Әлеуметтік желілерде хит тағамға айналған түріктің «Сигара бөрегін» дайындап көрдіңіз бе?
Өте нәзік әрі қытырлақ бөректерді жұқа қамырға орап пісіреді. Әдетте түріктер бұл тағамды сүзбелі ірімшік мен аскөктен дайындайды екен. Дегенмен, әркімнің тағам талғамына қарай қамырдың ішіне салынатын салманы басқа көкөністермен алмастыруға болады. Ендеше, өте дәмді, тойымды бөректерді өз қолымызбен жасауды үйренейік!
Сүзбелі ірімшік пен лаваштан дайындалған бөректер
Қажетті өнімдер:
- 4 дана лаваш
- 150 гр. сүзбе ірімшік (брынза)
- 1 дана жұмыртқаның сары уызы
- 1 бума аскөк
- Ұнтақталған қара бұрыш
- Жұмыртқаның ақ уызы.
Дайындалу тәсілі:
- Лавашты алдымен дәл ортасынан кесіп аламыз. Сосын осы жарты бөлік лавашты тағы екіге бөлеміз. Сонда үшбұрышты қамыр шығады.
- Сүзбелі ірімшікті үккіштен өткізіп, жұмыртқаның сары уызын, майдалап туралған аскөкті, бұрышты салып, жақсылап араластырамыз.
- Содан соң осы салманы қамырдың бір шетіне ұзынынан салып, ьір ораймыз да, енді қамырдың екі жағын ортасына бүктейміз. Артынша қамырды домалата саламыз. Сонда түтікше тәрізді бөрек шығады. Ал, ұшына жұмыртқаның ақ уызын жағып, ажырап кетпеу үшін жабыстырып қоямыз.
- Табаға май құйып, қыздырамыз да, бөректерді салып қуырамыз. Бөректерді қағаз майлыққа қойып, артық майын сіңдіреміз. Дайын бөректерді таңғы не түскі асқа ұсынсаңыз болады.
Картоп қосылған түтікше бөрек
Қажетті өнімдер:
- Қамыр үшін: 300 гр. ұн
- 150 мл су
- ½ шай қасық тұз
- 10 гр. өсімдік майы.
- Салмасына:
- 400 гр. картоп
- 200 гр. саумалдық
- ½ шай қасық тұз, су қосылады.
- Қуыру үшін: 250 мл өсімдік майы қажет.
Дайындалу тәсілі:
- Қажетті өнімдерді дайындап аламыз. Ол үшін ұнды електен өткізіп, саумалдықты жуып, майдалап турау керек. Картоптың қабығын аршимыз.
- Енді қамырды илейміз. Табаққа ұнды, бөлме температурасындағы суды, тұз бен өсімдік майын құямыз. Жақсылап жұмсақ қамыр илеп, бетін майлықпен жауып қоямыз.Қамырдың июі қанғанша салмасын дайындай берейік. Картопты тұзды суға салып қайнатып, суын төгеміз де, езбе жасаймыз. Езбе суыған соң саумалдықты салып араластырамыз.
- Қамырды 8 бөлікке бөліп, әрбір қамырды дөңгелектеп әрі жұқалап жайып шығу керек. Сосын әрбір қамырды үшбұрышты 6 бөлікке бөліп, кесеміз.
- Осы үшбұрышты қамырдың жалпақ жағына салманы салып, екі жағын ішіне қарай бүктейміз де, қамырды ораймыз.
- Бөректердің қамыры ажырап кетпес үшін ұшына жұмыртқаның ақ уызын немесе су жағып жабыстырып қоюға болады.
- Осылайша дайындалған бөректерді қызып тұрған майға салып, қызарта қуырып аламыз. Бөректер дайын, астарыңыз дәмді болсын!
Дайындаған: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,
Тағы да оқыңыз:
Ерекше ТӘТТІ десерт: Қуырылған СҮТТЕН жасалады
Үйде ҚАРАҚҰМЫҚ таусылды ма? Орнын КҮРІШ пен АРПА алмастыра алады