20 жасқа жасаруға болады

0
8 017

Біздің бетіміз 57 түрлі бұлшықеттерден тұрады. Сол бұлшықеттер күн өткен сайын өз қалпын жоғалтып, қартая береді. Міне, осы бұлшықеттерді шынықтыру арқылы қартаюдың алғашқы белгілерін жоюға болады. Бет күтіміне арналған бұл жаттығулармен тек әйелдер ғана емес, кез келген жастағы ер-азаматтар да айналыса алады.


20 жасқа жасаруға болады

фото: hworlduniquer.ru

Фейсбилдинг - «face» – бұл бет және «building» - құрылыс деген сөздерден құралған. Яғни, фейсбилдинг – өз бетімізді өзіміз жасаймыз, жаттығулар арқылы сау әрі жас теріні қалыптастырамыз дегенді білдіреді.

Фейсбилдингті ботокстың бәсекелесі деуге болады. Себебі шынында да, бет күтіміне арналған жаттығуларды жасағаннан кейін, сізге ешқандай ботоксқа барудың қажеті болмай қалады дейді мамандар. Дұрыс жасалған жаттығу қажетті жеріне әсер етіп, сіздің бет-әлпетіңізді әлдеқайда жасартуға қауқарлы екен. Сол себепті де бізбен бірге фейсбилдинг жаттығуларын жасап үйреніңіздер!

Біздің бетіміз 57 түрлі бұлшықеттерден тұрады. Сол бұлшықеттер күн өткен сайын өз қалпын жоғалтып, қартая береді. Міне, осы бұлшықеттерді шынықтыру арқылы қартаюдың алғашқы белгілерін жоюға болады. Бет күтіміне арналған бұл жаттығулармен тек әйелдер ғана емес, кез келген жастағы ер-азаматтар да айналыса алады. Фейсбилдингтің көмегімен бетіңіздің өзіңізге ұнамайтын жерлерін оп-оңай түзетуге, өзгертуге және маңдайды шығыңқы етуге, сонымен бірге екінші иекті кетіруге мүмкіндігіңіз бар.

Фейсбилдингдің 4 пайдасы

  • Беттегі бұлшықеттердің тонусын көтереді.
  • Сондай-ақ, терінің түсі де өзгереді.
  • Жастықты сақтап қалуға көмектеседі.
  • Жаттығу кезінде қан айналымы жақсарып, теріге жағымды әсер етеді.

Егер сіз фейсбилдинг жаттығуларын күнделікті орындайтын болсаңыз, екі аптадан кейін-ақ нәтижесін байқайсыз. Ал, бірнеше айдан соң сіздің бет-жүзіңіз 5-10 жасқа жасарады. Міне, фейсбилдингтің пайдасы осындай! Ендеше жаттығуды бастайық!

1-жаттығу

Алдымен бетті қыздырып, жаттығуға дайындап алу керек. Ол үшін алақанды бір-біріне ысқылап, қыздырып, маңдайға басады. Содан соң ыстық алақанды бетке, иекке қоясыз. Бетті қыздырып алғаннан кейін алақанмен бетті шапалақтайсыз. Кез келген жаттығуды бастамас бұрын денені қыздырады. Сол секілді фейсбилдингте де дәл солай.

2-жаттығу

Маңдайға арнайы жаттығу жасалады. Алақаныңызды маңдайыңызға қойып, басып ұстайсыз. Осы уақытта қасты жоғары-төмен қозғалтасыз. Артынша алақанды маңдайдан алмай, саусақтармен қасты қысу арқылы, кеңсірікке дейін жақындатыңыз. Әрбір жаттығу 10 рет қайталануы тиіс.

3-жаттығу

Көз бен ауызды барынша ашыңыз. Астыңғы ерінді төмен қарай созасыз. Жаттығуды 15-20 рет қайталауға болады. Бұл жаттығудан соң басты 5-10 рет айналдыру керек.

4-жаттығу

Көзге алдымен разминка жасап алайық. Ол үшін көзді жыпылықтатасыз. Сосын көзді қатты ашып, сол қалыпта 20 секунд тұрып қалыңыз. Кейіннен көзді тез ашып-жұмып жаттығу жасайсыз. 15-20 рет қайталаған соң, қабақты саусақтармен жоғарыға көтерген дұрыс. Сол қалыпта 10 секундтай тұрып, жаттығуды бас-аяғы 8-10 рет қайталайсыз.

5-жаттығу

Сұқ саусақтармен көздің екі шетінен басып, жоғары қарай көтереміз. Көзді қайта түсіріп, жаттығу жасаймыз. Осы уақытта саусағыңыз терінің қаншалықты қимылдап жатқанын сезінеді.

6-жаттығу

Ұртымызға ауаны толтырамыз. Сол ауаны екі ұртқа кезек-кезек «лақтырамыз». Жаттығу 10 рет қайталануы тиіс. Енді ұртымызға ауаны қайта толтырып, үрлеу арқылы оны шығарамыз. Бұл жаттығу да 10 рет жасалады. Ауаны шығарған уақытта алдымен жоғарғы ерін, содан соң астыңғы ерінмен үрлеп шығаруыңыз керек.

7-жаттығу

Енді жаттығуды ерінге жасаймыз. Ол үшін екі қолды еріннің екі жағына қойып, басып ұстау керек. Кейінен ерінді екі жаққа қарай тартасыз. Бастапқы қалыпқа келіп, жаттығуды 10 рет қайталайсыз. Жаттығу арасында қолды ерін тұсынан алмаған дұрыс.

8-жаттығу

Екінші иекті кетіру үшін басыңызды тік ұстап, ауызды ашасыз. Осы қалыппен астыңғы жақты айналдырасыз. Алдымен оңға қарай, артынша солға қарай айналдырып жаттығу жасайсыз. Бірақ басты түзу ұстауды ұмытпаңыз. Келесі жаттығуда тілді шығарып, иегіңізге жеткізуге тырысыңыз. Осындай әрекетті 10 рет қайталауыңыз керек. Сонда ғана иектің кетуіне ықпал етеді.

9-жаттығу

Жұдырықты түйіп, иектің астына қоясыз. Ауызды қатты ашыңыз. Осы уақытта жұдырықпен иекті жоғары қарай барынша көтересіз. Жаттығу 10 рет қайталанады.

Иекті жоғары қарай көтеріп, жымиясыз. Осы кезде қолмен иектің терісін төмен қарай тартасыз. Екінші иектің жойылуына осы жаттығулар жақсы көмектеседі.

10-жаттығу

Астыңғы ерінді барынша екі жаққа қарай созамыз. Сол кезде тістеріңіз көрініп, мойын бұлшықеттері тартылуы тиіс. Ерінді бастапқы қалыпқа әкеліп, жаттығуды 10 рет қайталайсыз.


Фейсбилдинг жаттығуларымен 25 жастан бастап айналысу ұсынылады. Себебі 25-тен кейін бетте алғашқы әжімдер пайда бола бастайды. Жаттығуды бастамас бұрын, беттегі барлық макияжды тазалап, шашты жинап алған дұрыс.

Дайындаған – Қ.Өмірзаққызы

ERNUR.KZ