АЙТ мерекесінде НЕГЕ үй аралау керек?

0
5 715

Маусым айының 5-7 жұлдызында Айт мерекесі болады.


АЙТ мерекесінде НЕГЕ үй аралау керек?

фото: aruna.kz

Санаулы күндерден соң қасиетті мерекелеріміздің бірі ораза Айт мерекесі басталады. Айт мерекесі – жақсылық жасауға, қайырымдылық танытуға, туған-туыстың басын қосуға, ағайын-досты іздеуге, жоқ-жітікке көмектесуге, жетімнің басынан сипап, қамқорлық көрсетуге үндейтін қадірі мол мереке.


Ұясында көргенін ұшқан жерінде де жалғастыратын қазақтың ұрпағы емеспіз бе? Өз үйімдегі дәстүрді қайынжұртымда да жасағым келіп тұратын әдетімнен арылмай-ақ қойдым. Келін болып түскен жылы бір айдан соң Рамазан айы басталды. Атам, әжем ораза ұстайтындықтан маған сәресі дайындау жат дүние болған жоқ. Өз үйімде Алланың разылығы үшін, ата-әжемнің алғысын есту үшін сәресі дайындауға анаммен бірге жарысып тұратынмын. Мұнда да атам мен енеме сәресі дайындап, келіндік міндетімді атқарып жүрдім.

Отыз күн оразадан соң асыға күткен Айт мерекесі де келді. Күн бұрыннан дәмді тағамдар, тәттілер пісіріп дайындықты бастадым. Таңертең ерте тұрып, дастарханды жайнатып жасап қойдым. Бірақ ешкім айттап келмеді. "Бұл елдің адамдары айттамай ма?" деп енемнен сұрап қоямын. Сөйтем, тек қайтыс болған үйлерге ғана құран бағыштауға және жаңадан келін түсірген үйге құтты болсын айтуға ғана барады екен. Айт мерекесінің екінші күнінде жолдасым екеуміз ата-анамның үйіне бардық. Мұндағы өзім көрген өзгерістер туралы айтқанымда, әжем:


«Балам, кеше келіп төр менікі деуің жарамайды. Не жасағың келеді алдымен енеңе айт. Тіпті қандай тамақ пісіруді де енеңнен сұра. Анаң әлі күнге дейін менен сұрайды. Бұл сыйластықтың үлкен түрі. Төркіндегі дәстүрді қайынжұртыңа өткіземін деп әуре болма. Мұндағы дәстүрді жалғастыратындар басқалар. Бұдан былай ойыңа алған ісіңді үйіңдегілермен ақылдасып ал», деді.



фото: everything.kz

Ал анам керісінше, білмегендерін айтып білдіруімнің керектігін, ешкім келмесе, арнайы барып шақырып келуімді айтты.

«Ешкім келмеді деп отырма. Көршілеріңді Айт мерекесімен құттықтап, дәм ауыз тиіңіздер деп арнайы шақыр. Реті келген кезде осыны дәстүрге айналдырайық, айт мерекесінде бір-бірімізді құттықтап, бір-біріміздің үйімізге айттайық деп ұсыныс таста.

Айт мерекесі алысты жақындататын, бауырмалдылықты арттыратын, татулыққа шақыратын ұлық мереке. Мәселен, ренжісіп қалған екі көрші сенің себебіңнен татуласып кетуі мүмкін. Міне, үйді аралап, дәм ауыз тигеннің астарында тәрбие, өнеге жатыр. Ізгі амалдар арқылы өзгелерге үлгі болу керек», деді.


Әжемдікі де, анамдікі де жөн. Бірақ биыл міндетті түрде енеммен ақылдаса отырып, арнайы дастархан жасаймын деп ниеттеніп отырмын.


Басқалардың да мереке туралы түсінігін білу мақсатында әлеуметтік желі арқылы достасқан апайларым мен құрбыларымнан «Айт мерекесін қалай қарсы аласыздар?» деп сұраған болатынмын. Жауаптарын бірге оқиық.


Ұлжан Исабекқызы, Түркістан облысының тұрғыны:

— Айт мерекесін бала күнімізден ерекше атап өтеміз. Дастархан жайып, түрлі тағамдармен, тәттілермен толтырамыз. Көршілер, ағайындар арнайы келіп, дәм ауыз тиеді. Өткендерге құран бағыштап, отбасымызға амандық тілейміз, бір-бірімізге алғыс білдіреміз. Айт намазынан соң көршілер, ағайындар бірігіп бір-біріміздің үйімізге айттаймыз. Мерекені көңілді етіп өткізуге тырысамыз.

