Бензиннің нашар екенін оңай анықтауға болады

0
3 538

Қазір жанармай құю бекеттеріндегі отын сапасы нашар болып жататын жағдай жиі кездеседі.


Бензиннің нашар екенін оңай анықтауға болады

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Көлік багына құйылған сапасыз бензин ақаулардың тууына себеп болуы әбден мүмкін. Егер, қандай да бір уақытта осындай жағдайға тап болсаңыз, бірден дұрыс әрекет жасау қажет, бұл – қозғалтқыштың қымбат бөліктерінің бұзылмауына мүмкіндік береді.


Сапасыз бензиннің зияны

Тәжірибе бойынша сапасы төмен жанармай құюдың зияны әртүрлі болады. Ал, мына жағдайлар солардың ішіндегі ең жиі кездесетіндері:

  • Оталдыру шамдарының жұмыс сапасы нашарлайды;
  • Катализаторда мәселелер пайда болады;
  • Бензонасостың, детонация датчигінің және отын жүйесінің жұмысы бұзылады;
  • Инжекторда бірқатар мәселелер байқалады (Инжекторлы қозғалтқышы бар автомобильдерге қатысты);
  • Оттегі датчигі және т.б. жабдықтарда ақаулар пайда болады.

Жалпы, нашар бензин көп құйылған көліктің көптеген жабдықтарын ауыстыруға немесе тазартуға тура келеді, бұл қаржы мен уақыт шығынын айтарлықтай ұлғайтады.


Жанармайдың сапасыз екенін қалай білуге болады?

Тәжірибелі жүргізушілердің айтуынша, сапасы төмен жанармай құйғанда мыналар байқалуы мүмкін:

  • Жанармай шығынының айтарлықтай артуы;
  • Қозғалыс ауырлап, қозғалтқышта басқаша дыбыстар пайда болады;
  • Газ педалінің реакциясы нашарлайды;
  • Қозғалтқыштың тез қызып кетуі байқалады және т. б.

Сондай-ақ, отынның нашар екенін бірқатар белгілер бойынша анықтауға болады:

  • Бөгде иістер арқылы – ацетон, күкіртсутек және т. б.;
  • Отындағы бөгде элементтердің болуы – егер, бензинді ақ қағазға тамшылатып, бірнеше минут күтсеңіз, нашар жанармайдың орнында кір қалады;
  • Жанармайға судың қосылуы. Ол үшін бензинге марганцовка қосамыз, егер жанармай түсі қызылға өзгерсе, су қосылған деген сөз.



Бакқа нашар бензин құйылса не істеу керек?

Бактағы нашар бензиннің сапасын жақсарту үшін сапалы бензинмен араластыруға болады немесе жанармайды толықтай төгіп, сапалы жанармай құйыңыз.

Сондай-ақ, сапасыз жанармай пайдаланғаннан кейін, міндетті түрде арнайы мамандарға бару керек. Олар көліктің зиян келген барлық жабдықтарын ауыстыру жөнінде дұрыс ақпарат бере алады.

Одан бөлек, қаласаңыз жанармай құю бекетінің басшыларына шағым жасап,тәуелсіз сарапшыларға тексертуіңізге болады. Ол сізден бөлек көптеген жүргізушілерге пайдалы болары сөзсіз.


Сақтық шаралары

  • Жанармайды тек қана тексерілген бекеттерден құю;
  • Отын бағасы орташа нарықтық бағадан төмен жерден жанармай құймаңыз;
  • Кез-келген жанармай құю станциясының сертификаты бар-жоғын және жарамдылық мерзімін тексеріп алыңыз;
  • Сонымен қатар, касса берген түбіртекті сақтап қойыңыз. Ол өз құқығыңызды қорғап, келтірілген зиянның орнын толтыруды талап етуге кепіл болады.


Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


ЖИЫРМА ТӨРТ доңғалақты көлікті НЕ ҮШІН жасағанын білесіз бе?

Қыста әр жүргізушінің КӨМЕКШІСІ болатын құралдар