Шиналардың тозуын тежеу үшін не істеу керек? Тозудың қандай белгілері және түрлері бар? Бүгінгі мақалада осы сұрақтарға байланысты кеңестер ұсынамыз.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Көліктегі басқаларына қарағанда көбірек тозатын бөлшек – шиналар. Өйткені, олар көлік пен жолдың дұрыс жанасуын қамтамасыз етеді. Шиналардың тозуына пайдалану мерзімі және басқа да факторлар (мысалы, жүру стилі) себеп болуы мүмкін. Ал, адамның жолдағы қауіпсіздігі осы «резиналардың» жұмыс қабілеттілігіне байланысты, сондықтан олардың жағдайын мұқият қадағалаған дұрыс.
Тозған шиналармен жүрудің қауіп-қатері
Көлік резинасының жағдайы бірінші кезекте аспаға және жалпы көлік жағдайына әсер етіп, протектордың біркелкі тегіс болмауы немесе тозуы түрлі ақаулар тудырады.
Сонымен қатар, тозған шиналар жоғары жылдамдықпен жүрген кезде өте қауіпті. Өйткені, ауа райы құбылмалы болған кезде көліктің жолмен жанасуы бірнеше есе нашарлайды, бұл – жол апаттарының себебі болады. Мысалы, көліктегі тозған жаздық шина күн қыздырған асфальтте жоғары жылдамдықпен келе жатып, ыстыққа шыдамай жарылып кетуі әбден мүмкін.
Тозудың себептері:
• Жол сапасының нашарлығы. Жолдың кері әсерін азайту үшін көлікті жағдайға сай жүргізуге тырысу керек;
• Жүргізу стилі;
• Көлікті ТҚК-дан уақытылы өткізбеу;
• Шиналардағы ауа қысымы;
• Дөңгелектің дисбалансы;
• Жылдамдық режимі нормаларының сақталмауы;
• Жаз маусымына арналға резинаны дұрыс таңдамау;
• Дөңгелектерді дұрыс орнатпау;
• Рульдік басқару және көліктің жүру бөлігінің ақаулары;
• Шинаның соғылуы немесе тесілуі;
• Шинаның жасалған материалдың сапасыз болуы және т.б.
Сондай-ақ, тағы да ескеретін маңызды факторлар: шиналарды уақыт өте келе ауыстыру керек (максималды пайдалану – 10жыл); көлік бірнеше жыл бойы жүрілмесе де (гаражда тұрса да), резинаны жаңарту қажет; көлік дөңгелектерінде жарықтардың пайда болуы мен беріктігінің төмендеуінің себебі жиі пайдалану ғана емес, қоршаған ортаның әсері болуы мүмкін.
Тозудың түрлері:
Қалыпты тозу
Бұл – тозудың тиімді және стандартты түрі. Қалыпты тозуды қамтамасыз ету үшін артқы және алдыңғы дөңгелектерді мезгіл-мезгіл ауыстырып отыру жеткілікті. Себебі, басқарылатын дөңгелектерге артық жүктеме түседі және ауысып отыратын шиналар бірдей тозады.
Орталық және екі жақты
Бұл екі түрлі тозудың да себебі – дөңгелектердегі қысымның жоғары немесе төмен, яғни дұрыс болмауы. Орталық тозу – қысым жоғары болғанда, ал екі жақты тозу – қысым аз болғанда пайда болады.
Дақ түріндегі және шеңбер бойынша тозу
Дөңгелектердің теңгерімсіздігі (дисбаланс) шиналардың тез тозуына себеп болады. Бұл жағдай көбіне алдыңғы осьтің дөңгелектерінде тіркеледі. Ақауды әдеттегі «балансировкамен» дұрыстап, шинаны өз пішінін толық жоғалтқанға дейін қолдануға болады.
Ал, теңгерімдеу жүргізілгеннің өзінде тозу жылдам жүріп жатса, мәселе салпыншақта (подвеска). Ол ақауды жою үшін амортизаторларды немесе иінтіректерді тексеріп, жөндеу жеткілікті. Сондай-ақ, дақ түріндегі тозу апаттық тежеу жағдайларында пайда болады.
Қабыршақты
Жүк көліктерінің дөңгелегіне тән тіс тәрізді немесе қабыршақты тозу шамадан тыс жүктің әсерінен пайда болады. Тозудың мұндай түріне төтеп беру үшінөте мықты шиналарды таңдау қажет.
Алдыңғы дөңгелектен жиектердің пайда болуы
Алдыңғы дөңгелектердің бір жағынан өткір жиектер пайда болуы мүмкін. Мұның себебі – жүргізу стилінің дұрыс болмауы және сапасыз жол жабыны.
Бойлық тозу
Жетекші оське орнатылатын блоктық протекторы бар шиналарға тән. Тозуға тежегішті шұғыл басу, тік бұрылыстар әсер етеді. Ал, бұл мәселеден дөңгелектің айналу бағытын өзгерту арқылы құтылуға болады.
Тозған шиналарды ауыстыру кезіндегі нормалар мен есептеулер
Шиналарды ауыстыру мерзімін анықтау үшін көлік дөңгелектерін көзбен қарап шығу жеткілікті. Сонымен қатар, төмендегі ескертпелерді де ұмытпау қажет:
• Протектордың биіктігі 1,6 мм-ден кем болса, тозудың ең жоғары шегіне жеткендігі;
• Шиналарды пайдалану мерзімі өндірушіге, резеңке құрамына, жүргізу мәнеріне, жолға
байланысты;
• Шиналардың зақымдануына жоғары жылдамдықпен жүру себеп болуы мүмкін;
• Резиналарды өлшеміне, шыдайтын жылдамдығы мен жүк көтеру деңгейіне қарап таңдау қажет;
• Максималды тозудың нормалары (протектор биіктігінің ең аз өлшемі):
жеңіл көлік үшін — 1,6 мм;
мотоциклдер үшін – 0,8 мм;
жүк көліктері үшін –1 мм;
автобустар үшін – 2 мм.
Автокөлік шиналары тез тозып кетпеу үшін не істеу керек?
Резиналарды пайдалану мерзімін арттыру және оның тозу деңгейін төмендету үшін бірнеше ұсыныстарды ескеру жеткілікті:
• Көлікті дұрыс жүргізбеу тозуға себеп болады;
• Жоғарыдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп отыру қажет;
• Дөңгелектердегі қысым деңгейін үнемі бақылауда ұстау керек.
Тозған резиналар өз қызметтерін дұрыс орындай алмайды және оларды пайдалану кез келген адамға кез келген уақытта қауіп тудырады!
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
Жаздың аптап ыстығына көлігіңіз дайын ба?
Көлігіңізде САЛҚЫНДАТҚЫШ істен шықты ма? ЖӨНДЕП АЛУҒА болады