1 маусымнан бастап Түркия аумағына кіру ережелері өзгерді

0
601

Түркияда карантин шаралары жеңілдетілді.


1 маусымнан бастап Түркия аумағына кіру ережелері өзгерді

ERNUR.KZ. 2021 жылдың 1 маусымынан бастап, Түркия Республикасы аумағына кіру ережелері өзгерді, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұған дейін хабарланғандай, Ауғанстан, Бангладеш, Бразилия, Оңтүстік Африка Республикасы, Үндістан, Непал, Пәкістан және Шри-Ланкадан келген немесе соңғы 14 күнде осы елдерде болған жолаушылар соңғы 72 сағат ішінде жасалған ПТР тесттің теріс нәтижесін ұсынуы қажет. Аталған елдерден келген жолаушылар 14 күн карантинге алынады. Карантиннің соңында ПТР тест нәтижесі теріс болса, карантин шарасы тоқтатылады.

Сосын Ұлыбритания, Иран, Египет және Сингапурдан келетін жолаушылардан соңғы 72 сағат ішінде жасалған ПТР тестінің теріс нәтижесі талап етіледі.

«Алғашқы екі тармақта көрсетілмеген елдерден, соның ішінде Қазақстаннан келген жолаушылардан тиісті мемлекеттің ресми органдары тарапынан рәсімделген төмендегі құжаттардың бірі ұсынылған жағдайда, ПТР тесттің теріс нәтижесі талап етілмейді: Түркияға келгенше кем дегенде 14 күн бұрын вакцина алғаны туралы ресми құжат және соңғы 6 айда коронавируспен ауырғаны және жазылғаны жайлы құжат», - деп түсіндірді консулдық.

Аталған құжаттар болмаған жағдайда, төмендегілердің біреуі ұсынылуы керек:

Түркияға кірерден бұрын соңғы 72 сағат ішінде жасалған ПТР тесттің теріс нәтижесi;

Түркияға кірерден бұрын соңғы 48 сағат ішінде жасалған жедел антигенді анықтау тестінің нәтижелері.

«Екінші тармақта көрсетілген елдерден келетін жолаушылардан басқа, Түркияға келетін тұлғалардан ПТР тестін әуежайда немесе бақылау-өткізу пункттерінде өту талап етілуі мүмкін. Бұл жағдайда талдау үшін сынамалар алынғаннан кейін жолаушыларға діттеген бағытына (үйге, қонақ үйге, тұрғылықты жерге) баруға рұқсат беріледі. Тесттің нәтижесі оң болса, жолаушылардың тиісті емдеуден өтуі қажет болады», - дейді Консулдық.

Еске сала кетек, Түркияда карантин шаралары жеңілдетілді. Ел Президенті Режеп Тайып Ердоған 1 маусымнан бастап елдегі комендант сағаты қысқарғанын жариялады. Дәмханалар мен мейрамханалар келушілерді қабылдай бастады.