​Қосулы НОУТБУКТЫ қайда қоюға БОЛМАЙДЫ?

0
4 628

Осы ережелерді сақтасаңыз, денсаулық та, құрылғы да сақталады.


​Қосулы НОУТБУКТЫ қайда қоюға БОЛМАЙДЫ?

Ноутбук – кеңінен қолданылатын гаджеттердің бірі. Алайда, қолдану мен сақтық шаралары қалта телефонына қарағанда күрделірек. Дұрыс ұстанбаса, не құрылғыға, не өзіңізге қауіп төндіруі мүмкін жағдайлар бар. Мәселен, тоқ көзіне жалғанған, іске қосулы тұрған ноутбукты кез келген жерге қоя салуға болмайды.


Ноутбукпен жұмыс істейтін үстел үстіне шаң қонған болса, оны сүртіп барып іске кіріскен дұрыс. Шаң-тозаң үстіне құрылғыны қояр болсаңыз, желдету жүйесі қуыстарынан ішіне кіреді. Нәтижесінде, гаджеттің жұмыс сапасын нашарлатып, қызмет ету мерзімін қысқартатыны түсінікті.


Электр кернеуі жиналып тұруы мүмкін орындарға жақын жерде ноутбукты қосып, қолданбаңыз. Тіпті, өшірулі тұрғанның өзінде ондай орындарға жақындатудың қажеті жоқ. Бұл ережені сақтамасаңыз, біраз жүйкеңіз бен жаңа техникаға қаражатыңызды шығындауыңыз мүмкін.


Арнайы жұмыс үстелі болмаған жағдайда, саябақта, т.с.с. ноутбукты қоятын орын таппай қалғанда тізеге қойып алатынымыз жасырын емес. Көпшілігіміз сөйтеміз. Білместіктен екені анық. Оның адам ағзасына, денсаулыққа айтарлықтай зияны бар екенін білсек, олай жасамас па едік?

Ноутбукты диван, жастықша, жамылғы сияқты жұмсақ жерлерге де қоюға болмайды. Мұндай жағдайда жұмыс істеген ноутбуктың желдеткіш жүйесінің саңылаулары бітеліп қалады. Құрылғы қатты қызып кету жағдайынан өзін-өзі сақтандыру үшін желдету жүйесі жұмысының қарқынын барынша арттырады. Қалыптыдан тыс гуілдеген дыбыс, бағдарламалық жүйе жұмысының баяулауы осыдан туындайды.

Алайда, желдету жүйесі жұмысын қандай қарқынмен атқарса да, ауа кіріп-шығатын саңылау бітелгендіктен, ол ноутбукты қызып кетуден сақтай алмайды. Ал мұның салдары аккумуляторға зиянын тигізе отырып, техниканың ерте бұзылуы болатыны түсінікті.


Кейде үстел, төсек үстінде тұрған ноутбукка тікелей күн сәулесі түсіп қалады. Бұл да қауіпті жайт. Егер құрылғыңыз тікелей түскен күн сәулесінің астында қалып қойса, байқаған сәтте-ақ орнын ауыстырыңыз. Тоқ көзінен ажыратып, қосулы болса, өшіріп, көлеңке жерде салқындатуға тырысыңыз. Сондай-ақ, аптап ыстықты жаз мезгілінде де күн көзінде отырып қолданудан аулақ болыңыз.


Ғылым мен өнеркәсіп жетістіктері – заманауи гаджеттердің адамзатқа орасан пайдасын тигізіп жатқаны белгілі. Алайда, дұрыс қолданбай, қауіпсіздік ережелерін орнымен сақтамаса, зияны да болатынын естен шығармаңыз.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Әлеуметтік желіге мұндай СУРЕТТЕРДІ САЛМАҢЫЗ