Үлкендерге арналған жаттығулар секілді балалар фитнесі де спорттың жекеше бір түрі болып саналады.
фото: st4.depositphotos.com
Балаңыз таяуда ғана аяғын тәй-тәйлап басты. Енді сізді баланың денесін шынықтыру үшін оны қайда апарамын деген ой мазалай бастайды. Баланы фитнес-клубтарға алып баруға бола ма? Бала қандай жаттығуды орындағаны дұрыс? Ата-аналарды мазалайтын осындай сұрақтарды тізбектей отырып, кеңінен тарқатып айтатамыз.
Балалар жаттығуларының режимі
фото: gomommy.in
Үлкендерге арналған жаттығулар секілді балалар фитнесі де спорттың жекеше бір түрі болып саналады. Көп жағдайда балалар фитнесіндегі топтарда 10-15 шақты бала болады. Бұл жаттықтырушы үшін әр балаға жеке-жеке бағыт беру мақсатында және әрбір жаттығудың ойын үлгісінде өтуіне ыңғайлы. Фитнеске іріктелетін балалардың жасы – 3-5, 6-8, 9-11, 12-14 жас ерекшелігіне сәйкес топталады.
Балалар фитнесінің спорттық үйірмелерден басты айырмашылығы – оларға олимпиадалық жетістіктерді бағындыру қажет емес. Балалардың физикалық дайындығы, салмағы мен бойы да есепке алынбайды. Дегенмен бала денсаулығына байналысты анықтаманың болуы шарт. Өйткені балаларға емдік дене шынықтыру өткізіледі. Мысалы, балада сколиоз болған жағдайда арнайы дипломы бар ЛФК жаттықтырушысы жеке айналысады.
Сабақтардың апталық кестесі және ұзақтығы баланың жасына байланысты қойылады. Өсіп келе жатқан ағзаға күш салуға болмайтындығы ескеріледі.
- 3-5 жастағы балалар үшін аптасына 2 рет 30 минуттан;
- 6-8 жастағы балаларға аптасына 2 рет 40 минуттан;
- 9-11 жастағы балалар үшін аптасына 2-3 рет 45 минуттан;
- 12-14 жастағы балалар үшін аптасына 2-3 рет 1 сағаттан.
Әрбір жаттығуда эстфеталар мен қозғалысы көп ойындарға көңіл бөлінеді. Ал ең кішкентай балаларға барлық жаттығулар ойын түрінде өткізіледі. Жарыстар өткізуге ден қойылмайды, «кім мықты, кім жаман» деген пікірлер мүлдем айтылмайды.
Балаларға арналған фитнестің артықшылығы мен пайдасы
Балалар фитнесі тек денсаулыққа ғана пайдалы емес. Ол:
- өз қатарластарымен жақсы қарым-қатынас орнатады;
- жеке және топтық арақашықтықты ажырата алады;
- «артық» энергияны жұмсай алады;
- қимыл-тірек аппаратының дамуы қарқынды болады;
- иммунды жүйенің мықты болуы, вестибуляторлық аппарат, жүрек, тамырларды нығайтуға жағдай жасалады;
- маңызды қозғалыс дағдыларын игере алады;
- денені басқарып үйренеді;
- өзіне таныс емес қимылдарды тез үйренеді;
- ағзаның жылдамдық реакциясын, иілгіштігін жақсартады;
- музыкалық тактілерге түсе отырып ритмді қалыптастыруға көмектеседі;
- зат алмасу процесін жақсартып, дене салмағын қалыпты етеді;
- арқаның қисаюының, майтабанның алдын алады;
- болашақта белсенді өмір салтын ұстанудың негізін қалайды.
Одан бөлек фитнеспен айналысу арқылы баланың бойында жігер пайда болады. Баланың іс-әрекетін, мінез-құлқын бақылай отырып, жаттықтырушы оған қандай спорт түрінің сай келетінін, болашақта қандай спортпен айналысуға болатыны жөнінде бағыт бере алады.
Балалар фитнесінің түрлері
фото: aquadoctorspb.ruЕң кішкентай балаларға (3-5 жас аралығы) арналған фитнесте ойыннан бөлек қарапайым гимнастикалық жаттығулар жасатылады. Одан бөлек би, йоганың ең қарапайым асаны да бар. Мысалы: қайың, балық, кеме, құрбақа, керілу (шпагат), қарлығаш.
