Қандай жағдайда неке қиылмайды?

0
22 236


Қандай жағдайда неке қиылмайды?

Фото: toibiznes.kz

Неке - қасиеттi ұғым. Қазақ халқы «ақ неке» деп ардақтайтын бұл ұғымды керемет қастерлеген. Адал болып есiгiнен енген жартын «Ақ некелi жарым» деп жоғары бағалайтын. Бас қосқан ер мен әйелдiң мiндеттi түрде некесi қиылады. Ол көпшiлiк алдында жасалатын дәстүрлi жиын. Некесi қиылмаған адамдарды халық «некесiз» деп сөккен және олардан туған балаға некесiз, тексiз деп салқын қараған. Неке қию – адамның Аллаһ, қоғам және өзiнiң алдында үлкен жауапкершiлiкке бой ұсынуы. Бiр-бiрiн сүйетiн ер мен әйелдiң өзара түсiнiстiк, адалдық пен сабырлылық қағидаларын ұстана отырып, махаббат пен тыныштықты сақтап, бiр-бiрiне қамқорлық етуге, өмiрлерiн жайлы жасауға және осы махаббат пен мейiрiмдiлiк ортасында өз балаларын тәрбиелеп, бақытты да берекелi отбасын құруға бағытталған жауапкершiлiктiң бiр түрi.

Неке қиюдың да өз шарты бар

Некенi сол елдiң молдасы қияды. Неке қиылатын кезде әлгi молда екi жақтың келiсiмiн сұрайды. Өз қалауларымен қосылып жатқан болса, еш кедергiсiз некелерi қиылады.

Негiзiнде неке қию «бердiм» деп тапсырудан және «алдым» деп қабылдаудан тұрады. Бiрiншi жақ тапсырады, екiншi жақ қабылдайды. Неке қию кезiнде кәмелет жасына жеткен, ақыл-есi дұрыс, ерiктi, неке сөздерiн еститiн, бұның неке қию екенiн толық түсiнетiн екi ер кiсi куә болады. Егер бiреуi ер, екiншiсi әйел болса, онда әйел кiсiнiң жанына тағы бiр әйел қосылады. Сөйтiп куәгерлердiң көзiнше неке қиылады. Неке қию кезiнде жiгiт қызға қалаған бiр сыйлығын алып беруге уәде етуi керек. Оны шариғатта «мәһр» деп атайды. Мәһрдiң мөлшерi тым көп те, тым аз да болмау керек. Бұл сыйлық әйелдiң жеке меншiгi болып табылады. Ол ажырасқан жағдайда да бөлiнуге түспейдi. Бұрынғы кезде мәһрдi күмiспен беретiн болған. Ал қазiрде алтынмен айырбасталған. Кейбiр жұбайлар өзара келiсiп, керектi заттарын айтуда. Бiрi ұялы телефон десе, ендi бiрi үйдi армандайды. Десек те, әйел қандай нәрсе сұраса да ол мiндеттi түрде берiлуi керек.

Неке қиылған соң неке суы iшкiзiледi. Неке суын құятын ыдыс молда алдына қойылып, жерге ұшына матаның қиындысы байланған садақ шаншылады. Садақ шаншу некенiң берiк болуын меңзейдi. Ыдысқа таза суды молданың өзi құйып, бетiн мата кесiндiсiмен жауып, дұға оқиды. Дұға оқып болған соң ол қалыңдықтың жүзiгiн алып суға батырып, өзiне қайтарып бередi. Содан соң күйеу жiгiтке қарап, өмiрлiк жарына қорған болуы керектігін өсиет етіп айтады. Ал кей өңiрлерде неке ыдысына су құйылып, қалыңдық ыдысқа күмiс сырға немесе сақина тастайды да, ыдысты ақ орамалмен жабады. Күйеу жiгiт сол орамалдың шетiне ағаш байлайды. Неке қиылып болған соң неке ыдысындағы әшекейдi қайта алып, оны некелерiнiң белгiсi ретiнде сақтайды.

Сонымен қатар неке суына аздап тұз, қант қосылады. Су – екi жастың пәктiгiне, тұз – егер екi жастың бiрi келешекте опасыздық етiп, некенi бұзса, дәм атуына, қант – екеуiнiң тату-тәттi өмiр сүруiне деп ырымдалған, ал сақина неке ескерткiшi, некенi мәңгiлiк еске түсiрiп тұратын белгi ретiнде саналған. Күйеу мен қалыңдық ыдыстың бiр жерiнен iшу керек. Бұл олардың ендiгi жерде бiрге болатындықтарын бiлдiредi. Содан соң қалған суды қатысып отырған куәлар iшiп шығады. Ақ орамалды куәлар алады. Некесi қиылған жастар ерлi- зайыптылар болып саналады. Үлкендер жақсы тiлек тiлеп, қол жайып бата бередi.

Неке қиылған соң қыз бен жiгiттiң жеңгелерi Құран ұстап, бiр жалпақ нан, ақ жайма алып, үйге кiредi де, жас жұбайларға төсек салып бередi. Ертеңiнде екi жеңге келiп күйеу жiгiттен «көңiлiң толды ма?» деп сұрайды. Ақ жайманы қарап, егер қыз абыройлы болса, қыз үйiне қуанышты хабар айтып, сүйiншi алады. Ал керiсiнше болып шықса, әлгi жалпақ нанның ортасын тесiп апарады. Мұндай жағдайда қыз жағы ел бетiне қарай алмайтындай халге жетедi.

Неке қай кезде қиылмайды?

Шариғат бойынша қалыңдық екiқабат болса неке қиылмайды, ол босанғаннан кейiн қиылады. Жетi атаға толмаған қыз, жiгiт некеге отырғызылмайды. Неке туралы ислам дiнiнiң өз заңы бар. Кейде өзбек, қазақ, қырғыз, татар, башқұрт сияқты түркi халықтары қыз алысып, қыз берiсiп жатады. Бәрi де ислам қауымынан болғандықтан мұндай некеге рұқсат етiлген. Егер қазақ жiгiт орыс қызын алатын болса, ол әйел мұсылман дiнiне кiрiп, тiлiн, салт-дәстүрiн толық мойындайтындығы туралы уәде берiп, оны орындауы керек. Некеге сонда ғана рұқсат берiлген.

Ләззат Ахметова.

ERNUR.KZ