Телефонның Сіз білмейтін пайдалары

0
8 819

Ұялы телефон тек қана байланыс құралы емес. Себебі, заманауи смартфондардың біз білмейтін мүмкіндіктері өте көп.


Телефонның Сіз білмейтін пайдалары

Қалта телефоны қазіргі таңда өміріміздің бір бөлшегіне, айрылсақ түңілетін серігімізге, ұйқы алдында бір қарап барып ұйықтайтын жақынымызға және ақпараттың, керек-жарақтың көптеген түрімен қамтамасыз ететін қамқоршымызға айналып кеткені рас. Бұл «досымыз» арқылы алыс-жақын жерлерге хат жіберіп, хабар алып тұру - ең басты игілігіміз.

Бүгін осынау «досымыздың» басқа да қырларын ашып айтпақпыз.


Телефоннан шам жасау



Дәл қазіргі заманда жарықтың сөніп қалуы өте сирек кездесетін жағдай. Алайда, қызық үшін немесе қажеттілік жағдайында ұялы телефоныңыздан жарық шашатын шам жасай аласыз. Ол үшін сізге су толтырылған ыдыс қажет. Ол пластикалық бөтелкенің ішіне су толтырып, астынан ұялы телефонның қосымша жарығын (вспышка) жақсаңыз, айналаға жарық беріп тұратын шамға айналады. Бұны біліп, қолдану қызық әрі пайдалы болары сөзсіз.


Судағы түсірілім

Біз су астында түсірілген бейнелерді, фильмдерді қызыға тамашалайтынымыз рас. Сондай-ақ, қазіргі дамыған технологияның арқасында мұндай түсірілімді телефон арқылы өзіңіз де түсіре аласыз. Ол үшін «zip lock» бекітпесі бар арнайы пакет пен скотч қана керек. Бұл заттарды ыңғайлы бағада сатып алып, қолдануға болады.


Телефондағы микроскоп

Сіздің смартфоныңыздың камера объективіне бір тамшы суды тамызудың өзі «ұялыны» микроскопқа айналдыру үшін жеткілікті. Себебі, су тамшысы ұлғайтқыш линзаның қызметін атақара алады екен. Кез келген өрмекші немесе жәндіктердің үлкейтілген түсірілімін осылайша іске асыра аласыз. Айта кетейік, сіз түсірген суреттер кәсіби фотографтың еңбегінен кем бола қоймайды.


Телефон арқылы ұйқыны реттеу


Енді таңда ұйқы уақытын бірқалыпты ұстап, өзіңізді жақсы, сергек сезіну үшін арнайы фитнес-білезік сатып алудың керегі жоқ. Өйткені, қазіргі ұялы телефондардың басым бөлігінде ұйқы режимі мен уақытын анықтап көрсететін арнайы қосымшалары бар. Сонымен қатар, ұялы телефоныңызға «ақылды оятқыш» немесе ұйқыға арналған басқа қосымшаларды жүктеп алу арқылы ұйқыңызды бақылауда ұстай аласыз. Бұл денсаулыққа да өте пайдалы.


Селфиге қол көмегінсіз түсу

Қазір селфиді қолдың көмегінсіз-ақ түсіруге болады. Ол үшін қарапайым құлаққапты телефонға қосып, камераны ыңғайлап қойып аласыз. Содан кейін, құлаққаптың дыбыс көтеріп-түсіргішін басу арқылы қалағаныңызша селфиге түсе аласыз. Сондай-ақ, кейбір телефондардың камерасында алақанды ашып-жұму арқылы суретке түсіретін функциялар да бар.


Міне, осындай қызықты, қажетті ақпараттар бар. Бірақ, ұялы телефонның мүмкіндіктері осылармен шектелмейді. Себебі, технология дамыған сайын жаңа мүмкіндіктер ашылу үстінде.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы

ERNUR.KZ