Тәттілерді жей жүріп те арықтауға болады. Бірақ...
Диетологтар көбіне емдәм кезінде тәтті жемеуге кеңес береді. Алайда тәттісіз шай іше алмайтындар үшін бұл өте қиын жағдай. Сол себепті де бүгін біз салмақты сақтап қалуға көмектесетін әрі денсаулыққа пайдалы тәттілерді ұсынатын боламыз. Бұл тәттілерді жесеңіз семірмейсіз.
Бал
Тұмауратқанда көмектесетін ең күшті дәріміз де бұл – бал. Бал көптеген аурулардың алдын алып, асқазан-ішек жолдарының жұмысын жақсартады. Сонымен қатар, тағамның жақсы сіңуіне көмектеседі. Тәбетті қалыпқа келтіреді. Балдың құрамында В тобындағы дәрумендер мен фолий қышқылы, натрий, калий және Е дәрумені бар. Алайда, семірмеу үшін балдан күніне 2 ас қасық жеу керек екенін ұмытпау керек. Егер балды дәл осындай мөлшерден асырмайтын болсаң, онда салмағыңыздың артпайтыны анық.
Кептірілген жемістер
Қара өрік пен сары өрік, мейіз секілді жемістердің кептірілген түрі өте тәтті болады. Оларды біз тамақтану арасында тіскебасар ретінде жейміз. Болмаса шайға қосып жеуге де болады.
Кептірілген жемістерде миға пайдалы нәрлі заттар өте көп. Оның үстіне кептірілген жемістер құнарлы болғандықтан да қарынның ашуын тез басатын қасиетке ие. Дәрумендермен қатар, калий, магний, натрий секілді жүрек пен қан тамырларына қажетті заттарды ала аламыз. 100 грамм кептірілген жемісте – 300 калория бар екен. Сол себепті де бір күнде сымбатын сақтағысы келетін нәзікжандыларға тек 30 грамм кептірілген жеміс жеуге кеңес береміз. Осы мөлшердің өзі тәбетті басуға, тәттіге құмарлықты тыюға жететінін мамандар дәлелдеген. Егер тәттіге құмартып тұрсаңыз, кептірілген жемістер үстеліңіздің үстінен табылатын болсын.
Мармелад
Мармеладта ішек жолына пайдалы пектин бар. Пектин ағзадағы зиянды заттарды шығарып, холестерин деңгейін түсіреді.
Шетел ғалымдары тіпті, пектин қатерлі ісіктің дамуын тоқтататынын зерттеген болатын. Бірақ та мармеладтың барлық түрінде пектин болады деп айта алмаймыз. Оны қара өрік, алма, сары өрік жемістерінен жасалған мармеладтан іздеңіз. Ал, мармеладтың күндік мөлшері – 30 гр.
Зефир
Зефирдің тәтті өнімге жататынын білесіздер. Оның құрамында да пектин бар екен. Зефирді үй жағдайында өзіңіз-ақ жасай аласыз. Қол жетімді әрі тәттіге деген құмарлықты басуға көмектесетін зефирді жесеңіз де салмағыңызға салмақ қоспайсыз.
Шоколад
Шоколад болғанда да кәдімгі сүтті шоколадты жей алмайсыз. Егер семіргіңіз келмесе әрі тәттіден бас тарта алмайтын болсаңыз, қара ащы шоколадты жеуге ғана рұқсат етіледі. Дегенмен, мұндай шоколадты екінің бірі ұнатады деп айту қиын. Қара ащы шоколад қан қысымын қалыпқа келтіріп, жүрек пен қан тамырларының жұмысын нығайтады.
Күніне 30 грамм қара шоколад жесеңіз фигураңызға ешбір зияны тимейді.
Дұрыс тамақтануды ұстанып, пайдалы тағамдар жеуді көздесеңіз, жоғарыда айтылған тәттілердің кез келгенін мөлшерінен асырмай жей аласыз. Тек бір ескертетін жайт – аталған 5 түрлі тәттілердің түске дейінгі уақытта жеген дұрыс. Кешке дейін тәттілер ағзаға сіңіп кетеді. Сол себепті де еш ойланбастан өзіңізге ұнайтын тәттімен асықпай отырып шай ішемін десеңіз, мархабат!
Дайындаған: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,
Тағы да оқыңыз:
Май салынған кофе ішсеңіз арықтайсыз!
Арықтауға көмектесетін нанды өзіңіз-ақ пісіре аласыз!
КАРАНТИН кезінде ДИЕТА ЕМЕС, дұрыс ТАМАҚТАНУДЫ қолға алыңыз!