Көлікті қыстан бұрын күзге де дайындау керек

0
2 808

Жаңбырдың маусымы басталып, ауа райы салқындай бастады. Өткен жылғы қысқы резинаны дұрыс таңдауды қолға енді алып жатырсыз ба?! Ал темір тұлпар қысқы және жазғы маусымнан басқа, күзге де дайын болуды қажет ететінін білесіз бе?


Көлікті қыстан бұрын күзге де дайындау керек

көрнекілік суреттер: ашық дереккөзден

Көлік жағдайын барынша мұқият тексеру

• Күз мезгілі де қыс сияқты. Сондықтан біз қамдайтын ең басты шара – қауіпсіздік, оны қамтамасыз ету үшін көліктің техникалық жағдайын анықтау қажет. Бірінші – дөңгелек резеңкесіне назар аударыңыз. Егер сымдарға дейін жұқарған болса, оны тезірек жаңасына ауыстыру керек. Өйткені, күзгі уақытта жауын-шашын мөлшері артып, жол ылғалданғанда «покрышкасы» жұқарған дөңгелектерді пайдалану қауіп тудырады. Мысалы, көлік басқарға бағынбауы, резеңкесі жыртылуы немесе жол жиегіне шығып кетуі мүмкін. Сондықтан, резеңке тозуының нақты дәрежесін бағамдай біліңіз.

• Келесі кезең – барлық жарықтандыру құралдарының, әйнек тазалағыш щеткаларының жұмысын тексеру. Күзде қараңғы ерте түсетіндіктен, жолда жарықпен көп жүруіңіз мүмкін. Сондықтан, барлық шамдардың дұрыс жұмыс істейтініне, жарықты жақсы беріп, сізді жеткілікті көріну деңгейімен қамтамасыз ететініне көз жеткізіп алыңыз. Жарық беру лампаларын тексергеннен кейін, әйнекті тазалаушы щеткалардың жұмысын тексеріңіз. Қажет болса, щеткаларды ауыстырыңыз, өйткені қатты жаңбырға ескі щетка қарсы тұра алмауы мүмкін.

• Автокөліктер күзде ылғалдың жоғарылығына және салыстырмалы ауа температурасына байланысты қатты коррозияға ұшырайды. Есіңізде болсын, көлік бөлшектері мұндай кезде тез тот басып қалуы мүмкін. Ең бастысы – көлік табанының қандай күйде екенін тексеріңіз, қажет болған жағдайда тот басуға қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу керек.

• Сондай-ақ қауіпсіздік үшін жауапты, негізгі механизм – тежегіш жүйесінің жағдайына үлкен көңіл бөлу керек. Ол үшін тежегіш қалпын, шлангілер жағдайын тексеру керек. Сонымен қатар, тежегішті басқан кездегі көлік реакциясын тексеріңіз.

• Көлік есігіндегі резеңке тығыздағыштар күзде зақымдануға бейім. Себебі, күн жылы кезде тығыздағыштар ылғалмен жабылады да, түнде температура нөлден төмен түссе, онда су қатады. Ашқан кезде не болатынын өзіңіз де білесіз. Сондықтан, тығыздағыштарды матамен тазалап, «силикон, герметик» қабатымен жабыңыз.


Біз айтып отырған бұл нәрселер – автокөлікті тексеруге қатысты шаралар. Ал күзде көлікті қалай айдау керек, жаңа маусымға өзімізді қалай дайындау керек? Осы сұраққа жауап берейік.

• Ең алдымен, көлік жүргізу стилін өзгерту қажет. Біз көпшілігіміз жазда үлкен жылдамдықпен қозғалуға, бұрылыста күрт бұрылуға үйреніп қаламыз, бірақ күзде экстремалды көлік жүргізу стилі туралы ұмытқан жөн. Автомобильді күзде айдау барынша тыныш, бірқалыпты жүру сипатына ие болуы тиіс. Себебі, көлік ылғалды жолда құрғақ жолға қарағанда мүлдем өзгеше күйде қозғалады. Осыған байланысты алдыдағы көлікпен ара қашықтықты сақтауды ұмытпаңыз.

Қорытындыласақ, көлікті күзге дайындау барлық маңызды механизмдердің жарамдылығын тексеруді, тіпті жеңіл ақауларды жоюды, сондай-ақ жүргізу стилін өзгертуді қамтиды. Барлық ережелерді сақтаған жағдайда, Сізге кез келген ауа райында, жылдың кез келген мезгілінде көлік жүргізу қауіпсіз болары сөзсіз.

Тағы бір маңызды мәселе – күзде көптеген автокөліктерге тән әйнектердің булануы. Мүмкін, жаз кезінде сіз бұның не екенін ұмытып кеткен де боларсыз. Ол жайында келесі мақаламызда айтатын боламыз!

Дайындаған: Б.Мейірханұлы

ERNUR.KZ