«САТЫП АЛУ» салтымен СӘБИ СҮЮГЕ бола ма?

0
10 681

«Сатып алу» салты қай кезде жасалады?


«САТЫП АЛУ» салтымен СӘБИ СҮЮГЕ бола ма?

фото: aqmeshit-zhastary.kz

Бір ауылды мекен еткен 40 үйдің 40 түрлі ұстанатын ырымдары, дәстүрлері мен жоралғылары бар. Кеше ғана көршіміз Бибі апай бесік той жасап, туыс-туғандарының, құда-жекжаттың, ағайын-көршінің басын қосты. Түсте басталған той түннің бір уағына дейін жалғасып жатты. Бәрі де көтеріңкі көңіл-күймен кішкентай нәрестеге ақ еділ тілектерін жаудырып, ақ батасын берді.


Бесік тойда жасалатын дәстүрлердің бәрі рет-ретімен орындалды. Бибі апай немересін көпшілікке көрсетіп, көрімдігін алды. Әулеттің үлкен апа-әжелері жаңа бесікті жабдығымен жасап, сәбиді бөледі. Жан-жақтағы қаумалаған халық құтты болсын айтып мәре-сәре болысты.

фото: everything.kz

...«1 бөлмелі үйің құтты болсын», «Бесік баласы бек баласы», «Бесікке байланған баланың белі бекем болады» деп жанымыздағы үлкендер Бибі апайға бесіктің пайдасын айтып жарысты. Бұл әңгіменің бір ұшы Жанар келінге де тиесілі екенін ескерткендер де болды.


Бір кезде бесік әкелген құдалар жақтан жеңгесі шықты да, жиендерін бесікке бөлеген екі апаға сый тапсырды. Сөйтіп сәби бөленген бесікті көтеріп алып, «Мына баланы сатамын, кім алады? Алатын адам болмаса өзіммен бірге әкетемін» деп айқайлай жөнелді. Мұндайды бірінші рет көргендер тосырқап қалды. Ал бұл жоралғыны білетіндер «Атасы қайда? Атасы сатып алады. Өз баласын бөгдеге бермейді» деп жарысты. Сөйткенше болған жоқ ортаға Лұқпан аға шығып, қалтасынан ақшасын шығарып, әлгі "сатушы" жеңге құдағиға берді де, бесікті көтеріп үйге кіріп кетті. Мұнда отырғандар бір-біріне құтты болсын деп, дастарқанға қайта жайғастық. Ас желініп, тілек айтылып болған соң, қызылордалық Әнипа апай жаңағы жоралғының мәнісін сұрады.

«Жаңа бала бөленген бесікті сатып алу сіздерде ғана жасалатын жоралғы ма?! Шынымды айтсам бірінші рет көріп тұрмын. Менің түсінігім бойынша, құдалар жақ әкелген бесікке көрімдік алып тұр ғой. Солай ма?» деп жанындағыларға қарады.


Әнипа апайдың сұрағына үлкен құдағи жауап берді.


– Иә, бізде осындай жоралғы бар. Мұны Сарыағаш, Қазығұрт, Мақтарал секілді ауданның бесік тойынан жиі көруге болады. Мен де Атырауға қыз бергенмін. Мұндай ырым жасау тұрмақ, бесік те апарған жоқпын. Бәріміз бір туған қазақ болғанымызбен ұстанатын дәстүрлеріміз әр алуан. Сізді таңдандырған жоралғы «Сатып алу» деп аталады. Бесікке бөленген баласын атасы сатып алып, сатқан адамға құрмет ретінде ақшалай сый ұсынады. Бесіктегі баланы сатуды келіннің жеңгесі жасайды. Сосын ол өз жағына барып құда берген ақшаға абысын-ажындарымен шәй ішеді. Бұл да бір сыйластықтың, жақындықтың белгісі. Бірақ бесіктегі балаға арнайы құн қоймайды. Шамасына қарай, жомарттығына қарай құда қалтасын қағады» деді.


Мұны естіген Әнипа апай:

фото: everything.surf

«Дұрыс айтасыз. Қазақта «Сатып алу» салты бар. Бірақ оның орындалатын мақсаты мүлде бөлек. Негізінде бұл жоралғы құрсаққа біткенімен, ұзақ өмір сүрмеген нәрестелерге жасалынады. Яғни, бала туа салысымен шетіней берсе, баланы «сатып алу» ырымын жасайды. Ырымды жасаудың да өз әдісі бар.


Баяғының әжелері баланы түкірту үшін молда-тәуіп іздемейтін еді ғой. Дәретін алып, дұға-сүрелерін оқып, нан басып, мазасызданған баланы әп-сәтте-ақ емдеп шығушы еді. Сол секілді баланы түкіріп, ұшықтап отыратын елге сыйлы әжелері қайғы жұтып отырған отбасыға келіп: «Менің жоғалтқан балам осында ма? Сендер ұрладыңдар ма? Өзіме қайтарыңдар» деген секілді сөздерді айтып, ата-анасының қарсылығына қарамастан баланы алып кететін. Есіктен шықпай тұрып-ақ сәбидің әкесі баласын сатып алып, әжені риза қылатын. Ал баланы меншіктеген әже «сатылып» жатқан баланы керегенің астынан беріп, оған Жаратушыдан ұзақ ғұмыр тілейтін. Бұл ырым кейде құрсақ көтермеген келіншектерге де жасалып жатады. Алланың қалауымен, олардың да арасында сәби сүйгендерін кездестіргем» деді Әнипа апай.

Иә, бір ауданда тұрып екі түрлі ұғымда өмір сүретін көршілердің әңгімесі шынында да қызық әрі ой түйерлік екен. Ал шын мәнінде «Сатып алу» салты қандай мақсатта жасалынады. Нақтысын білетіндер болса, пікір қалдыруға болады. Ұмытылып бара жатқан салт пен жоралғыны қайта жандандырсақ, ұлттық дәстүрімізді дәріптеуге қосқан титтей болса да үлесіміз болары анық.


Асыл Арман,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


Теріс БАТА алғандар қалай КЕШІРІЛЕДІ?


«ЖЫЛУ ЖИНАУ» дәстүрі ҚАЗАҚТЫҢ бірлігін көрсетеді