Әкем марқұм Айт мерекесін Айт намазынан бастайтын. Таңертең ерте тұрып, жуынып, таза киімдерін киіп мешітке кететін. Сонда мешітке бір жолмен барып, үйге екінші жолмен қайту керек дейтін. Көшеде кездескен үлкенді-кішімен түгел амандасып,үйге шақырып келуді әдетке айналдырған-ды. Ал анам дастарханды жазып, шелпек, бауырсақ, қаттама, талқан, тары секілді құнарлы әрі тойымды тағамдармен толтыратын. Асықпайтындарға тамақ беретін. Үйге келгендер тек тамақ жеп қарын тойдырмайтын, өнегелі әңгімелер естіп, өсиеттерге құлақ түріп, рухани байып қайтатын. Бұл жыл сайын қайталанатын дәстүр еді.


Ауыл ақсақалардары мен мешіт имамы ақылдасып, жағдайы төмен отбасының балаларына азық-түлік, киім-кешек, сыйлықтар үлестіретін. Науқастардың көңілін сұрап, қажетті көмектерін көрсететін. Ауылдың үлкен-кішісі бір туғандай болып дастарханға жиналып, мәре-сәре болатынбыз.


Бүгінде сол дәстүрді өз шаңырағымда жалғастырып, ұл-қыздарыма өнеге болып жүрген жайым бар.


Балнұр Аширова, 2 баланың анасы:

— Біздің отбасымызда барлық мерекелерді атап өту дәстүрге айналған. Әсіресе айт мерекелеріне ерекше дайындық жасаймыз. Әкем үйдегілердің үлкенінен бастап кішісіне дейін жаңа киім әкеледі. Ал анам жайнатып дастархан жаяды. Бір апта алдын үйдің іші-сыртын тазалаймыз. Қоқыстың бәрін шығарамыз. Есік-терезелерді сүртіп, перде-кілемді жуып, тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Айт мерекесінде бәріміз жаңа киім киіп, дәмді тағамдармен толтырылған дастархан басында бүкіл отбасымызбен жиналамыз. Әкеміз айттан-айтқа аман-есен жеткенімізге шүкіршілік етіп, бәріміздің амандығымызды тілеп Алладан сұрайды. Бір-бірімізге тілек айтып, жақсы көретінімізді, ренжіткендеріміз кешірім сұрап, жіберген қателіктерімізді қайталамауға отбасымыздың алдында сөз береміз. Әкеміз бен анамызға сыйлық жасаймыз. Бұл дәстүр тұрмысқа шыққан соң да өз жалғасын тапты. Біздің отбасылық салтымызға ата-енем қарсылық танытпайды. Егер олардың жұмыстан шыға алатын мүмкіндіктері болып жатса ата-енеммен, жолдасыммен бірге келіп, ата-анамды айт мерекесімен құттықтаймыз. Жалпы, айт тағатсыздана күтетін мерекелерімнің бірі.


Ұлмекен Ташимова, Алматы қаласының тұрғыны:

— Айт – мұсылмандардың мерекесі. Айрықша атап өтеміз деп айта алмаймын. Өйткені мереке жылда демалыс күніне тура келе бермейді. Сондықтан да жұмыстан шыға алмай жатамыз. Бірақ отбасым үшін, балаларым үшін тәттілер пісіріп, дәмді тағам дайындаймын. Дастарханды да күндегіден өзгешелеу етіп жасауға тырысамыз. Бірақ ерекше атап өтетін дәстүрлеріміз жоқ екен.

Ал үй-үйді аралап айттап жүрген үлкендерді де көрмеппін. Бірақ мешітке пітір садақаны беріп, қолдан келгенше жақсылық жасаймыз.


Ал сіздер ше, Айт мерекесін қандай өзгешелікпен қарсы аласыздар? Ойымызды ортаға салып отырайық.


Жазып алған - Ләззат Ахметова,

ERNUR.KZ

Оқи отырыңыз:


ПІТІР САДАҚАНЫ қай кезде берсе САУАБЫ мол болады?


Қыздың ЖАСАУЫНА мына ЕКІ затты қосуға БОЛМАЙДЫ


ТӨС жемеген КҮЙЕУ БАЛА қандай КЕРЕМЕТТЕН қағылады?