Егер фитнес-клубтың жанында саябақтар болса, жаттығуларды залдан бөлек таза ауада өткізуге де мүмкіндік қарастырылады.
Фитнес сабақтарының негізгі бөлігі 6 жастан асқан балаларға арналған топтарда тар бағытта болады. Мысал ретінде танымал болып келе жатқан, «аналар үшін сәнді» және балаларға қызықты әрі пайдалы бағыттарды алайық:
1. Fitball-kids – үлкен үрлемелі және кәдімгі орта, кіші өлшемдегі доптармен жасалатын жаттығу. Тұрақты түрде айналысу арқаның түзу болуына ықпал етеді. Арқа мен іштегі бұлшықеттің мығым болуына жақсы әсері бар.
2. Nia-children’s – әртүрлі би бағыттарының элементтерін, йога асаналарын және шығыстық сауықтыру гимнастикасы мен жекпе-жек техникасын біріктірген фитнес түрі. Қозғалыстарды үйлестіруді және жалпы төзімділікті дамытуға мүмкіндік беретін тамаша техника.
3. Bosu-kids – арнайы жарты шарларда, жылжымалы платформаларда, роликтерде, аэро-саты платформаларында жасалатын жаттығулар. Аяқтың бұлшықеттерін, байламдарын және сіңірлерін, вестибулярлық аппаратты тегіс және бірте-бірте нығайтады.
4. Body ballet – классикалық хореография, заманауи және шығыс биі, көркем гимнастика элементтері, йога позаларының динамикалық орындалуы, созылу және Пилатес жаттығуларының жиынтығы. Ол барлық балаларға би әлеміне қосылуға, пластиканы дамытуға, жалпы физикалық өнімділік пен созылуды арттыруға және өзін мықты сезінуге мүмкіндік береді.
5. Children aerial yoga – мықты ілмектерде орындалатын жаттығу. «Гамактағы би» барлық бұлшықет топтарын, икемділікті, созылуды және ептілікті үйлесімді түрде дамытады. Балалар өз денесін басқаруды ғана емес, сонымен қатар позициялардың өзгеруіне тез жауап беруді үйренеді. Осындай ләззат алу үшін балаңызды сабаққа және қаланың арғы шетіне де апаруға болады.
6. TRX-kids – ілмектері бар арнайы аспалы жаттықтырғышпен жаттығу. Бұлшықет күшін нығайтады және қозғалыстарға икемділікті жақсартады. Стандартты емес тірек нүктелерімен әдеттен тыс дене қимылдарын орындауға үйретеді.
Бүгінгі таңда барлық қалаларда батуттары бар ойын-сауық залдары бар. Егер демалыс күні онда барғаннан кейін балаңыз секірумен «ауырып» қалса, оны jumping-fitness-ке жазыңыз. Бұл тобық пен тізеге, вестибулярлық аппаратқа өте пайдалы. Секіру жаттығулары вестибулярлық аппаратты жақсартып және баладағы кеңістікте бағдарлауды, қозғалыстардың координациясын және ептілігін тамаша дамытады. Сонымен қатар, барлық бұлшықеттерді жақсы пішінде ұстайды және артық салмақты жояды.
Балаңызды жүзуге және сүңгуге үйрету өте маңызды. Мұндай топтағы сабақтар балаға өте қызықты. Өйткені жүзуді үйренуден басқа, сабақтың негізгі бөлігі судағы би мен гимнастикадан тұрады. Сонымен қатар, су ортасында жаттығу - денені шынықтырудың ең жақсы тәсілі, ал арнайы тыныс алу жаттығулары - өкпе, тамақ, мұрын және құлақ ауруларының тамаша алдын-алу болып табылады.
Егер балаға фитнес ұнамаса, себебін анықтаңыз. Тікелей емес, кездейсоқ әрекет етіңіз. Мүмкін, мұны істегісі келмеуі фитнес түріне байланысты емес, жаттықтырушымен қарым-қатынастың жоқтығынан немесе балалардың біреуімен келіспеушілікте жүруімен байланысты болуы мүмкін. Ондай жағдайда басқа клубта жаттығуды ұсыныңыз немесе басқа фитнес түрін табыңыз.
Дереккөз: fitunion.pro
Н.НАЛТАЙ,
Тағы оқыңыз:
ЕКПІНДЕП жүру ЖҮРЕК ауруынан САҚТАЙДЫ