​«ЖОҚТАУ АЙТУ» дәстүрі қайғыдан ЕМДЕЙДІ

0
10 777

Жоқтау айту дәстүрі бізге не үшін қажет?


​«ЖОҚТАУ АЙТУ» дәстүрі қайғыдан ЕМДЕЙДІ

Бүгінгі күнде ұмыт қалып бара жатқан қазақтың салт-дәстүрлерінің бірі - «жоқтау айту». Бұл дәстүрдің қазақты күйік пен сезімсіздіктен қорғап келе жатқан өнегелі дәстүр екендігін есімізден шығарып та алған сияқтымыз.

Өйткені, қазалы үйде дауыс салып, жоқтау айтып жатқан жандарды да сирек кездестіретін болдық.

Мұның да өзіндік себептері бар шығар, қазақтың салтын дінмен астаспайды деп шектеу қоятын дін өкілдерінің де әсері бар болар бәлкім.


Жоқтауға қатысты Пайғамбарымыздың: «Біреу қайтыс болғанда бетін ұрғылап, тырнап, үстіндегі киімін жыртып және надандарша айқайлап жылаған адам бізден емес» деген хадисі бар. Осы хадисті негізге ала отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Пәтуалар жинағында»: «Әбу Ханифа мазхабында қайтыс болған кісіні жоқтап, өкіріп жылау - харам, қатты дауыс көтермей жылауға болады» деген пәтуа берілген.


Сондықтан, ата-бабамыздың ұстанған салты біртіндеп көмескіленіп те барады. Бұл жерде «өкіріп жылау», «бетін ұрғылап, тырнап, үстіндегі киімін жыртып және надандарша айқайлап жылау» деген ұғымдардың барлығы ең алдымен тағдырға көндікпеу, Жаратқанның жазмышына нала болу, наразылық таныту ниетінен туындайды. Бірақ «жоқтау айту», «дауыс салу» деген өкіріп жылау емес, бірсарынды мақаммен әндете, сонымен қоса өмірден қайтқан адамның жақсы қасиеттерін тізіп қоштасуы. Ал қазақтың дәстүрлі жоқтауына назар салсақ, оның мұндай агрессиялық көңіл-күйден ада екеніне көз жеткізуге болады. Әрине, ет жақын адамның қазасына күйінбеу мүмкін емес, «Сөйлемей пенде шыдамас, қайғы отына ашынған» деп Абай айтпақшы, жоқтауда күйікті, шерлі сөздердің айтылмауы да мүмкін емес. Бірақ қазақтың естірту, жоқтау, көңіл айтудан тұратын дәстүрлі мұң-шер өлеңдері сол қайғыны жеңілдету, оны наза мен налаға ұластырмау мақсатында шығарылған. Сол мақсатын ақтай білгені үшін де кешегі қазақ қоғамында жоқтау дәстүрі кең таралды.


Қазақ өте дана, кемеңгер халық болғандығын, осындай ешбір елде жоқ дәстүрлерімен, ғұрыптарымен ажыратуға болады.

Өйткені, адам жанын емдейтін, адам жанына үңілетін қазіргі кезде психология саласы дейміз ғой, бұл біздің халқымызда ежелден болған.

Қазақтың әрбір әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін алып қарайтын болсақ, әрбірі тұнып тұрған психология.

Мысалы, «сыңсу» дәстүрін немесе «жоқтауды» алып қарайтын болсақ, екеуі де қимасымен қоштасу, іштегі сағыныш, күйініш, қайғы барлығын да сыртқа шығару. Сол арқылы жан мен тәнге ауыртпалық түсірмеу.


Әрине, сыңсу ол ұзатылып кетіп бара жатқан қыздың елімен, ауыл-аймақ, ағайы-туыс, бауырымен, ата-анасымен қоштасуы. Тірілермен қоштасу. Бұрында қыз бала жатжұрттық болып кеткеннен кейін сол барған еліне тастай батып, судай сіңуі үшін кемінде бір жылға дейін төркіндеп келмейтін болған. Балалы болып, сәбиін қолына ұстап, жолдасын жанына ертіп төркіндеп келетін болса, ерекше сыйлы болады. Сағынышын, мауқын басып, одан кейін барыс-келіс жиілей береді.

Ал, жоқтаудың орны бөлек. Жоқтау айту үлкен қайғы. Қайғы адамның ішіне түсіп, адам өз-өзін жоғалтып алмау үшін айтылатын «жыр» болған. Іштегі запыранды көз жасы арқылы төгу.


Адам өмірдегі жақынын жоғалтқан кезде сөзсіз қайғырады. Ал іштегі қайғы-мұңды өлең шумақтары арқылы сыртқа шығарып, шер тарқатумен адамның қайғысы жеңілдейді. Соның бәрі қазаның қайғысын өз жүрегінен өткізген адамның мұң-зары, шер тарқатуы ретінде еріксіз туындаған жырлары. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» дегенде де Абай «жоқтау айтудың» ғибратты мәнін табуға болатынын ұғындырады. Жоқтау тек шер шығару үшін ғана емес, өлім үстінде тіріге ой тастап, өнегелі өмір сүруге жетелеу үшін де жазылған. Қайғысын жырмен жеңілдететін ақындық қабілет әркімге бұйырмағандықтан жоқтауды ақындардың арнайы шығарып беруі де қазақы дәстүрде бұрыннан бар.

Жоқтау салтын ғылыми негізде алғаш боп зерттеген Шоқан Уәлиханов жоқтау жырын «Табыт басындағы зар» деп атап, жазбасында көшпелі өмір сүрген қазақ салтындағы азаматы қаза тапқан қаралы ауыл дүниеден өткен адамның жасына қарай ту тіккенін айтады.

Егер өлім жас болса қызыл түсті жалау, егер орта жастағы азамат өтсе, қара түсті, ал қарт адам қаза болса, ақ түсті аза жалауын үйдің түңлігіне ілген деген деректер де бар.

иллюстрациялық суреттер: ашық дереккөзден

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


«ТАНА ТАҒУ» баланың өзіне деген СЕНІМін арттыратын ДӘСТҮР