Зейнеткерлік демалысқа ресми түрде шығуды күтпей-ақ зейнетақы төлемдерін алуға болады

0
4 068

​Зейнетақы аннуитеті: ол қалай жұмыс істейді?


Зейнеткерлік демалысқа ресми түрде шығуды күтпей-ақ зейнетақы төлемдерін алуға болады

ERNUR.KZ. Зейнеткерлік демалысқа ресми түрде шығуды күтпей-ақ зейнетақы төлемдерін алуға болады, мұндай мүмкіндікті зейнетақы аннуитеті ұсынады, деп жазады Fingramota.kz.

Зейнетақы аннуитеті – бұл өмірді сақтандыру компаниялары ұсынатын және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (бұдан әрі – БЖЗҚ) салымшыларына зейнетақы жинақтары жеткілікті болған жағдайда, белгіленген мерзімнен бұрын «зейнетақы» алуды бастауға мүмкіндік беретін өнім.
Белгілі болғандай, ерлер үшін зейнеткерлік жас 63 жаста, әйелдер үшін 2021 жылы – 60 жаста келеді және ол 63 жасқа толғанға дейін жыл сайын 2027 жылға дейін 6 айға дейін өсетін болады.
Бірақ өз зейнетақыңызды ұзақ күтпей-ақ зейнетақы аннуитетін рәсімдеуге болады. Алайда бұл үшін БЖЗҚ-да жеткілікті жинақ сомасы болуы керек. Бұл сома салымшының жынысы мен жасына байланысты өзгереді. Адамның жасы неғұрлым үлкен болса, жеткіліктілік мөлшері соғұрлым төмен болады.
Мысалы, сақтандыру компаниясынан зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдерді ерлер 55 жастан бастап ала алады, 2021 жылы 55 жастағы ер адам үшін зейнетақы аннуитетін жасасу үшін жеткіліктілік сомасы 6,7 млн теңгені құрайды. Ал әйелдер 52 жастан бастап ала алады, 2021 жылы 52 жастағы әйел үшін зейнетақы аннуитетінің құны 9 млн теңгені құрайды. Ағымдағы жылдан бастап зейнетақы аннуитеті айтарлықтай арзандады. Салыстыра кететін болсақ, 2020 жылы оның құны 55 жастағы ер адам үшін 11,3 млн теңгені, ал 52 жастағы әйел үшін 15,5 млн теңгені құраған болатын.
Сонымен бірге, кейінге қалдырылған, басқаша айтқанда «мерзімі жылжытылған» аннуитет бар, оны 45 жастан бастап сатып алуға болады, алайда ол бойынша төлемдер 55 жастан басталады. Ол үшін 45 жастағы ер адамның БЖЗҚ -да кемінде 6,1 млн теңгесі, ал сол жастағы әйелге 7,7 млн теңге жинақтары болуы тиіс.
Бүгінгі таңда, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректері бойынша 61 мыңнан астам адамның өмірді сақтандыру компанияларында 300 млрд теңгеден астам жалпы сомаға зейнетақы аннуитеті шарты бар, яғни олар өзіне өмір бойғы зейнетақы төлемдеріне кепілдік жасап алған.
Зейнетақы аннуитеті өнімдерінің желісін кеңейту мақсатында зейнетақы аннуитеті шартына бір адамның емес, ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстардың қатысуын көздейтін бірлескен аннуитеттер қарастырылады.
Бірлескен аннуитет жақын туыстардың зейнетақы жинақтарын біріктіруге және аннуитет шарты бойынша кірістерді қайта бөлуге мүмкіндік береді. Мысалы, егер ерлі-зайыптының біреуінде өмірді сақтандыру бойынша компаниядан аннуитетті сатып алу үшін зейнетақы жинақтары жеткіліксіз болса, ал екіншісінде артылып жатса, онда бірлескен зейнетақы аннуитеті арқылы екеуіне де өмір бойы төлемдер қамтамасыз етіледі.
Мұндай жаңа енгізілімдер зейнетақы аннуитеті шартын зейнетақы жүйесі дамыған мемлекеттердегі зейнетақы жоспарларына ұқсас зейнетақыны жоспарлаудың тиімді құралы етеді. Бұл азаматтарға өзінің мақсаттары мен қажеттіліктеріне қарай зейнетақы төлемдерінің нұсқасын таңдауға мүмкіндік береді.
БЖЗҚ-дан және сақтандыру компаниясынан төлемдер: айырмашылық неде?
