ҚР Диетологтар қауымдастығының мүшесі Әсел ДӘУЖАНОВА осындай мәзірлердің көмегімен өзі де бірнеше келі салмақ тастаған.
Арықтауды қалайтындардың көбі тәтті пирогтар мен торттардың орнын немен алмастыратынын білмейді. Себебі мұндай тәттілердің калориясы тым көп болары сөзсіз. Бірақ та құнары дене-бітімге әсер етпейтіндей мәзірмен дайындауға да болады екен. Егерде семіздікке сеп болмайтын торт пісіргіңіз келсе, диетолог Әсел Мұратқызы @aselmuratkyzy_ ұсынған мына мәзірлерді пайдалансаңыз болады.
*(ДТ - дұрыс тамақтану)
Сүзбе мен геркулестен дайындалған торт
Қажетті заттар:
- 1 дана жұмыртқа
- 30 гр. геркулес жармасы
- 100 гр. табиғи йогурт немесе жұмсақ сүзбе
- Қамыр қопсытқыш
- Ванилин
- Шым-шым даршын ұнтағы
- 2 ас қасық қанталмастырғыш
- 1 дана алма
Дайындалу тәсілі:
- Гуркулес жармасын ұнтақтау үшін бізге кофеұнтақтағыш немесе блендер керек болады. Геркулесті суға салып, жұмсатып қоюға да болады. Бірақ мұндай бұқтырудан кейін геркулес тіске білінбейтін болады. Сосын ұнтақталған немесе жұмсартылған геркулеске сүзбені немесе 1 ас қасық йогуртты қосып, жақсылап араластырамыз. Жұмыртқаны да көпіршітіп, оны да қосып жібереміз.
- Енді осы араласпаға қанталмастырғышты, ванилин мен қамыр қопсытқышты қосамыз. Барлығын жақсылап араластырып, біркелкі қалыпқа келтіреміз.
- Алманы ірі үккіштен өткізіп, геркулес араласпасына саламыз.
- Табаны қыздырып, зәйтүн майын жағамыз да, араласпаны құямыз. Біркелкі етіп жайып, табаның қақпағын жабамыз. 4-6 минут өткеннен кейін екінші бетін аударып, қызартып пісіріп аламыз. Піскен коржды суытып қойып, сосын 4 бөлікке бөлу керек.
- Енді кремін дайындайық. Ол үшін йогурт немесе сүзбеге қанталмастырғышты қосып, ванилин салып жақсылап араластырамыз.
- Дайын кремді әрбір коржға жапы, бір-бірінің үстіне қоямыз. Тортымызды әсемдеу үшін бетіне даршынды себелеп, алма тіліктерін қоюға болады. Осыдан соң тортты тоңазытқышқа бірнеше сағат бойы салып қою керек.
- Аталмыш тортты тек алмамен ғана емес, басқа да жемістерді қосып дайындасаңыз болады. Мысалы, алмұрт, шабдалы, өрік, құлпынай, қара өріктерді пайдалансаңыз да өте дәмді торт шығады. Кептірілген жемістерді пайдалансаңыз да болады. Даршынның дәмін ұнатпасаңыз, оның орнына какаоны пайдалансаңыз, торттан шоколадтың дәмі шығып тұрады.
Құлпынай қосылған (ДТ) торт
Қажетті заттар:
- 250 гр. құлпынай
- 350 гр. жұмсақ творог
- 3 шай қасық желатин
- 10 гр. қанталмастырғыш
- 6 гр. ванилин
- 60 мл су
- Бисквит үшін:
- 4 дана жұмыртқа
- 80 мл айран
- 50 гр. күріш ұны
- 50 гр. жүгері ұны
- 1 шай қасық ас содасы
- 10 гр. қанталмастырғыш.
Дайындалу тәсілі:
- Жұмыртқалардың ағы мен сарысын бөліп аламыз. Сосын екеуін екі бөлек көпіршіту керек. Айранға ас содасын салып, 10 минуттай араластырыңыз. Сосын осы айранды көпіршіген сары уызға құямыз. Кейіннен қанталмастырғышты, ұнды салып, жақсылап араластырасыз. Сосын ақ уызды қосып, барлығын араластыру керек.
- Қамырды екіге бөліп, кезек-кезек пісіріп аласыз.
- 150 гр. құлпынайды шанышқымен езіп, 1 шай қасық желатин қсоып, жақсылап араластырыңыз. Желатиннің көтерілгенін күтіп, сосын отқа қойып, біркелкі болғанша қыздырасыз.
- Сүзбені қанталмастырғыш, ванилин қосып араластырыңыз. Желатинді суға жібіту керек. 2 шай қасық желатинді 60 гр. су құйып, 10 минутқа қалдырасыз. Содан соң желатинді отқа қойып, толықтай ерітесіз. Сосын сүзбелі кремге қосыңыз. Барлығын жақсылап араластырыңыз.
- Тортты жинайтын формаға пленка салып, сосын коржды саласыз. Оның бетіне кремді жағып, құлпынай езбесін құйыңыз. Сосын тортты тоңазытқышқа салып, 15-20 минут ұстайсыз. Кейіннен торттың бетіне екінші коржды қойып, крем мен құлпынай езбесін салыңыз да тоңазытқышқа қойыңыз. 15-20 минутта торт дайын болады.
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Мына 4 амалды орындасаңыз, диета ұстау қиын болмайды