АЛТЫ АЙЛЫҚ сәбидің "БАУЫРЫНАН ТАБАҚ ЖҮГІРТУ" не үшін жасалады?

0
15 882

Бұл ДӘСТҮРДІ орындамаса НЕ болады?


АЛТЫ АЙЛЫҚ сәбидің

фото: eva.vn

«Қариясы бар үйдің – сарқылмас қазынасы бар» деген ұлағатты сөз ата-әже көрген әрбір баланың бойында байқалады. Шынында да ата-әжесі бар үйдің ұлы үлгілі, қызы өнегелі. Өйткені тәлім беріп, тәрбиелеп отыратын, салтымызды санасына сіңіріп, дәстүрімізді дәріптейтін ата-әжелері бар. Олар тілге шешен, дәстүрге берік.

Бұған дәлел ретінде құрбым Айшаны айта аламын. Оған «Сенің білмейтінің жер астында» деп өзара қалжыңдасатынымыз бар. Өйткені бізбен құрдас бола тұра көпті біледі, терең саралай алады. Мейірімділік, жанашырлық, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл қасиеттерді бірінші орынға қояды. Сонымен қатар біз естімеген дәстүрлермен таныстырып жүреді.


Дәстүр демекші, халқымызда ұмыт бола бастаған немесе кей отбасылар ғана ұстанатын дәстүрлер бар екен. Соның бірі – «Бауырынан табақ жүгірту» дәстүрі. Мұның жасалу жоралғысына қарап дәстүр емес, ырымға ұқсаттым. Өйткені әрбір шаңырақтың бесігінде тербеліп жатқан сәбилерге мұндай тойды жасай бермейді. Бұл ұзақ уақыт аңсап жүріп немере сүйген ата-әженің қуанышынан туындаған той секілді.

Айтса айтқандай-ақ, Айшаның ағасы он жыл бұрын шаңырақ көтергенімен, бесігі былтыр күзде тербелді. Жеңгесі әлди айтып, қуаныштарын алыс-жақынмен бөліскен еді. Ал енді олар сәбилері 6 айға толғанда «Бауырынан табақ жүгірту» тойына қызу дайындықты бастады.

фото: ru.aliexpress.com


Бұл қуанышты жиынға Айшаның жақын құрбысы ретінде біз де шақырылғанбыз. Тойға баратын кезде ақжарма тілектер айтуға алдын ала дайындалатын әдетім бар еді. Той туралы толыққанды мәлімет білгім келіп, ғаламтор айдынында жүзіп шықтым. Бірақ сұрағыма тұщымды жауап таппадым. Содан Айып Нүсіпоқасұлы мен Әкімбай Жапарұлының «Ағаш бесіктен жер бесікке дейін» деген кітабы қолыма түсті. Парақтасам, іздегенім алдымнан шықты.


«Бауырынан табақ жүгірту» дәстүрі туралы аз-кем мәлімет берілген екен. Назарларыңызды жазбаға аударғым келеді.


...Туылғанына 5-6 ай болып, талпына бастаған сәбиді тез аяқтансын деген мақсатпен туған-туыс, көрші-қолаңды шақырып, баланың «бауырынан табақ жүгірту» ырымын өткізеді.


Онда ауылдың өнегелі, инабатты кісілерінің бірі арнаулы дайындалған бір табақ асты қолына алып, оны талпынып тұрған баланың оң жағынан сол жағына, сол жағынан оң жағына қарай өткізіп:

– Балапандай талпын да,

Аршында бөпем, аршында!

Желмаядай желгек бол,

Қас тұлпардай сергек бол! –

деген игі тілек білдіріп, табақтағы астан алдымен баланың өзіне дәм татқызып, қалған асты жиналған жұртқа үлестіреді. Дәмнен ауыз тиген ел қариялары ақ батасын беріп, сәбиге тілек арнайды, – деп келтірілген.

фото: bjpes.fr

Бұл ырымның өзі жайдан жай жасалмаған екен.


... «Бауырынан табақ жүгіртудің» де өзіндік мән-мағынасы, ойға алған мақсаты бар. Талпынып тұрған бала бауырын ыстық тамақтың лебі шалғанда, жүйке клеткалары тітіркеніп, бойын тік ұстап, тезірек аяқтануға ұмтылады. Міне, осыдан бастап омырау сүтімен қоса, қазан тамақтары да балаға беріледі. Нәрлі, құнарлы, дәруменге толы азықтармен тамақтанған бала ет алып, буыны бекиді әрі тәй-тәй басып жүруіне септігін тигізеді, деген екен.


Иә, қазақ қай істі де бастаудан алдын бата алған. Жақсы нәтижеге жету үшін ырымын жасаған. Әсіресе, жас нәрестеге жасалатын ырымдардың санына жете алмасымыз анық. Қалай десек те, жақсы ырыммен жасалған той берекелі болсын, асыл ниетпен жайылған ақ дастархан дәмге толсын!


Жазып алған - Асыл АРМАН,

Оқи отырыңыз: