Бірінші сыныпта үш тілді қатар үйренемін деп «басы қатып» жүрген балалар енді жаңа жылдан кейін компьютер сауаттылығы бойынша білім алмақ.
ERNUR.KZ. Бұл қаншалықты қажет? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде журналистер Білім және ғылым министрлігі өкілдеріне осындай сауал қойды. Сауалға вице-министр Шолпан Каринова жауап берді, деп жазады inbusiness.kz.
«Мемлекет мекемелерінде мемлекет стандарттары орындалуға тиіс. Тілдерді оқытуда коммуникативтік принцип басшылыққа алынған. Екінші, үшінші тілдер балалардың жас ерекшеліктеріне сай әзірленген бағдарламамен жүзеге асады. Сондықтан оны «ауыртпашылық» деп айтуға болмайды. Бала есейгенде емес, жас кезінде тез машықтанып кететіні белгілі. Ал цифрлық сауаттылық пәні «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында енгізіледі. Ол педогогикалық қауымдастық пен ІТ мамандар талқылауынан өтіп барып, қабылдауға алынған. Содан кейін ғана оқу бағдарламасы дайындалған», - деді Каринова.
Оның сөзіне сүйенсек, 1-сынып оқушылары цифрлық сауаттылық пәнін тек екінші жартыжылдықта оқиды. Жыл соңына дейін 17 сағат көлемінде ойын технологияларын ғана үйренеді.
«Бүгінгі кішкентай балалар гаджет, смартфондарды еркін қолданады. Біз тек бағытталған білім беруді көздейміз. Пән оқушыларға қиыншылық туғызбайды», - деді вице-министр.