​ҚЫДЫР ата КІМ, ол ҚАЙДАН келеді?

0
12 608

Қыдыр ата шаңырағыңызға келіп құт қондырып, қыдыр дарыту үшін не істеу керектігін білесіз бе?


​ҚЫДЫР ата КІМ, ол ҚАЙДАН келеді?

фото: uralskweek.kz

Бұл мақаланы жазуыма балабақшаға баратын төрт жасар ұлымның санасын жаулаған сан-алуан сұрақ себеп болды. Наурыз мерекесіне орай өткізілген ертеңгіліктен зор әсер алған ол жаныма келіп: «Анашым, Қыдыр ата кім, қайдан келеді? Ол қайда өмір сүреді? Аяз ата екеуі дос па? Олар бір үйде тұра ма? Неге бірге жүрмейді?» деген сұрақтарды бірінен соң бірін қойып ойландырып тастады. Ал енді кішкентайдың сұрақтарына жауап беріп көріңіз.


фото: qarmaqshy-tany.kz

Аяз атаны тек жаңа жыл кешінде көреді, ал Қыдыр ата Наурыз мерекесіндегі ертеңгілікте жүреді. Екеуінің де қолдарынlа таяғы, сақал-мұрты болады, кішкентайларға айтар бата-тілектері мен үлестіретін сыйлықтары бар. Жастары да бір-бірімен шамалас. Баланың ойынша олар «достар». Шындығында да баланың басын қатыратын ой.

Наурыз тойы Қыдыр атасыз өтпейді. Тойдың сәні мен салтанаты - біздің ұғымымыздағы қазыналы Қыдыр қария. Ол мерекеге арнайы келіп, жиылған жұртқа бата-тілек айтады, ізгі ниетін білдіреді. Танымасақ та, тіпті нақты кім екенін білмесек те керемет сыйлап, қастерлейміз. Жалпы, Қыдыр ата кім? Ол туралы қандай қызықты деректер бар. Ендеше, ғаламтор айдынынан іздеп көрейік...


Қазақ ұғымында

Қыдыр атаны – ырыс пен құт дарытатын, бақ пен берекеге байытатын, ынтымақ пен бірлікке үндейтін батагөй қария ретінде таниды. Оның үстіндегі ақ шапан – ақылдылықтың, ақ сақалы мен мұрты – даналықтың, қолындағы ақ таяғы – жақсылыққа бастайтын жол секілді көрінеді. Оны көргенде жол беріп, амандаспау мүмкін емес. Көзінен нұр, жүзінен шуақ шашатын бұл қарияны ұзақ уақыт күтіп, көргенде талайдан бері аңсап жүрген арманымыз орындалғандай қуанатын едік бала күнімізде.

Ал ауылымыздағы әжелеріміз бен үлкен апаларымыз Наурыз мерекесінің қарсаңында үй ішін шаң-тозаңнан тазартып, кілем, киізді далаға шығарып шаңын қағып, кір-ласты жуып тазалайтын. Қазанды отқа қойып, толтырып дәм пісіретін. Дастархан жайып, молынан ақ тағамдарын, тәттілер мен бауырсақты, асылған ет қоятын. Есік-терезені ашып, келген қонаққа ізеттілік танытатын. Қайыр сұрап келгендердің де қолын қайтармайтын. Жақсыға да, жайсаңға да биязы мінез көрсетіп, құрметтейтін.

Өйткені, олар түрлі кейіпте келетін Қыдыр атаны күтетін. Әжем «Қыдыр ата қаласа, адам кейпінде есік қағады, қаласа шыбын болып тамаққа қонады, тіпті, жәндік болып үйдің айналасында да жүруі мүмкін. Кез келген кейіпте келіп құт дарытып кетеді» дейтін. Мұны естіген келін-кепшіктері қатулы қабақтарын жазып, көңілдерін көтеріп, көрінгенге көпшіл болып алатын. Тіпті, есік алдындағы жәндіктерге де мейіріммен қарайтын. Сол кездерде мен де осы сөздерге сенген едім. Бүгінде саралап қарасам, үлкендердің жастарды бірлікке, татулыққа, тазалыққа, кеңпейілділікке үндеген ақылдылығы екенін білдім.


Діни деректерде

Қыдыр атаның асқан білімді екені келтірілген. Оған Мұса пайғамбардың басынан өткен мына әңгімені мысал етуге болады.

...Бір күні Мұса пайғамбар Бәни Исраил қауымына уағыз айтып тұрғанда, одан: «Адамдардың ең білімдісі кім?» - деп сұрған екен. Сонда пайғамбар «Мен» деп жауап беріпті. «Аллаһ біледі» деп айтпағандығы үшін, Аллаһ тағала Мұса пайғамбарды айыптап, «Екі теңіздің қосылған жерінде бір пендем бар, ол сенен білімдірақ» деген уахи жіберіпті. Сонда Мұса: «О Раббым! Оны қалай табамын?» – дейді. Оған: «Балық салып алуын, балықты қай жерде жоғалтсаң, оны сол жерден табатынын», жеткізіпті. Сонымен Мұса пайғамбар жанына қызметкерін ертіп жолға шығыпты. Олар екі теңіздің қосылған жеріне жеткенге дейін тоқтамай сапар шеккен деседі. Межелі жерге жеткенде өздерімен бірге алған қуырылған балықты жеп алуды ұйғарады. Сонда балық тіріліп кетіп, теңізге ыршып түседі. Мұса пайғамбар іздегенін тауып, Қыдырды кездестіреді. Ғұламалардың көпшілігі бұл кісіні пайғамбар болған дейді.

«Мұса оған: «Саған үйретілген даналықтан маған да үйретуің үшін саған ерейін бе?» - деді. Ол: «Расында сен менімен бірге (жүруге) шыдай алмайсың. Ішкі сырын толық білмейтін нәрсеге қалай сабыр ете аласың?» - деді (kk.wikipedia).

Алған бетінен қайтпаған Мұса ілім үйрену үшін Қыдыр атаға ешбір істе қарсылық танытпауға, артық сұрақ қоймауға уәде беріп, ілеседі. Олар ұзақ сапарлары кезінде талай жағдайларға куә болады. Бірақ Мұса пайғамбар берген уәдесін бұзып, жасаған ісінің себебін сұрап, білімпаздың ашуына тиеді. Жолында кездескен үшінші жағдайдан кейін-ақ, екеуінің жолы екіге айырылысады. Бұдан Қыдырдың өте сабырлы, білімді әрі жұмбақ жан екенін аңғаруға болады.


Кемеңгерлік, даналық, білімділік, сабырлылық, сұлулық пен жақсылық бір басына үйіп-төгілген Қыдыр атадан ізгілікті, мейірімділікті, жанашырлықты үйренетініміз анық.


Ендеше, несібені молайтатын, құт дарытып, бақыт сыйлайтын, береке мен бірлікке шақыратын Қыдыр ата әрбір шаңырақтың төрінен табылсын!


Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ.


Оқи отырыңыз:


Наурыз мерекесінде СІЗ дәріптейтін ЕКІ дәстүр



Сіз «КӨРІСУ» мерекесін ҚАЛАЙ тойлайсыз?