Өлтірі – қазақ халқының дәстүрі. «Өлтірі» өлі, тірі деген екі сөздің қосарлануынан шыққан. Ол «өлі-тірі» деп те аталады. Бұл дәстүр жоралғысы екі жас үйленерде жасалады. Қыз бен жігіттің ата-аналары құда болуға келіскеннен соң, қалыңдық жақ құдалықтың бекігенін ағайын-туысқа, көрші-қолаңға жария ету үшін «өлтірі» өткізеді.

"Өлтірі". Атауы айтып тұрғандай, бұл тірілердің бақыты, амандығы, өмірі үшін өлілердің ризашылығын, ақ батасын алу дегенге келеді. «Өлі мен тірі арасында адалмыз, құдай қосқан құдалығымыз ақиқат» деген ұлттық ұлағатты ұғымды білдіреді.
Халқымыздың «өлтірі» дәстүрі бойынша күйеу жақ қыздың ата-анасына бір кәделі мал жібереді. Бұрындары жылқы жіберетін болса, бүгінде қой беріліп жүр. «Өлтірі» ғұрпы бойынша жігіт жақтан жіберілген мал сойылып, өлілерге Құран бағышталады. Егер жол алыс болса, тiрi апару мүмкiндiгi болмаса, жігіт жақ Құран оқып сойып, малдың етiн апарады. Кейде «өлтіріге атаған малдың ақшасы» деп қалың малға қосып береді.
«Өлтіріге» арналған малмен қоса бір салым шай, бір салым тұз, киім, білезік, сырға секілді заттар да берілетін жоралғысы бар. Ертеректе мұндай заттарды қыздың әке-шешесі маңайындағы тұрмысы нашар отбасыға таратып, «Құдалардың өлі-тіріге арнағаны, әруақтарға Құран бағыштап пайдаланыздар» деп апарып берген. Оны алған адам мiндеттi түрде ата-баба әруақтарына арнап Құран оқып пайдаланады. «Өлтiрiнi» бермесе ата-баба әруағы назаланады, келiн аурушаң болады, шаруашылық шалқымайды деп ырымдайды қазақ.
Жалпы, бұл салттың тәрбиелік мәні отау құрған жастарды ата-баба әруағын ардақтап, ата жолын қастерлеуге үйрету. Ата-ана, жақын туысты тек тірі кезінде емес, өлгеннен соң қадірлеуге тәрбиелейтін дәстүр. Тіріні сыйлауды, өліні құрметтеуді дәріптейтін тәрбие.