Құрсақ көтермеген келіннің көңілі де көтеріңкі болмайды. Күйеуінің қабағы ашылмай, сыйластықтарына сызат түсуі мүмкін. Үлкендер тарапынан сұраулы жүздер мен қатулы қабақтарды аңғаруға болады. Екі жаққа да ой саларлық, алаңдатарлық мәселе туындайды
Бойжеткен қыздың бөтен шаңыраққа келін болып түсетіні ақиқат. Өз үйінің оң жағынан ұзатылған соң бірінші міндеті барған жерінің ұрпағын жалғастырып, отын өшірмейтін – бала көтеру керек. Бұл әрбір қазақ шаңырағының үкілі үміті мен асқақ арманы. Жас келіннің етегін аңдып, жүрісін бағамдайтын абысындар қатары уақыт өткен сайын арта түседі. Егер олардың күткен хабарынан 3-4 айда сүйінші сұралмаса, келіннің енесіне сұрау салынады. Айналадағы әйел тұрмақ, ер кісілерді де осы сұрақ мазалайды. Сосын бұл бүкіл ауылдың мәселесіне айналатыны жасырын емес.
Құрсақ көтермеген келіннің көңілі де көтеріңкі болмайды. Күйеуінің қабағы ашылмай, сыйластықтарына сызат түсуі мүмкін. Үлкендер тарапынан сұраулы жүздер мен қатулы қабақтарды аңғаруға болады. Екі жаққа да ой саларлық, алаңдатарлық мәселе туындайды.
Қызын ұзатқан жаққа да, ұлын үйлендірген жаққа да некеден кейінгі ең керек бақыт – бала.
Баласының екеу болғанына қуанған ене келін түскен кезде-ақ ұл немерелі болу үшін оған ырымдап алғаш сойылған малдың ұлтабарын жегізеді. Ал егер келін бойына біткенін біліп, абысындары арқылы енесіне жеткізсе, онда ененің қуаныштан жүрегі жарылып, «Келінді атамыздың аруағы біліп, қолдап жүрсін» деп ауылдағы үлкен үйдің оң керегесіне ақ орамал таңады, осы «керегеге орамал таңу» ырымынан кейін келіннің жүкті екенін бүкіл ауыл біледі.
Егер жас келіншектің асқа тәбеті шаппай, жиі-жиі лоқсып, құсып жүргенін байқаса, оны қазақта «жерік болу» деп атайды. Осы кезде оның әлде бір асқа ықыласы, тәбеті ерекше ауады да тұрады. Мұндайды енесі ауыл әйелдерін шақырып, қонақ етеді. Осы кішігірім той «Құрсақ шашу» делінеді. Бұл томалаққа жиналған тәжірибелі аналар өз үйлерінен бір-бір дәм пісіріп әкеледі. Оның себебі – келіннің жерік болып жүрген асын тауып беру. Егер осы асы таптырмаса, яғни «жерігі қанбаса», ол босанғанша ішкен тамағын құса береді, тамағы бойына сіңбейді. Мұны халық «ит жерік болу» дейді. Ит жерік болып дүниеге келген сәбидің ес жиғанша аузынан сілекейі аққыш болады деп ырымдайды.
Ене аяғы ауырлаған келінінің мезгілімен тамақтануына баса көңіл бөледі, оған көбінесе ақтан жасалған тамақтарын береді. «Іштегі бала шымыр болсын» деген ниетпен келінге сағыз шайнатады. Жерімізде жиі кездесетін құм сағыз, жер сағыз, қарағай сағыздардың ішінен құм сағыз ғана таңдалып алынады. Тәбеті тартса рауғаш, қымыздық жеуі керек. Рауғашты жесе сәбидің көзі көреген, құлағы естігіш болады, ал қымыздық баланың тәбетін ашады.
Жүкті әйелге көбіне жас малдың етінен қайнатылған сорпа ішкізіп, ірімшік жегізеді. Ірімшік жеген ананың сәбиінің сүйегі берік болады деген сенім бар.
Келін жүкті кезде тазалыққа ден қою керек. Жиі шомылып, жұпар иісті иіссу себініп жүруі керек. Ананың көңілді жүруі іштегі балаға оң әсер береді әрі баланың тыныс мүшелерінің жақсы жетілуіне ықпал етеді. Жүктілік кезде бет жарылып, дақ түспеу үшін бие сүтінің көбігін бетке жағу керек.
Тістің тазалығына да мұқият болыңыз. Өйткені тамақ қалдықтарынан бөлінетін жағымсыз дәм мен иістер іштегі балаға кері әсер етуі мүмкін. Мұның алдын алу үшін күніне екі рет – таңертең және жатар алдында тұз сумен ауызды шаю керек.
Парасаты мен пайымы жоғары ене келінінің көтеріңкі көңіл-күйде жүруі үшін «келін көңіл» деп аталатын жастардың қызықты басқосуын ұйымдастырып, келініне жиі-жиі ән-күй тыңдатқызады. Халықта «екіқабат келін жыласа, оның баласы жасық болып туады» деген түсінік бар. Соны ескеріп, шошынбас үшін қайғылы хабар болса, қашан аман-есен босанғанша, естіртпеуге тырысады. Мезгілімен ұйықтатып, таза ауада мейлінше жиі болып, сергек жүруін қадағалайды.
Міне, мұның бәрі ене тарапынан атқарылатын игі іс. Жүкті келінді босанғанша, осылай қадірлеу – өз ұрпағыңызды қадірлеу болып табылады.
Ләззат Ахметова,
ERNUR. KZ