​Қара ШАҢЫРАҚТАҒЫ қайсы ЗАТТЫ бұзуға болмайтынын білесіз бе?

0
13 809

Бұл ЗАТТЫ бұзсаңыз - ҚҰТЫҢЫЗ қашып, БЕРЕКЕҢІЗ жоғалады екен. Басыңа БАҚ қонып, ЫРЫС дарытқыңыз келсе, осы ЗАТТАРДЫ сақтаңыз.


​Қара ШАҢЫРАҚТАҒЫ қайсы ЗАТТЫ бұзуға болмайтынын білесіз бе?

иллюстрациялық фото: azan.kz

«Анамның көзін көрген жүк», «Әкемнің иісі сіңген тақия» деген сөздерді сіз де жас кезіңізде анаңыздан, әкеңізден талай рет естіген боларсыз. Көзі кетсе де, көзін көрген заттармен анасына деген сағынышын басатын еді менің де анам. Арқасынан келген көнерген сандығын, ескірген көрпе-төсегін, сыры кеткен ыдысын тастауды сөз етсең, қызғыштай қориды. Ал әкем болса атасының қолы тиген қораға, маңдай терімен еккен бауға, тіпті, ескі асүйдегі сынық тандырға дейін қадір тұтатын. Ал бұл заттар бізге ескі көрініп, құтылудың жолын іздейтінбіз. Бұл әрекетімізбен ата-анамыздан жақсылап сөз естіген кездеріміз де болған. Бірде әкемнің бізді жанына шақырып алып, айтқан мына сөзі әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұрады.


«Балалар, сендерді түсінемін. Ауланы, үйді бүгінгі заман талабына сай етіп жасағыларың келеді. Өткенде Арсеннің (үлкен ағам) «Бауды бұзып, екі қабатты үй саламын» деген сөзі жүрегімді жылатты. Бұл үйде менің балалығым, жастық шағым өтті. Әкем осы үйде отырып маған өсиет айтты, анам осы үйде дастархан жайып, бізді тамақтандырды. Талай естелігім бар. Бұзуға қолым бармайды, рұқсат та бере алмайды екенмін. Ары ойланып, бері ойланып мына шешімге келдім», - деді әкем.


Жанында отырған анам да көз жасын орамалының шетімен сүртіп отыр.


«Сендерден сұранарым. Көзіміздің тірі кезінде үйді, бауды бұзуды әсте ойламаңдар. Біле білсеңдер, біздің берекеміз осы үйдің кірпішімен бірге қаланған. Бұрынғы өткен аталарымыз қара шаңырақтағы кей заттарды бұзуға жол бермеген.


Біріншісі, ҮЙДІ БҰЗДЫРМАҒАН. Себебі айтпаса да түсінікті. Үйді бұзғанша басқа жер сатып алып, жаңа үй салыңдар. Бұл маған әлдеқайда жеңіл болмақ. Бұл үйді салуға үлкен-кіші бәрі жұмылған. Еңкейген кемпірлер мен қарнында баласы бар әйелдер де көмектескен. Ол кезде казіргідей дайын кірпіш қайдан болсын. Лай мен сабанды араластырып, қолдан кірпіш құятынбыз. Бала болып біз де қарап тұрмадық. Сабан тасыдық, лай әкелдік. Таңның атысы, күннің батысы еңбектендік. Таласа-тармаса тамақ жедік. Аз іс тындырғанымызға масайрап төрден орын алатынбыз. Сонда ата-әжелеріміз, әке-шешеміз бізден қалған тамақты талғажау ететін. Қаншама күш, қанша еңбек сіңді, тер төгілді. Соны біле тұра шаңырағымды ортамызға түсіремін дейсіңдер. Оны көргенше, тірідей көмілгенім артық болар. Құс екеш құс та өз ұясын бұзбайды ғой.

Екінші, БАУДЫ БҰЗУҒА БОЛМАЙДЫ. Қазақта «Бір тал кессең, он тал ек», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген мағыналы сөз бар. Тереңіне үңілсең атаң еккен бауды меңзейді. Қартайған, жеміс салуды тоқтатқан ағашты кесуге рұқсат бар. Бірақ уақыт оздырмай жаңасын отырғызу керек. Өздерің де аталарың қайтқан соң бірталай ағаштың жеміс бермей қойғанына куә болдыңдар. Сонда оны түбімен қопарып тастамай, баптап күту керек еді. Ол өзін баптайтын күтушісінен айырылған соң жетімсіреп қалды ғой. Жетімнің де басынан сипап, бауырыңа тартсаң, мейірленеді емес пе? Сол секілді ағаштың жаны болмаса да жүрегі бар, көзі болмаса да көңілі бар.

фото: agrognom.ru

Үшінші кезекте, ТАНДЫР. Сендердің көздеріңе сүйелдей болып көрініп тұрған тандырда менің анамның, әкемнің қолының іздері бар. Тандыр осы шаңырақ тұрмақ, бір көшені тамақтандырған десем артық айтпаймын. Анамыз тандырға нан жабатын, шоғына тамақ, сүт пісіретін. Тандырға піскен нанның иісі-ақ тойдырып қоятын. Тандырға піскен нанда береке бар. Дүкеннен алған нанды өздерің де, балаларың да суы қашты деп ертеңіне жемейсіңдер. Ал тандырдың наны апталап тұрса да ескірмейді, көгермейді, күші де кетпейді. Тандыр нанының құнары мол, қуаты басым, деді әкем.

фото: dumskaya.net

Әке сөзінде жан бар. Бірақ бүгінде тандырға нан жауып, баудан жеміс үзіп жеп жүргендерді жиі кездестіре бермейміз. Атасынан қалған үйде тұрып жатқандарды да өз арамда білмейді екенмін. Ертең біздің де жасымыз келіп, қартайған шағымызда үйімізді, бауымызды, әкеміздің қолымен салынған дүниелерді бұзуға қимай отыратын шығармыз. Қара шаңырақ қашанда киелі емес пе?! Сіз қалай ойлайсыз, патша көңілді оқырман? Әкемнің айтқандарымен келісуіміз керек пе, әлде... Сіздердің пікірлеріңіз бен кеңестеріңіз артық болмайтын еді...


Жазып алған - Асыл АРМАН,

Оқи отырыңыз: