағандарды пайдаланып қалудың есебін Шымкенттегі кейбір дәмханалар жолға қойып алған тәрізді.

Жай күндері қандай да бір корпоративтік отырыс жасау үшін арнайы бір мәзір жасап ұсынатын дәмхана мен мейрамханалардың Рамазан айында ауызашар үшін дайындығы жоқтығы бір бөлек, қасиетті айда ауыз бекіткен жандарға жағдай жасап сауап жинаудың орнына ақша табуға құнығып кеткен сыңайлы.

Солардың бірі – Шымкенттегі танымал «Кәусар» шайханасы. «Халал дәмхана» ретінде танылған бұл көпшілік тамақтанатын орынның адалдығы тек ауызша ғана көрінеді. Мұсылман қауымға ауызашар өткізу қызметін ұсынғанмен, істері аттарына сай емес екендігін айтады сол дәмхананың жауапсыздығына куә болған жергілікті тұрғын.

«Ұжымға ауызашар өткізу үшін тапсырыс бергенбіз. Төреқұлов көшесінің бойындағы дәмхананың екінші қабатын 80 адамға жалдадық. Арнайы тапсырыс беріп, екінші қабатта біздің ұжымнан басқа ешқандай адам болмайтынына келіскенбіз. Ал кешкісін барсақ, екінші қабаттың өзінде бізден басқа тағы бір ұжым, одан бөлек жеке бірнеше үстелдерді қойып тапсырыс алған. Өзі кішкентай ғана жер, орындықтарды барынша сығылыстырып қойып, орын үнемдеген. Бірінші тапсырыс берушінің құқығын таптау ғой бұл?!», - дейді «Кәусар» шайханасында ауызашар өткізіп, заңсыздыққа куә болған жергілікті мекеме басшысы Е.Бектұрғанов.



Оның айтуынша, аталған дәмханада әрі кетсе 100 адамға лайықты орында 160-170 адам отырған. Сонымен қатар, осынша адам отырған орында ауа салқындатқыш болмай, таңнан кешке дейін нәр татпай ауыз бекіткен жандар ыстыққа шыдай алмай арасында сыртқа шығып, таза ауамен тыныстауға мәжбүр болған.



«Масқара ғой! Ақшаға құнығып, үсті-үстіне тапсырыс алғандарымен қоймай, адам көбейген соң мәзірдегі тағамдарының үлесін азайтып тастағандары мүлде бөлек әңгіме. Екі терезесі ғана ашылады, ауаны салқындатқыш жоқ. Сол жерде отырғандар азаннан кешке дейін ауыз бекітіп, күні бойы қалжырағандардың жүрегі қысылуы әбден мүмкін. Ал он елеп жатқан дәмхана әкімшілігі жоқ. Тұтынушылардың жағдайы оларды мүлде қызықтырмайды, тек артық ақша тапса болды ма сонда?!», - дейді шайхана қызметіне мүлде көңілі толмаған ол.



Оның айтуынша, «Кәусар» шайханасының әкімшісі келтірілген қолайсыздықтардың себебін айтпақ тапсырыс берушілерден кешірім де сұрамапты. Демек, тұтынушының талабымен санаспайды, тіпті, тұтынушыларын сыйламайды деген сөз.

Бұл туралы Шымкент қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне хабарласқанымызда, дәмхананың көпшілік тамақтанатын орындар саны шектелмегендігін, ол туралы талаптың қарастырылмағандығын айтты. Алайда, заңды түрде дәмханаларда желдеткіш орнату бойынша талаптар сақталуы тиіс екендігін жеткізді.

"Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы ҚР ДСМ2018 жылғы 23 сәуірдегі № 186 бұйрығының 3 тарауына сәйкес ауа баптауға қойылатын талаптардатамақтану объектілерінде желдету және (немесе) ауа баптаужүйелері көзделеді», - дейді Шымкент қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің маманы.

Яғни, аталған бұйрықтың 3-тарауы 39-тармағының 1-бөліміне сәйкес, Тамақтану объектілерінде желдету жүйелерін жабдықтау бойынша мынадай санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталады:

1) бөлек желдету жүйелерін орнату:

тамақтану объектілерінің сору-сыртқа тарату желдеткіші тұрғын және өзге де мақсаттағы ғимараттың немесе оған жапсарлас салынған ғимараттың желдету жүйесінен бөлек құрылады, шудан қорғау шаралары көзделеді делінген.

Десек те, қасиетті Рамазан айын осылайша табыс табудың жолына айналдырған аталмыш дәмхананың бұл ісі көпке ұнамаса керек-ті. Тұтынушының тапсырысына жүрдім-бардым қарап, ақысын аларда қалтасын ашып күтіп тұратын мұндай дәмханаларға қандай да бір тәртіп керек дейді шағымданушы.

«Қасиетті айда жұрттың қалтасын қақпайтын, «ұяты бар» дәмханалар жоқ емес. Ертеңіне-ақ отбасыммен Арғынбеков көшесінің бойындағы «Нәрлен» дәмханасында ауызашар бердік. Шымкент қаласындағы дәмханалар жүйесін құрған «Кәусармен» салыстырғанда жер мен көктей. Біріншіден, бағасы бір жарым есе арзан болса, екіншіден, тұтынушыға керемет жағдай жасалған. Тағам мәзірі де мол. «Кәусар» сияқты уақытша табысқа малданып, жұрттың қалтасын қағумен айналысып жатқан жоқ», - дейді ол.

ERNUR.KZ