​Әлемге әйгілі 7 түрлі дәмдеуішті қалай жасайды?

0
3 650

Итальян, француз, ағылшын әдістерімен дайындалған ерекше дәмдеуіштерді өз қолыңызбен жасай аласыз.


​Әлемге әйгілі 7 түрлі дәмдеуішті қалай жасайды?

Бұл дәмдеуіштерді тағамға қосатын болсаңыз, иісі де, дәмі де өзгеріп, ас мәзіріңіздің құпиясын ашуыңызды көптеген жандар сұрайтын болады. Ендеше ерекше дәмдеуіштердің жасалу жолдарына тоқталайық.


Итальянша қоспа мәзірі


Қажетті өнімдер:

  • 1 ас қасық кептірілген насыбайгүл
  • 1 ас қасық кептірілген орегано
  • ½ ас қасық кептірілген розмарин
  • 1 ас қасық кептірілген ақжелкен
  • ½ ас қасық кептірілген жебіршөп (тимьян)
  • ½ ас қасық чили бұрышы
  • ½ ас қасық сарымсақ ұнтағы

Дайындалу тәсілі:

Осы қоспалардың барлығын араластырып, қалаған тағамыңызға қосасыз. Сонда итальянша дәмдеуіш астың дәмін келтіріп, хош иісі мұрынды жаратын болады. Әсіресе ет, балық тағамдары мен түрлі тұздықтарға, дәмдеуіштерге пайдаланғаныңыз дұрыс.


Каджундық өте ащы дәмдеуіш


Қажетті өнімдер:

  • 2 шай қасық тұз
  • 2 шай қасық сарымсақ ұнтағы
  • 2 шай қасық паприка
  • 1 шай қасық ұнтақ қара бұрыш
  • 1 шай қасық пияз ұнтағы
  • 1 шай қасық кептірілген орегано
  • 1 шай қасық кайен бұрышы
  • 1 шай қасық жебіршөп

Дайындалу тәсілі:

Әлемдегі ең жақсы дәмдеуіштердің бірі де осы – каджундық дәмдеуіш. Оны каджундар ойлап тапқан. Жоғарыда айтылған қоспаларды араластырып, ет, балық және көкөністерден дайындалған кез келген тағамға қодануға болады.


Тако дәмдеуіші


Қажетті өнімдер:

  • ½ ас қасық чили ұнтағы
  • ½ шай қасық зире
  • ¼ шай қасық пияз ұнтағы
  • ¼ шай қасық сарымсақ ұнтағы
  • ½ шай қасық қызыл бұрыш
  • ½ шай қасық орегано
  • 1 шай қасық тұз
  • Ұнтақталған қара бұрыш.

Дайындалу тәсілі:

Дәстүрлі мексикалық дәмдеуіш «таконы» өте ащы дей алмаймыз. Бірақ та хош иісі мен ерекше дәмі фаршқа салаттарға, бірінші тағамдарға қосуға ыңғайлы. Барлық қоспаларды белгіленген көлемде алып, араластырсаңыз болғаны.


Ағылшын әдісімен дайындалған дәмдеуіш


Қажетті өнімдер:

  • 1 ас қасық ұнтақталған даршын
  • 1 ас қасық ұнтақталған қалампыр (гвоздика)
  • 1 ас қасық ұнтақталған жұпар жаңғағы (мускатный орех)

Дайындалу тәсілі:

Аталмыш дәмдеуіш «ағылшын бұрышы» деген атпен кең танылған. Оның антисептикалық және асқазан-ішек аурулары мен астан уланудың алдын алатын қасиеттері бар. Дәмдеуішті тұздықтарға, балық пен көкөністен дайындалған тағамдарға қосады. Ұнтақталған қоспаларды араластырсаңыз, ағылшын дәмдеуіші дайын болады.


Асқабақтан дайындалған тағамдарға қосылатын дәмдеуіш


Қажетті өнімдер:

  • 4 шай қасық ұнтақталған даршын
  • 2 шай қасық зімбір ұнтағы
  • 1 шай қасық ұнтақталған қалампыр
  • ½ шай қасық ұнтақталған жұпар жаңғағы

Дайындалу тәсілі:

Асқабақты ұнатпайтындар дәл осы дәмдеуішті қосып дайындаса мұндай тағамнан бас тартпайтын болады. Қоспаларды араластырып, езбе-сорпаға, тарталеткаларға, чизкейктер мен түрлі тәттілерге де қосуға болады.


Алмадан дайындалған тағамдарға арналған дәмдеуіш


Қажетті өнімдер:

1 ас қасық ұнтақталған даршын

1 шай қасық ұнтақталған жұпар жаңғағы

1 шай қасық ағылшын дәмдеуіші.

Дайындалу тәсілі:

Осы үш ұнтақты араластырып, алмадан жасалған пирогтарға, шарлоткаға, вафли, құймақтарға, түрлі пісірмелерге қоса аласыз.

Француз әдісімен дайындалған дәмдеуіш


Қажетті өнімдер:

  • 3 ас қасық кептірілген тасшөп (чабер)
  • 3 ас қасық кептірілген майоран
  • 3 ас қасық кептірілген жебіршөп
  • 1 шай қасық кептірілген насыбайгүл
  • 1 шай қасық кептірілген ұнтақ розмарин
  • ½ шай қасық үгітілген сәлбен (шалфей)
  • ½ шай қасық ұнтақталған фенхель.

Дайындалу тәсілі:

Француз шөптері көбінесе омлеттер мен салаттарға, сорпаларға, ет тағамдарына қосылады. Тұздықтар да осы шөптерсіз жасалмайды. Керекті шөптерді мөлшермен алып, жақсылап араластырыңыз. Содан соң қалауыңызша пайдалана берсеңіз болады.

Дайындаған: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Қырыққабат ТҰЗДАУДЫ білесіз бе?


Өсімдіктердің сүтін ішіп көрдіңіз бе?


АПЕЛЬСИНГЕ салынған ЕРЕКШЕ салат