Соңында некелерін қиып, «пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) 3 рет салауат айтыңыз» делінеді.
фото: jasqazaq.kz
Байқасаңыздар, неке қиылатын кезде жас жұбайлармен бірге олардың некесін растайтын куәгерлер имамның айтқандарына ұйып, уағыз-насихатын тыңдайды. Имам Алланың бұйрығымен екі жасты шариғатқа сай некелеп, бастарын қосады. Сонда ерлі-зайыптыларға қатысты түрлі міндеттер мен құқықтар да айтылады. Соңында некелерін қиып, «пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) 3 рет салауат айтыңыз» делінеді.
Пайғамбардың аты аталған жерде «салла Аллаһу алейһи уәс-сәләм» деп салауат айтып жүретіндер үшін бұл қиындық тудыра қоймайды. Ал енді ғана естіп отырғандарға тілін келтіру шамалы қиындау. Сонда да имамның айтқанымен қайталап, айтуға тырысып жатады.
Бірақ не үшін салауат айтылу керектігін сұрау ешкімнің ойына да келмейді. Осы жақында ғана ауылдағы құрбым ұзатылып, тұрмысқа шықты. Оның бақытты күндерінің куәсі болып, жанында қатарынан 3 күн жүрдім. Екінші күні беташардан соң үйіне молда келіп некелерін қиды. Мен куәгерлердің қатарында отырдым. Бір кезде екі жақса қарап, "Лә илаhа иллаллаh, Мухаммад расулуллаһ» ("Алладан басқа сыйынуға лайықты құдай жоқ, Мұхаммад Оның елшісі") деді. Екі жастан соң куәлік етіп отырған біздер де солай қайталадық. Соңында әңгімесін аяқтаған имамнан бар батылымды жинап, мұның себебін сұрадым. Сонда ол кісі сұрағымның өте орынды екенін, барша мұсылман қауымның білуі тиіс дүние екенін айтып, әңгімесін бастады.
— Салауат айту Адам атадан келген салт. Адам атаны жаратқан соң ұлық Алла оны пейішке кіргізеді. Адам жәннәтта жалғыз жүрмесін деп Алла оның сол жақ бұғана сүйегінен Хауа ананы жаратады. Ояу болса бұғанасы ауырып, жанына батар, қиналғаннан Хауаны жек көріп кетер. Ал қалың ұйқыда жатқанда жаратсам, Хауаның қайдан жаралғанын білмей, жек көріп суып кетер деп әдейі Адамның ұйқылы-ояу кезінде жаратады. Адам оянған соң аппақ нұрдан жаралған, жаулық жамылған сұлу әйелді көріп оған көңілі ауады. Сосын Алладан бұның кім екенін сұрайды.
— Бұл сенің жұбың. Мен оны сенің тәніңнен жараттым, - дейді Алла. Адам ата бұл әйелді өзінің жақсы көріп қалғанын айтып, оған үйленуге Алладан рұқсат сұрайды.
— Үйленуге болады. Бірақ әуелі қалың малын төле, - дейді Алла.
— Иә, Алла, мен оған қалың малын қалай төлеймін? Мендегі бар мүлік өзіңдікі. Тіпті үстімдегі киімді де сен бердің емес пе? - дейді Адам ата. Сонда Алла тағала:
— Ақырдың соңында шығатын сүйікті пайғамбарым, өзіңнің ұрпағың Мұхаммед пайғамбарға он рет салауат айт! - депті де, салауат айтуды үйретіпті. Адам ата он рет салауат айтып, қалың малын өтейді. Сөйтіп, Хауа анаға үйленген екен, деп әңгімесін аяқтады.
Міне, осыдан соң салауат айтудың Адам Атадан жалғасқан дәстүр екенін білдік.
Ләззат АХМЕТОВА,