Негізгі айырмашылық зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру мерзімдеріне байланысты. БЖЗҚ-дан тікелей зейнетақы алған кезде төлемдер салымшының зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады. Ал сақтандыру ұйымынан төленетін төлемдер салымшының зейнетақы жинақтарының аяқталғанына немесе аяқталмағанына қарамастан өмір бойы жүзеге асырылады. Яғни, төлем мерзімі БЖЗҚ-дан сақтандыру ұйымына аударылған жинақтардың көлемімен шектелмейді.
БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің сомасы түсімдердің және алдын ала айқындалмаған инвестициялық табыстың тұрақтылығына, мөлшеріне байланысты, ал зейнетақы аннуитеті мөлшері мен кепілдік берілген табыстылығы нақты белгіленген өмір бойғы төлемдері бар қаржы құралы болып табылады.
Атап айтқанда, аннуитеттік төлемдерді өмірді сақтандыру компаниясы жыл сайынғы индекстеумен сақтанушының бүкіл өмірі бойы ай сайынғы негізде жүзеге асырады. Бұл кейінгі төлемдер жыл сайын кем дегенде 5%-ға артады дегенді білдіреді.
Зейнетақы аннуитеті шарты мен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың тағы бір ерекшелігі БЖЗҚ-да жинақтар мұраға қалдырылады, ал зейнетақы аннуитеті бойынша қаражат жоқ. Алайда зейнетақы аннуитеті шарты бойынша төлемдер сақтанушының (пайда алушының) тірі ме, жоқ па, оған қарамастан жүзеге асырылатын «Төлемдердің кепілдік берілген кезеңі» опциясын қосу мүмкіндігі бар.
Егер салымшы өзінің барлық зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан сақтандыру компаниясына толығымен аударып, кейіннен БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарын аудармаса, онда ол зейнетақы жасына жеткенде қордан ешқандай төлем алмайтынын білген жөн. БЖЗҚ-дағы шотта артық жинақ сомасы бар азаматтар қорда қаражаттың бір бөлігін қалдыра алады, сондай-ақ зейнетақы аннуитеті шартын жасасқаннан кейін шотта қаражаты қалмаған азаматтар содан кейін жұмысын жалғастыра отырып, сол жерде жинақтай алады, сонда олар сақтандыру компаниясынан сақтандыру төлемін және БЖЗҚ-дан дәстүрлі зейнетақыны да алатын болады.
Қазіргі уақытта зейнетақы аннуитеті шарты бойынша жинақтарды сақтандыру компаниясынан БЖЗҚ-ға кері қайтару тәсілі заңнамада көзделмегенін атап өтеміз.
Зейнетақы аннуитетін ресімдеу процесі қалай жүреді?
Енді жоғарыда аталған барлық ерекшеліктерді біле отырып, сіз зейнетақы аннуитеті шартын ресімдеуді ұйғардыңыз. Алдымен сақтандырушыны таңдау керек. Осы қызметті ұсынатын өмірді сақтандыру компанияларының сайттарын мұқият зерделеңіз, басқа сатып алушылардың пікірлерін талдаңыз, сақтандырушыда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген лицензиясының бар-жоғын тексеріңіз. Мұны қаржы реттеушісінің www.gov.kz интернет-порталында жасауға болады.
Шартқа қол қоймас бұрын оның талаптарын мұқият оқып шығыңыз. Сақтандыру компаниясы сіз үшін болашақ төлемді есептеуі тиіс. Сондай-ақ өзіңіз үшін «кепілдік берілген төлем кезеңін» белгілеу қажет-қажет еместігін шешіп алыңыз. Мысалы, салымшы 15 жыл кепілдік берілген кезеңмен зейнетақы аннуитетін сатып алып, 5 жылдан кейін өмірден өту жағдайы туындауы мүмкін. Қалған 10 жылға арналған төлемдерді сол талаптармен шартта көрсетілген оның мұрагерлері алатын болады, бірақ төлемнің кепілді кезеңі аяқталғаннан кейін тоқтатылады. Егер зейнетақы аннуитетінің иесі белгіленген кепілдік берілген кезеңнен асып өмір сүретін болса, ол қайтыс болған жағдайда, мұрагерлер ештеңе алмайды.
Шартқа өз қолыңызды қоя отырып, сіз оның талаптарының барлығымен автоматты түрде келісесіз. Шарт салымшы, сақтандыру компаниясы және БЖЗҚ үшін үш данада жасалады. Зейнетақы аннуитеті туралы шарт жасаған күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде сіз қорға бұл туралы хабарлауыңыз қажет. БЖЗҚ өз кезегінде сіздің қаражатыңызды сақтандыру компаниясына аударады. Бұл сома сақтандыру сыйлықақысы деп аталады. Демек, сіз енді зейнетақы емес, сақтандыру төлемін алып отыратын боласыз деп айтқан жөн. Бұдан былай қаражатты қаржылық құралдарға инвестициялау арқылы сақтандыру компаниясы сақтандыру сыйлықақысын басқаратын болады. Бұл өз сақтандырушыңызды мұқият әрі байыпты таңдау қажет екендігін білдіреді. Айтпақшы, егер сіз сақтандыру компаниясын ауыстырғыңыз келсе, сіз оған заң жүзінде құқылысыз, сіз мұны шартты жасағаннан кейін екі жылдан кейін ғана жасай аласыз.
Сақтандыру компаниясы банкротқа ұшыраған жағдайда жинақтарға не болмақ? Зейнетақы жинақтарының түгендігі және кепілдендірілгені мемлекет пен халық үшін, әсіресе зейнет немесе зейнет алды жасындағы адамдар үшін ең маңызды сұрақтар болып табылады, өйткені зейнетақы төлемдері өз өмірлерінің «алтын» кезеңінде көптеген азаматтар үшін жалғыз табыс көзі болып табылады. Сақтандыру компаниясына аударылған зейнетақы жинақтарының түгендігін қамтамасыз ету мақсатында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық реттеуші бола тұрып төмендегілерді:
- капиталдың жеткіліктілік талаптарын;
- зейнетақы төлемдерін төлеу үшін қажетті резервтерді қалыптастыру
талаптарын;
- активтерді сенімді қаржылық құралдарға инвестициялау талаптарын
белгілеу арқылы сақтандыру компанияларының төлемге қабілеттілігін және қаржылық тұрақтылығын бақылайды және қадағалайды. Сақтандыру ұйымының қаржылық жағдайын нашарлататын факторлар анықталған жағдайда, қаржы реттеушісі қаржылық тұрақтылықты арттыру үшін қажетті іс-шаралардың егжей-тегжейлі жоспарын сұратады. Ал сақтандыру ұйымына қатысты заңнаманы бұзушылықтар анықталған кезде шектеулі ықпал ету шаралары мен санкциялар қолданылады.
Бұдан басқа, Қазақстанда таратылатын сақтандыру компаниясымен жасалған сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру жағдайы кезінде сақтанушыларға кепілдік төлемдерін жүзеге асыратын Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры (СТКҚ) жұмыс істейді.
Осылайша, сақтандыру ұйымы мәжбүрлеп таратылған жағдайда, СТКҚ уақытша әкімшілік тағайындалған күннен бастап сақтандыру портфелін басқа сақтандыру ұйымына беру сәтіне дейінгі кезеңде төлемдердің үздіксіздігі мен уақтылылығын қамтамасыз ету үшін сақтандырушыларға зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру бойынша міндеттемелерді өзіне қабылдайды.
Өзінің болашақ «зейнетақысы» туралы ойлайтындар үшін
Fingramota.kz-тен кеңестер:
1) Табысыңыз ресми болатын жерде жұмыс істеңіз. БЖЗҚ-дағы шотыңызда жарналар сомасы қаншалықты көп тіркелсе, зейнетақы да соншалықты көп болады.
2) Жұмыс берушінің БЖЗҚ-ға жарналар төлейтінін бақылаңыз. Есіңізде болсын, сізге жарналар есептелмейтін жұмыс кезеңдері зейнетақы тағайындау үшін қажетті еңбек өтіліне кірмейді.
3) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ жай-күйі туралы көшірмені әрдайым мұқият зерделеңіз. Әрбір жаңа көшірмені алдыңғысымен салыстыра отырып, сіз өзіңіздің жинақтарыңыздың сомасы қартайған шағыңызға ұлғайғанын немесе ұлғаймағанын қадағалай аласыз. Өзіңіз үшін тиімді зейнетақы жоспарын таңдап, Fingramota.kz-пен қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!